• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2010

ҚЫСЫЛҒАНДА ҚОЛҰШЫН БЕРГЕН, АҒАЙЫН,

782 рет
көрсетілді

МЫҢ АЛҒЫС САҒАН,– ДЕЙДІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ САЙРАНБЕК БАРМАҚОВ Биылғы ұзаққа созылған қатты қысты, боран-шашынның толассыз созылуы салдарынан күре жолдың апталап жабылып қалуын тіпті көнекөз қариялардың өзі жүз жылда бір қайталанатын күрделі құбылыс деп еске алады. Ол аз болғандай күннің күрт жылынуынан Алтайдың бірнеше ауылдарында тасқын су болып, үйлерді қиратып, елу мыңға тарта мал қырылды. Ал жолдардың жағдайы тіпті ауыр. Бұл жайлы Автомобиль жолдары комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры Сайранбек Бармақовтан айтып беруін өтінген едік. – Сайранбек Солтанбекұлы, ең алдымен қаһарлы қыс жайлы айтып өтсеңіз. Алтайдың алты айға созылатын қысы биыл тіпті жеті айға ұзарып кеткені белгілі. Бұл жалпы облыс халқына сабақ болды. Одан кейін көктемгі су тасқыны кезеңінің өтуі, оған әзірліктің қалай болғаны жайлы айтып берсеңіз? – Иә, мұндай толассыз жауған қар, қа­һар­лы қыс кейінгі 40-50 жыл ішінде Абай, Үр­жар, Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті, Зырян және тағы басқа аудандарында болмаған оқиға. Өткен жылдың желтоқсанынан бастап жау­ған қар, ұйтқып соққан боран жиі-жиі қай­таланып тұрды. Қыс бойы біздің диспет­­черлік қызметтің мәліметі бойынша, қаңтар­дан бастап төрт айдың ішінде 68 күн қарлы-бо­ранды, ал 17 күн қақаған қатты аязды бол­ды. Ең соңғы қарлы боран сәуірдің 14-і күні Көкпекті, Тарбағатай және Зайсан аудан­­­­дарында қайталай соғып, жол қозғалысының уақытша тежелуіне әкеліп соқты. Ылғалға толы ауыр қар тазалау техникалары үшін де көптеген ауыртпалықтар жүктеді. Бұрынғы жылдар қар көшкіні “Өскемен – Зырян” автожолының 61-66 шақыры­мында қаңтардың аяғы мен ақпан айларында жүретін болса, биылғы қыста 2009 жылғы желтоқсанның ортасынан бастап наурыздың 20-на дейін 12 рет тосыннан қар көшкіні түсу оқиғалары болды және 3 рет алдын алу үшін әдейілеп көшкін түсірілді. Жолдарды қысқы қалыпта ұстау үшін “Қа­зақавтожол” РМК Шығыс Қазақстан об­лыстық филиалында 122 бірлік техника жөн­деліп, дайындалды. Қалың қар мен бо­ранда 70-80 бірлік техника күнделікті жұмыс істеді. Биылғы жыл қыстың өте қатал болуы­нан қар тазалағыш техника жетіспеді, сол себепті көмекке басқа облыстардан барлығы – 47 бірлік қар тазалағыш техника шақы­рылды. Оның ішінде Ақмола облысынан – 15 бірлік, Алматы облысынан – 2 бірлік, Павлодар облысынан – 10 бірлік, Қарағанды облысынан – 11 бірлік, Солтүстік Қазақстан облысынан – 1 бірлік және Оңтүстік Қазақ­станнан – 5 бірлік техника келді. Сонымен қатар, өз облысымыздың ұжым­да­ры­нан – 38 бірлік, Аягөз әскери гарнизонынан – 4 бірлік техника көмекке жетті. Қолдағы бар және көмекке келген техникалар тәулігіне 12-14 сағат қолданыста болды, кей кездерде механизаторларды ауыстырып тәулік бойы жұмыс толассыз ұйымдастырылды. Жолдарды қарлы боран алмау үшін басқа да қосымша шаралар қолданылды. Қар алатын жол бойына 5350 қума метр қар ұстағыш қашалар қо­йылды және 81730 қума метр қар орлары жасалды. Ұдайынан 4-6 күнге созылған боранда елді мекендердің арасында көлік қозғалысы тоқтап қалды, қалай болғанда көлік қарым-қатынасын тоқтатпау үшін механикалан­ды­рыл­ған бригадалар ұйымдастырылып, көлік­терді бір елді мекеннен екінші елді мекенге алып барып отырдық. “Алматы – Өскемен”, “Омбы – Майқапшағай”, тағы басқа жол­дарда осындай жағдайлар жиі болып тұрды. Қатты аяздарда және түк көрінбейтін борандарда көліктердің жолда қалу оқиғалары жиіледі. Қыстай боранды күндері қар құрсауынан құтқарылған техни­калардың жалпы саны мөлшермен 6530 бол­са, соның