Мемлекет басшысы Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қымбатты отандастар!
Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!
Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.
Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.
Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.
Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін.
Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!