• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 10 Наурыз, 2024

Әріптестік интеграцияға бетбұрыс

673 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірде жоғары білімді маман даярлайтын екі оқу орны бар. Соның бірі – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті. Қазір аталған білім ордасын индустриалды университетке айналдыру, білім, ғылым және әріптестік интеграциясы ұштағанын іске асыру қолға алынды. Бұл туралы университет ректоры Гүлзада ШАКУЛИКОВА әңгімелеп берді.

– Гүлзада Тәңірбергенқызы, бұл жаңа­шылдық маман даярлауда қандай өзгерістерге жол ашады?

– «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы» аясында С.Өте­баев атындағы Атырау мұнай және газ университеті индустриалды уни­верситет болуға қадам бас­ты. Мұның аймақтың жан-жақты да­му болашағының іргетасын қалау­ға септігі мол. Біріншіден, өзін өзі қамтамасыз ететін табыс­ты түлектер шоғыры даярланады. Екіншіден, индустрияны инновациялық тұр­ғыда қолдауға қабілетті ғылым­ға бетбұрыс жасалып отыр. Үшін­ші­ден, университетіміз индустрияны, бизнес пен мемлекеттік органдарды біріктіру жолында диалог алаңы бола алады.

Инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу, сұра­нысқа ие жаңа білім беру бағдар­лама­ларын құрып, зерттеулердің экожүйесін дамыту секілді басқа да жобаларды жүзеге асыру арқылы университетті заман талабы мен еңбек нарығының сұра­нысына сай дамытуды мақсат етіп отырмыз. Ин­дустриалды университет білім беру қызметін әлемдік нарыққа экс­порттап, өңірге кәсіби мамандар­ды шоғырландыру мен зият­керлік капиталды арттыруға жол ашады. Сонымен бірге аймақтың әлеу­мет­тік-эко­номикалық және техно­ло­гиялық дамуына тың серпін береді.

– Осы оқу орнының базасында Үкі­мет қаулысымен И.Губкин атындағы Ре­сей мемлекеттік мұнай және газ универ­ситетінің филилалы ашылды. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Бұл – Мемлекет басшысының инженер­лердің жаңа буынын тәрбиелеу туралы тапсырмасының аясында ашылған жаңа фи­лиал. Қазір студенттер «Мұнай-газ құбыр­лары мен мұнай-газ қой­маларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технология­лары», «Мұ­най мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» маман­дықтарында оқып жүр. Біздің оқу орнымызда аталған филиалдың ашылуы білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді.

– Университетте мұнай-газ саласына қажет мамандар даяр­ланады. Осыған байланысты са­ла­дағы ірі компаниялар маман даяр­лау үшін инвестиция салып отыр ма?

– Әрине, кейінгі үш жылда университетке 20-дан астам компания жалпы сомасы 700 миллион теңгеден асатын құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Бұдан бөлек студенттерге корпоративтік грант беруге 33 компания жалпы сомасы 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөл­ді. Биыл «Ембімұнайгаз» АҚ ком­паниясының қолдауымен оқу-индустриялық полигонның құ­рылысы басталады. Н.Балғым­баев атындағы қор 2021 жылы уни­­верситет балансына заманауи үлгідегі Коммуникацияларды да­мыту орталығын салып берді. «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ, Атырау мұ­най өңдеу зауытының қаржы­лай қолдауымен Н.Нәдіров атын­дағы мұнай-химия инженерия­сы және экология институты ашылды. Бұрнағы жылы М.Асаубаева қорының қолдауымен Студенттер сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп, қазіргі заманғы креативті орталыққа айналды. Орталықта Атыраудағы ең үлкен 700 орындық зал бар.

– Оқу орны мен индустрия арасында тиімді диалог алаңын құру бағытында тағы қандай жұмыстар қолға алынды?

– Біздің университетте жоға­ры оқу ор­нының өндіріспен, технологиялар және бизнеспен интеграциялық рөлін қалып­тастыру, «индустрия-білім-ғылым» қағида­тын іске асыру арқылы білім беру бағдар­ламаларының сапасын арттыру бағытында құрылған индус­триалды комитет бар. Оның мүшелерi – өңірдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындардың топ-менеджменті студенттерге білім берудің басым бағыттары бойынша АтМГУ-ге нұсқаулар мен кеңес беруде маңызды рөл атқарады. Мәселен, былтыр жазда Қазақстанда алғаш рет Summer Industrial School жазғы индустриалды мектебінің жұмысын бастадық. Геология, мұнай-газ ісі, мұнай өңдеу, химия инженериясы және өндірісті автоматтандыру бағытында оқып жатқан студенттер еліміздің түкпір-түкпірінен Атырауға жиналды. Олар үш апта бойы қазақстандық ірі мұнай-газ компанияларының жұмысымен танысты. «Теңізшевройл», Аты­рау мұнай өңдеу зауыты, КРI, «ҚазМұнайГаз» Инжиниринг» және басқа да әріптес компаниялар­да кәсіби курстардан, тренинг, та­ғы­лымдама және тәжірибеден өтті.

Тағы бір атап өтер жайт – біздің университет 2015 жылы елімізде алғаш рет дуалды білім беру жүйе­сін енгізді. Бұл бағ­дарлама бойын­ша дәрістің 60 пайызы компа­ниялардың базасында өтеді. Осы­лайша, нақты кәсіпорында нақты қызметті орындауға толық әзір маман­дарды даярлау мәселесі шеші­леді. Ал 2023-2024 оқу жылын­да 93 компанияда 757 студент дуалды оқытудан өтіп жүр.

– Экономиканың әр саласын, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібін де ғылымсыз өркендету мүмкін емес. Сіз басқаратын университетте ғылым бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Университеттің құрылымдық бөлімшесі – Мұнай-газ саласын зерттеу институты мұнай-газ сала­сындағы проблемалар картасын әзірлеп, өндірістің техникалық және технологиялық проблемаларын шешу алгоритмін жасады. Еліміздегі алғашқы Коррозия орталығы С.Өтебаев Атырау мұнай және газ университетінде ашылды. Норвегиядағы кәсіби кеңеспен бірлесе отырып, FROSIO инспекторларын оқыту мен сертификаттау бойынша аккредиттелген оқу органы құрылды. Өйткені бұл мәселе Атырау өңірі үшін өте өзекті болып отыр. Сондықтан аталған орталық өнеркәсіпте сұранысқа ие өңірлік мамандарды даярлау орнына айналады деген сенімдеміз.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Атырау облы­сының проблемаларын ше­шу үшін аймақтық ғылымды жетілдіруге бастамашы болды. Университет базасында Атырау облысы әкімінің жанынан ғылыми-техникалық кеңес құрылып, өз жұмысын бас­тады. Мұның бәрі – келешектің инвестициясы саналатын жоғары оқу орнының қоғамдағы рөлін нығайтып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге серпін беретін қадам.

 

Әңгімелескен –

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Атырау облысы