Кешегі күнгі жер сілкінісі кезінде ақ желеңді абзал жандардың антына адалдығы мен өз ісіне беріктігі қызу талқыланып, операция үстеліндегі жұмыстарын еш алаңсыз сәтті аяқтап шыққандарына жұрт алғысын жаудырды.
Соның бірі Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Раушан Әбдуәлиева жер сілкінісі кезінде төртінші баласын аман-есен дүниеге әкелуді көздеген аяғы ауыр әйелге кесарь тілігін жасады.
«Нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару кезінде жан-жағымыздың дір ете қалғанын сездік. Бұл жер сілкінісі екенін түсіндік. Дегенмен ана мен бала өмірінің қауіпсіздігінің маңызын ойлап, операцияны сәтті аяқтауды көздедік. Әйелге жұлын анестезиясы берілгендіктен, ол нәрестесінің аман-есен дүниеге келгенін түсініп, жақсы сезімде болды. Мен үшін оның сол кездегі психологиялық тыныштығы бәрінен де маңызды еді.
Жер сілкінгенін сезбеген әйел сәбилі болғанына қатты қуанған. Жұртты үрейлендірген төтенше жағдайда дүниеге келген ұл баланың салмағы – 3 910 грамм, бойы – 55 см. Ананың да, жаңа туған нәрестенің де жағдайы жақсы. Бұл – дәрігерлер үшін ең үлкен жетістік. Операциядан шыққаннан кейін отбасына қоңырау шалып, олардың амандығын білген дәрігердің көңілі жайланған.
«Тыныштық эмоциялардан күшті екенін алғаш аңғардым. Бұған дейін әйел босанған кезде жер сілкінісі болатынын елестетіп көрмегенмін. Бар назарымды қуанышты оқиғаға аудару үрейге берілмеуіме көмектесті. Тіпті жамандық ойлауға уақыт болмады. Сөйтіп, операциямыз сәтті аяқталды. Дегенмен бұл сәт есімізде мәңгі сақталып қалатыны сөзсіз», дейді дәрігер Раушан Бекжанқызы.
Жер дүмпуі кезінде осы аурухананың хирург-дәрігерлері Тахир Шкуралиев, Айдос Қизатов және Айжарық Шерхан да 50 жастағы науқасқа операция жасап жатқан еді.
«Біз не болып жатқанын бірден түсіндік, бірақ ешқайсымыз үрейленбей, сабырлы түрде операцияны жалғастырдық. Жер сілкінісінің күші одан жоғары болса да, біз науқасты жалғыз қалдырмайтын едік. Оның өмірі мен денсаулығы бәрінен жоғары. Біздің емдеу мекемесінде бірде-бір дәрігер науқасын тастап кетпей, оның қауіпсіздігі үшін жер сілкінісінің ықтимал зардаптарынан қорғауға тырысқанына сенімдімін», дейді оташы-дәрігер Шерхан Мұратұлы.
Адам өмірінің сақшысына айналған ақ желеңді абзал жандардың біліктілігімен қоса, мейірімділігіне тұрғындар дән риза.
Алматы облысы