Елімізде қасат қардың көбесі сөгіліп, Жер-ананың бауры бусана бастады. Алайда алты ай жауған қардан оңайлықпен құтылмасымыз анық. Өзендер кемерінен асып, қызыл су қырға тасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 217 елді мекен су басу қаупі бар аумақта орналасқан.
Кеше осыған орай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз жиыны өтті. Жиында Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының өкілі Алтай Мырзабаев, Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының міндетін атқарушы Жомарт Асқаров, «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Саиров, Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев қатарлы құзырлы орындардың басшылары баяндама жасады.
«Елдегі су тасқынының қаупі бүгінде салыстырмалы түрде тұрақты. Елді мекендерде су айдау және қар шығару, су бұру арналарын тазарту жұмыстары қолға алынған. Су тасқыны жағдайына тәулік бойы тексеріс жүргізіліп жатыр. Наурыздың бірінші онкүндігінде елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында бір мезгілде қатты жауын-шашын мен ауа температурасы көтерілді», дейді Алтай Мырзабаев.
Департамент бастығының сөзіне сенсек, әзірге төніп тұрған төтенше қауіп жоқ тәрізді.
«Жыл басынан бері 64,8 шақырым уақытша бөгеттер және елді мекендердің айналасында 52,7 шақырымнан аса қорғандар салынды. 721 шақырымға жуық каналдар мен 2 296 шақырым арықтар, автомобиль және темір жол астындағы 15 мыңнан аса су өткізу құрылыстары тазартылды. 384 мың тоннадан аса инертті материалдар және 1,2 млн-нан аса қапшық дайындалды. Су тасқыны мүмкін болған жағдайда халықты қабылдайтын 3 031 пункт және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелері дайындалды, маршруттар нақтыланды, арнайы көліктер анықталды», дейді Жомарт Асқаров.
Сонымен қатар жиында Астана қаласы, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары әкімдіктерінің су тасқынына дайын еместігі туралы 356 ескерту берілгені айтылды. Сондай-ақ су тасқыны жағдайына гидротехникалық құрылыстардың жағдайы әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Су ресурстары және ирригация министрлігінің соңғы жүргізілген зерттеулерінің нәтижелері бойынша қолда бар 1 502 тіреуіш гидротехникалық құрылыстардың, 537-сі жөндеуді талап ететіні айтылды.
«Бұл ретте 322 гидротехникалық құрылыстар ықтимал апаттық режімі кезінде халыққа қауіп төндіреді, оның 105-і жөндеу жүргізуді талап етеді. Ықтимал су басу аймағында 481 елді мекен бар, онда 1,5 миллионнан аса адам тұрады», дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.
Жиында сұрақ қоюдың реті келгенде мәселенің мәнісін сәл әріден қозғауға тырыстық. Мәселен, Жапония, Қытай секілді елдер кез келген мәселенің ұзақмерзімді жағын зерттейтіні белгілі. Ал біздің басшылар мәселені тек сол кезде ғана шешіп, жедел нәтиже көрсетуге тырысатыны белгілі. Әрине, үйіңді су алып бара жатса, ойланып тұра алмайтының рас. Бірақ оған дейін де оның кешенді түрде зерттеп, ол мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыруға болар еді. Сол себепті «Біз бұл қар суын неге тиімді пайдалана алмай отырмыз? Кеңес заманында мұндай қар суының бәрі сай-салаға құйылып, тоғанға жиылып өндіріске, егінге пайдаланыпты деседі. Бұл қазір неге жүзеге аспай қалды? Маман жоқ па, техника тапшы ма?» деген сауал қойдық.
Бұған жауап берген құзырлы орын қызметкерлері түк те қынжылған жоқ. Керісінше, сұрағыма айызы қанғандай шырайы кіргені рас. Олардың айтуынша, бұл мәселе қолға алына бастаған. Қазірдің өзінде 20 шақты қар суын жинайтын тоғандар салынып, тағы 15 апатты жағдайға арналған су жинайтын орын жасақталып жатыр.