• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Музей 08 Наурыз, 2024

Музей ісінің майталманы

173 рет
көрсетілді

Ол – музей ісіне жан-жүрегімен берілген маман. Экскурсия кезінде Қазақстанды әйел бейнесі арқылы танытуға тырысады. Себебі біздің кейіпкер ұлттың мінезі, тарихы және руханияты нәзік жандылардың жана­рын­да анық көрінеді деп санайды. Бір кездері ол АҚШ-тың бірінші ханымы және мемлекет қайраткері Хиллари Клинтонды, Екінші дүниежүзілік соғыс­та қолданылған қарудың авторы Михаил Калашниковты қазақ мәдениеті­мен таныстырған. Ұлт мәдениетіне өлшеусіз қызмет атқарып жүрген бұл қайраткер әйел – ардагер экскурсовод, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова.

Бақыт Камалқызы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық му­зе­йінде ұзақ жыл қызмет етті. Онда қазақ әйеліне байланысты көптеген экспонат ел назарына ұсынылған. «Ежелгі дәуірден бері қазақ әйелінің мойны­на көптеген маңызды міндеттер артыл­ған. Әйтсе де, тұрмыстық деңгейден бастап, мемлекеттік дәрежедегі әйел адамның рөлі айрықша болған. Біз­дің халық ешқашан қыз баласын төмен түсірмеген. Құрметтеп төрін берген. Қыз-келіншектер саяси істерге де еркін араласа алған. Бұл туралы қазақтардың өмірін зерттеген еуропа этнографтары біраз дерек қалдырған», – дейді ол.

1997 жылы Алматы қаласына Американың бірінші ханымы Хиллари Клинтон қонақ болады. Бақыт Ора­зымбетованың айтуынша, оған қазақ халқының қыз баласын тәрбиелеудегі ерекшеліктері қызықтырған. «Осы жауапты кездесудің алдында мен АҚШ елшілігінің қызметкерлерінен бірінші ханымның өмірбаянымен таныстыруды сұрадым. Көптеген маңызды деректің ішінен мен Клинтон ханымның өзін «мәңгілік шәкірт» деп санайтынын білдім. Бұл оның жаңа білімді қабылдауға әрқашан дайын екенін білдірді.  Бұл – экскурсовод ретінде маған ерекше жауапкершілік жүкте­ді», – дейді маман. Экскурсиядан кейін көп ұзамай музей баспасөзіне АҚШ елшілігінен хат келді. Онда Клинтон ханым Бақыт Оразымбетова бастаған музей ұжымының жоғары кәсібилігіне, қазақ мәдениеті туралы терең әңгіме­лері үшін алғыс білдірген көрінеді.

Бақыт Камалқызының дәрісін тың­дауға келген мәртебелі қонақтардың ішінде Ресей Федерациясының батыры Михаил Калашников та болды. «Мен әдетте техникалық мамандықтағы талантты адамдарың мейірімді және әдепті екенін бұрыннан байқайтын едім. Михаил Тимофеевич менің осы бақылауыма сәйкес келді. Ол соғысқа дейінгі жылдары өзі өмір сүрген Алматы облысындағы Матай ауылына арнайы келіпті. Айтпақшы, ол дәл сол жерде өзінің автоматының ал­ғашқы сызбаларын жасаған болатын. Музейге келгенде М.Калашников Қазақстан туралы жылы естеліктерін айтты. Түркілердің алтын бесігі – Алтайдың тумасы болғандықтан, ол көшпелі өркениет­тің тарихына өте қатты қызығушылық танытты», – дейді. Айтуынша, ол қазақ мәдениеті мен тұрмыс заттарына тәнті болыпты.  Қазақ ауылындағы балалық шағын еске алып, қазақ әйелдерінің мықтылығына айрықша тоқталған.

Бақыт Оразымбетова экскурсия кезінде ақпаратты жалаң беріп қоймайды. Ол Абайдың, Мұхтар Әуезовтың сонымен қатар, әлем әдебиетінің ірі өкілдері – Толстой, Ремарк, Флобердің қанатты сөздерін, ғибратты тәлімін тіліне тиек етіп отырады. Осылайша, білікті маман музей қонақтарын тарихтың жаңа кеңістігіне көтеріп, қазақ мәдениетін асқан сүйіспеншілікпен таныстырады.