ішінде 377 жолаушылар отырған автобустар, 761 жүк тасушы автокөлік пен 5392 жеңіл мәшине болды. Мұндай жағдай жолшылардың жауап­кершіліктерін арттыра түсті. Жолда тұрып қалу жағ­дайы әсіресе “Алматы – Өскемен” авто­жолында ерекше орын алды. Қар құрсауынан 2869 техника құтқарылса, соның ішінде 180 автобус жолау­шыларымен қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Сонымен қатар наурыздың 17 күнінен бастап, Тарбағатай ауданында қатты су тас­қы­нының салдарынан Көкжыра, Жантікей ауылдарын су шайғаннан соң облысымыздың жан-жағынан гуманитарлық көмектер келе бастады. Қатты соққан боран сол жүктерді аталған ауылдарға жеткізуге көп кедергілер жасады, сол себепті гуманитарлық көліктерді және басқа да автокөліктерді колоннаға тізіп Өскеменнен, Семейден және Алматы облы­сынан Тарбағатай ауданына су шайған ауыл­дарға дейін, соғып тұрған қарлы боранға қа­ра­мастан, колоннаны күндіз-түні тоқтатпас­тан көздеген елді мекенге жеткізіп отырдық. Мысалы, Семейден 4 мәрте колонна шықса, Өскеменнен 20 рет колонна шықты, соның бәрін бастапқы елді мекеннен шығарып Жантікей, Көкжыра, тағы басқа ауылдарға жеткізілді. Колонналарды шығарып салу жұ­мысына жол пайдалану учаскелері, көмекке келген техникалар аса жауапкершілікпен қарады, тәулік бойы тоқтамастан жұмыс істеді, өйткені жоғары жауапкершілікті бәрі түсінді. Гуманитарлық жүк тиеген авто­мәшинелермен қатар басқа да автокөліктер колоннаның ішінде болды. Жалпы саны 25 рет колонна құрылып, 1372 автокөлік мақ­сатты жерлеріне жеткізілді. Сол техника­ларды шығарып салу жұмысына жол бойы орналасқан ДЭУ-лерден қар тазалауға барлық жол техникалары жұмылдырылды. Сын сәтте ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов келіп, облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаевпен бірге апат аймақтарын аралап шықты. Бұзылған жолдарды жөндеуге мол қаржы бөлгізді. Атап өту керек, ми­нистр­ліктің Автомобиль жолдары комите­тінің төрағасы Замир Сағынов та ұзақ уақыт бойы облыста болып, зардап шеккендерге нақты көмек көрсетті. Жақында ғана елі­міздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов және Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Күтербеков бастаған топ Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында болып, салынып жатқан тұрғын үйлерді көрді. Елбасы Н. Назарбаевтың сәлемін жеткізді, көмектің жалғаса беретінін айтты. Қақаған аязда, сұрапыл боранда жолдар­ды қардан тазалауда, күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп жүрген механизаторлардың еңбегі ересен. Осындай қыста қажырлы еңбегімен көзге түскен жұмысшыларды атап өтуді дұрыс санадық. Солардың ішінде жол саласында көп жылдан бері істеп келе жатқан, қажырлы еңбегімен көзге түскен механизаторлар мен жол мамандары – ЖПУ-24-те еңбек жолын қарапайым жол жұмысшысынан бастаған, қазір бас жол шебері болып жұмыс істейтін Сіләмбек Есполұлын, ЖПУ-25-те көп жыл­дан бері қар лақтырғыш техникасының меха­низаторы Қуаныш Қасымхановты, ЖПУ-26-дан Тұрлыбек Саринді, қалқан орнату учаскесінен Александр Скобликовті, ЖПУ-30-дан Әлімсақ Шобақовты, сондай-ақ К-700 тракторының механизаторы ЖПУ-29-дан Еспол Сіләмбековті және ЖПУ-31-ден байырғы механизатор Виталий Шматовты ерекше атап өту орынды. Енді көктемгі су тасқыны жайлы, облыста қар мөлшерінің жылдағыдан бес-алты есе көп жаууы етек-жеңді жинауға итермелейді. Жылда көктемгі су тасқынынан қорғау үшін “Қа­зақавтожол” РМК Шығыс Қазақстан бөлімінде іс-шаралар жасалып, іске асы­рылды. Бұл шаралар жолдарды, көпір­лер­ді және су өткізгіш құбырларды күйреуден, ақау алудан сақтау үшін жасалады. Осы шара­ларды орындау ретінде 3420 шақырым жол, 254 көпір және 