Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жүзге тарта өрт болып, соның салдарынан алты адам қаза тауып, 18 адамды күйік шалған. Ал келтірілген шығын 47 млн теңгеден асады.
Өрт адамдардың салғырттығынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан тұтанады. «Сондықтан тілсіз жаудан үнемі сақ болуға шақырамыз», дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Дмитрий Растихин.
Жуырда ғана «Айман» автосервисінің алаңында аяқасты өрт тұтанды. Таңғы төрт жарымда басталған жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру қызметінің 14 техникасы мен 46 адам жұмылдырылған. Осылайша, өрт таңғы 7-де ғана толық сөндіріледі. Жұмыс уақыты болмағандықтан, ешкім зардап шекпеген. Алдын ала жасалған тұжырымға қарағанда, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Бірақ бұл жерде де адам факторының қатысы жоқ емес, электрик сымдарды қарап, ауыстыруға тиіс болған.
Д.Растихиннің айтуынша, өрт көбіне жекеменшік үйлер орналасқан аймақтардан шығады. Барлық өрттің 74 пайызы – осы үйлердің «үлесінде». Оның көбі пеш орнатқанда тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамағандығынан болатын көрінеді. Мәселен, биылғы барлық 67 өрттің 33-і пештердің дұрыс орнатылмағандығынан шыққан. Бұрын пеш орнататын арнайы адамдар болатын, қазір ондай маман жоқ. Сондықтан үй тұрғызғанда тұрғындар пешті өз қалауынша қалайды да, көбіне өрт қауіпсіздігі сақталмайды.
Электр құрылғыларын пайдалануда өрт қауіпсіздігі талабын орындамағанның кесірінен 25 рет өрт шыққан. Тұрмыстық газды пайдалануда да кейбір тұрғындар қауіпсіздікті сақтай бермейді. Биылғы екі айда ғана газдың жарылуынан 3 рет өрт шыққан.
Былтыр күзде жекеменшік үйден өрт шығып, 20 жастағы келіншек пен екі балдырған есікке бір метрдей ғана жете алмай, тұншығып өлген еді. Лаулаған отты терезесінен көрген көршісі таңғы сағат 9-да өрт сөндірушілерді шақырады. Жалдап тұрып жатқан бұл үйде 40 жастағы әйел ұлы мен келінімен тұрған екен. Ұлының бір жарым жастағы және өзінің бес жастағы екінші баласы болған. Екі балдырған мен келіні түтінге тұншығып өлген, ал төргі үйде жатқан жігіт терезе арқылы сыртқа шығып үлгерген. Айтуынша, ол әйелін де далаға сүйреп шығармақ болған, бірақ құтқарып үлгере алмаған. Ал үй иесі сол түні жұмыста болған екен. Өрттің қайдан шыққаны белгісіз, мамандар электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені жалын төбеге салынған материалдарды күйдірген. Ал пеш сол күні жағылмаған.
2021 жылдан бері қалалық және аудандық әкімдіктер жекеменшік тұрғын үйлер секторына газ бен түтін шықса дабыл беретін 5 мың иіс сезгіш аппарат орнатты. Осы құрылғы арқылы биыл 5 адам ажалдан аман қалған.
Қазір өрт сөндірушілер әкімдік өкілдерімен бірге тұрғын үйлер секторларына рейдтер жүргізіп, пештерді, электр сымдарының жаңалығын, газ бен түтінді анықтайтын аппараттардың орнатылуын қадағалап жүр. Бірақ өрт қауіпсіздігі алдымен тұрғын үй иесінің өзіне қажет. Халық осыны түсінгенде ғана өрт қаупі азаяды. Өрт сөндіру қызметі осыны ескеріп, былтыр БАҚ арқылы 483 материал жариялап, 100 мыңға жуық жадынама таратқан. Сондай-ақ интернет ресурстарында өрт қаупі туралы 435 ақпарат орналастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы