Атырауда футболдан қыздар командасы жоқ. Бірақ «RealSportAcademy» ұлдар командасының қақпасын қорғайтын қақпашы қыз бар. Аты-жөні – Дильназ Барсаева. Иә, бұл –қалжың емес, рас.
Өзінің айтуына қарағанда, бес жасынан футболға қызыға бастаған. Ұлдармен бірге доп қуалаған. Ал төрт жыл бұрын «RealSportAcademy» футбол клубының құрамына алынған.
«Әркімнің қызығушылығы болады. Менің аңсарым футболға ауды. Мақсатым – бұқаралық спортты, оның ішінде футболдың қыздарға жат емесін насихаттау. Әрине, жетістікке жетуді көздедім. Бұл ойыма әкем-шешем қолдау білдірді», дейді Дильназ Барсаева.
Ол қақпашы болудың оңай емесін біледі. Өйткені команданың жеңісі қақпашының әбжілдігімен, шеберлігімен байланысты ғой. Сол себептен, қақпаны қорғаудың қыр-сырын үйренумен келеді.
«Жаттығу кезінде допты ұстау техникасына мән беремін. Тіпті қақпаға тебілген доптың траекториясын білу керек. Құлауды үйреніп алдым. Ең бастысы, жылдамдық пен қырағылық танытуда қателеспеген жөн», дейді қақпашы қыз.
«RealSportAcademy» футбол клубының жетекшісі Берік Мұраталыұлының айтуынша, Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен 2021 жылы жеке клубтардың республикалық лигасы құрылған. Клубтың қақпашысы Дильназ Барсаева былтыр аталған лигада үздік қақпашы атанған.
«Футбол клубының Instagram парақшасына «Қыздарды қабылдайсыздар ма?» деген пікір жазылды. Оны Дильназ деген қыз жазыпты. Алғашында таңданғаным рас, кейін клубқа шақырдым. Әкесімен бірге келіп, қақпашы болғысы келетінін айтты. Пысық екен, каратэден біраз жетістігі бар. Ол – шапшаң қимылдайтын, қайсарлығы басым қыз. Алдағы жылы шетелде өтетін жарысқа жіберуді жоспарлап отырмыз», дейді Берік Мұраталыұлы.
Қазір қақпашы қыз Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқып жүр. Химия мен информатика пәндерін ұнатады. Бірақ болашағын футболмен байланыстыруды көздейді.
«Әр спорттың талабы бар ғой. Ұлдар ойнайтын командада ұдайы болуға мүмкіндік жоқ. Сол себептен, қыздар командасына ауысқым келеді. Шеберлігімді жетілдіріп, еліміздің, бәлкім, Еуропаның клубтарында ойнайтын шығармын. Бұл – менің арманым», дейді ол.
Атырау облысы