2639 құбыр көктемгі су тасқынына да­йын­далды. Сонымен қатар 15 наурызға дейін 15м3 ағаш мате­риалдары, 500м3 кесек тас, 1400м3 қиыр­шық тас, 40 дана темір-құйматас құбыр буыны және 16000 дана қапшық дайындалды. Жергілікті әр бөлімдерде 14 қауіптік бригада, керекті құрал-саймандармен және техни­калар­мен жаб­дықталды. Тасқын су кезеңінде тәулік бойы кезек­шілік ұйымдастырылды. Үлкен өзендерден өтетін көпірлерде мұз үйіндісі тұрып қалмауын қам­тамасыз ету үшін оларды жарылғыш заттармен ату үшін “Оникс” ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Облысымыздағы республикалық маңызы бар жолдардың бойында 2010 жылғы тасқын су кезеңінде жол үстінен су жүріп, жол жиегін шаю 85 телімде орын алса, көпірлердің алқымын және құбырлардың кіреберіс, шығаберіс бе­кітулерін су шаюы 26 жағдайда орын алған. Жол жиегін су шаюы көп жерлерде тез арада 2-3 күн ішінде қайта қалпына келтіріліп отырылды. Қардың күрт еруі және ұдайынан үш күн жауған жаңбырдың салдарынан Тарбағатай ауданында тасқын су көтерілді. Боғас өзені арнасынан шығып далаға жайылып “Омбы- Майқашағай” халықаралық маңызы бар жолға келіп тірелді. Сол жердегі көпір мен құбыр көп мөлшердегі тасқынды өткізіп үлгермей, су жолдың үстінен көлденең ақты. Осындай жағдай “Зайсан – Қалжыр – Теректі” жолының 57 шақырымында да болды. Елді мекенді су алып кету қауіпі туған кезде жолды көлденең жырып топан суды ағызып жіберуге мәжбүр болдық. Қазір осы жерге айналма жол салынып су жырған жерге қосарланған темір-құйматасты құбыр салу көзделуде. Жалпы алғанда “Омбы-Майқапшағай” жо­лында екі көпірдің жағалауын, бір су құ­бы­ры­ның және елу үш жол телімінде жиекті су шаю орын алса, ал “Қарағанды – Аягөз – Боғас” жолында 2 көпірдің тіреу­лерін су шайып, әртүрлі ақаулар орын алды. Қазіргі кезде осы жол бойындағы екі көпірді жөн­деуге 500 млн. теңге бөлініп, “СК Зайсан” ЖШС жөндеу жұмыс­та­рына кірісіп кетті. Құлаған көпірлерге айналма жол салынды. Иә, биылғы қыс бәрімізге ұмытылмас сабақ болды, олқылықтардың орнын толтыруға мәжбүрледі. – Енді өзіңіздің негізгі жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз? – Шығыс Қазақстан облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жол­дарының ұзындығы 3420 шақырымды құрайды. Облыстағы автомобиль жолдарын тиісті қал­пы­на келтіру үшін 2010 жылы респуб­ликалық бюд­жет­тен 5 млрд. 859 млн. теңге бөлінді, соның ішінде: – автомобиль жолдарын қайта жаңартуға – 2 млрд. 886 млн, күрделі жөндеуге – 1 млрд. 148 млн, орта жөндеуге – 656 млн, ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау және көгалдандыруға – 1 млрд. 169 млн. теңге бөлініп отыр. Ал автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2 млрд. 886 млн. теңге бөлінді. Бұл аз қаржы емес. 2010 жылы “Таскескен-Бақты (ҚХР)” автомобиль жолының 60-100 шақырымын қайта жаңарту жалғасуда. Бас мердігер – “Жел­дорстрой” АҚ. Олар биылғы жұмыс жоспары бойынша 1 млрд. 470 млн. теңгені игеріп, 16 шақырым жолды пайдалануға, жыл­дық қаржыландырудың өзгеруіне байла­ныс­ты нысан құрылысының аяқталу мерзімі 2011 жылға ауыстырылды. 2011 жылдан бастап аталған жолдың ұзын­дығы 40 шақырым болатын, 20-60 ша­қы­рымдарында қайта жаңарту жұмыстарын бастау жоспарлануда. 2010 жылдан бастап “РФ шекарасы (Омбыға)-Майқапшағай (ҚХР шығу) Павлодар, Семей қалалары арқылы” авто­мобиль жолында қайта жаңарту жұмыстары басталады. Семей қаласы мен Қалбатау ауылы арасындағы жалпы ұзындығы 78 шақырымды құрайтын 828-870 және 870-906 шақырымдарындағы жол телімдерін қайта жаңарту қолға алынды. Сонымен қатар, биылғы жылы “Таскес­кен-Бақты (ҚХР)” автомобиль жолының 133-146 шақырымдарында қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның ұзындығы 13 шақырым. Бекітілген сметалық құны – 1 млрд. 653 млн. теңге. Жобаның қорытынды құны және бас мердігері ашық конкурс ар­қылы анықталуда. Жол нысанының құрылыс мерзімі 2010-2011 жылдар. 