Германияда кіндік қаны тамып, Ұлыбританияда бойжеткен неміс қызы Сабина Мастерс бұрын Ресейде, Брунея мен Сирияда тұрған. Төрт жылдан бері Атырауды мекен етеді. Мұнайлы өңірге күйеуінің жұмыс бабымен көшіп келген.
Өзінің мамандығы – дәрігер. Қазір қала аумағында велосипедпен қатынап жүр. Жергілікті студенттерге ағылшын тілін тегін үйретеді. Шетелдік әйел Қазақстанға келісімен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, мәдениетін зерттеуге ден қойыпты. Жергілікті театр мен филармонияда өтетін мәдени іс-шараға жиі барады.
«Қазақтың ұлттық аспабы домбырадан төгілген күйдің сазы ерекше әсер етті. Содан кейін домбыра шертуді үйренуге бел будым. Алайда домбыра үйрену оңай болмады. Мұның бір ғана себебі бар. Қиындық тілге қатысты туындады. Өйткені домбыра сыныбының мұғалімі Ерлан Сақтанов ағылшынша, ал мен қазақша білмедім. Бірақ біз бір-біріміздің тілімізді жетік білмесек те, байланысымызды үзбедік. Қазақ жігіті шыдамды екен. Төрт жылдан бері маған домбырамен күй шертуді үйретіп келеді. Коронавирус инфекциясы өршіген тұста онлайн дәріс берді», деп ағынан жарылды шетелдік.
Ол домбыраны жанындай жақсы көреді. Домбыра сабағына күнінен төрт сағатын бөледі. Үш домбыра сатып алған. Домбыраның екеуі Англиядағы үйінде сақтаулы.
Қазір ол қазақтың бірнеше композиторының күйін орындауды меңгеріп алған. Әсіресе күй өнерінің атасы Құрманғазы, Дәулеткерей мен Дина, Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияров секілді қазақ күйшілерінің 50-ге жуық күйін нақышына келтіре орындайды. Екі рет күй сайысына қатысып, арнайы жүлдеге ие болды.
«Домбыраның қос ішегінен күмбірлей шыққан күйдің құдіретіне таңғаламын. Маған, әсіресе, «Адай», «Балбырауын», «Қос алқа», «Мереке», «Қызыл қайың», «Ақсақ киік» күйлері ұнайды. Ал Құрманғазының күйлері – тұнып тұрған тарих. Оның шығармаларында әділетсіздікке қарсы күрескен қазақтың арман-мақсаты бар. Сол себептен Құрманғазы туралы диссертациялық жұмысымды қоға алып, қорғайтын болармын. Ол үшін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінен қазақ тілін меңгеруді жоспарлап жүрмін. Қазақ ауылдарын аралап, Құрманғазының мұрасын толық зерттегім келеді», деп алдағы жоспарымен бөлісті ол.
Шетелдік қазақтың өнерін ғана емес, ұлттық тағамын да ұнатады. Үйінде ет асады. Шұбат пен қазыны жиі тұтынады.
«Қазақтың жомарт әрі мәрт мінезі ұнайды. Қиналған жанға қол ұшын созатын мейірбандығы, етене таныс болмаса да, қонақжайлылық танытатын қарапайымдылығы таңғалдырды. Қазір қазақ достарым көбейді. Олармен жиі кездесіп, бір-бірімізді қолдап жүреміз», дейді домбыраға «ғашық» С.Мастерс.
Оның жұбайы виолончельде, үш қызы гитарада, альт пен фортепианода ойнайды. Барлығы музыка мектебін бітірген. Ұлы ғана музыкаға ден қойған.
Атырау облысы