2010 жылғы құры­лыс жұмыстарына 530 млн. теңге бөлінді. Автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге 1 млрд. 148 млн. теңге бөлінді. 2010 жылы “Өскемен-Семей” автомобиль жолының 66-84 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Бас мердігер – “Гордорстрой” ЖШС. Нысанның толық құны – 1 млрд. 361 млн. теңге. 2009 жылы 291,5 млн. теңге игерілді. Жылдық қаржылан­ды­ру­дың өзгеруіне байланысты нысан құрылы­сы­ның аяқталу мерзімі 2011 жылға ауыстырылды. 2010 жылғы құрылыс жұмыстарына 355,6 млн. теңге бөлінді және 6 шақырым жол телімін тапсыру жоспарлануда. “Өскемен – Зырян – Катон-Қарағай – Үлкен-Нарын – Рахман қайнарлары” автомобиль жолының 46-56 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бас мердігер – “Катон-Қарағай ПДУ” ЖШС. Нысанның толық құны – 1 млрд. 400 млн. теңге. 2009 жылы 340,2 млн. теңге игерілді. 2010 жылғы құрылыс жұмыстарына 792,5 млн. теңге бөлініп, жол телімін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Автомобиль жолын орта жөндеу жұмыс­та­рына 656 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Жұмыстардың нақты құны мен жұмыс жүргізетін мердігерлік ұйым ашық конкурс­тың қорытындысы бойынша тек 4 бағыттағы жолдар бойынша ғана анықталды. “Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Үлкен-Нарын-Рахман қайнарлары”  автомобиль жолының 171-191, 246-251 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 25 шақырым. Мердігер ұйым – “Катон-Қарағай ПДУ” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 122,5 млн. теңге. “РФ шекарасы (Омбыға)-Майқапшағай (ҚХР-ға шығу) Павлодар, Семей қалалары арқылы” автомобиль жолының 1123-1133, 1243-1245, 1258-1272 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 26 шақырым. Мердігер ұйым – “Зайсан құрылыс компаниясы” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 130 млн. теңге. “Өскемен-Семей” автомобиль жолының 48-66 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 18 шақырым. Мердігер ұйым – “Ремдор” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 70,8 млн. теңге. “Алматы-Өскемен” автомобиль жолының 899-943 шақырымдарына, жалпы ұзындығы 44 шақырым, Мердігер ұйым – “Гукас-А фирмасы” ЖШС, құрылыс жұмыстарының құны – 203,4 млн. теңге. “Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас” автомобиль жолының 694-704 шақырымда­­­ры­на (жалпы ұзындығы 10 шақырым) және “Се­мей-Қайнар” автомобиль жолының 28-44 шақырым­дарына (жалпы ұзындығы 16 шақы­рым) мердігер мекемелер қазіргі уақытта анықталуда. Жобаларды жүзеге асырудағы қазақстан­дық өнімдердің үлесі 90%-ды құрайды. Жол-құрылыс ма­те­риалдарын дайындау жалғасуда. Жол ша­руа­шылықтары битум өнімдерін сатып алуға жеткізіп беруші ұйымдармен, соның ішінде Павлодар, Омбы мұнай өңдеу зауыттарымен келісімге отырды. Қазіргі уақытта жол шаруашылық­та­ры­ның қарамағында 23 асфальт-құйматас шыға­ра­тын зауыт бар. Зауыттардың барлығы тех­ни­калық қызметкерлермен толық жабдық­та­лып, жаңа құрылыс маусымына дайын. Біздің облыстағы жобаларды жүзеге асыру үшін арналған қазақстандық материалдар 90 пайыздан артады. Материалдарды дайындау жалғасуда. Жол шаруашылықтары битумды жеткізуге әртүрлі жабдықтаушылармен, соның ішінде, Павлодар, Омбы мұнай өндейтін зауыттармен келісім-шарт жасалды. Жол шаруашылық қарамағында қазіргі уақытта 23 асфальт-құйматас зауыты бар. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен  Оңдасын ЕЛУБАЙ, “Егемен Қазақстан”. ӨСКЕМЕН.