• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 15 Наурыз, 2024

Әскерге баратындар саны азайған

725 рет
көрсетілді

Наурыздың бірінен еліміздің барлық аймағында Президенттің Жарлығына сәйкес жастарды кезекті әскери міндетін атқаруға шақыру басталды. Науқан маусым айының аяғына дейін созылады.

Қазір әскери қызмет атқа­ру мерзімі бір жыл ғана. Әс­кер қатарына 18 бен 27 жас ара­лы­­ғын­дағы денсаулығы жарам­ды, әскерден қалуға басқа себебі жоқ ер азаматтар алынады. Сол­түс­тік Қазақстан облысының қор­ғаныс істері департаменті осы іс-шараны атқаруға қазір қызу кіріскен. Департамент басты­ғының орын­басары, подполковник Ма­рат Каримовтің айтуына қараған­да, қазір облыста барлық 14 ме­дициналық комиссиясы бар ша­қыру бекеті жұмыс істеп тұр. Оның 12-сі аудандық, 1-уі Пет­ро­­павл қалалық және біреуі облыс­тық шақырту комиссия.

«Көктемгі әскерге шақыруда Қарулы Күштер қатарына облыстан 480 азамат алынады. Олар еліміздің барлық аймағын­дағы әскери бөлімдерге барады. Жастар жоспар бойынша алды­мен Ұлттық қауіпсіздік коми­теті құрамындағы шекара әскер­лерін ауыстыруға аттандыры­лады. Сегізінші наурызда көк­темгі шақырылымда әскерге алынғандар арасынан шекаралық команда және Шығыс Қазақстан облысына 13 жас жігіт міндетін атқаруға аттандырылды», деді ол.

Өткен жылы әскерге алынатындар саны 555 болған еді. Демек әскерге барушылардың саны биыл 14 пайызға азайған. Мұның басты себебі халық са­ны­ның азаюынан екені сөзсіз. 2012 жыл мен 2022 жылдар ара­лығында облыстан әскерге шақы­рылатындар 38 мыңнан 16 мыңға дейін азайып кетіпті. Сонымен бірге қорғаныс істері басқармасы тарапынан ел қауіп­сіздігін қорғау, патриоттық тәр­бие істері де кемшін соғатын сияқты. Өйткені әскерге барғы­сы келмейтіндер қатары артып келеді. Былтыр М.Каримов әс­керге баруға тиісті кейбір жас­тарымыз мерзімі келгенде шекара асып, Ресей Федерациясына қашып кететінін айтқан еді. Олар тек әскерге шақырту шарасы аяқталғаннан кейін ғана оралады екен. Сондай жастардың саны өткен жылы 250 болған. Ал биыл әскерге шақырылуға тиіс 967 жас азаматтың тұратын жері белгісіз болып отыр. Оның 681-і Петропавл қаласының тұрғыны. Олар тіркелген жерінде жоқ. «Ата-аналары баласының қайда екенін білсе де жасырып, жөнін айтпайды. Көп ата-ана баласының әскерге барғанын қаламайды», дейді М.Каримов.

Кейбір әскерге барудан қа­шу­шылар денелерінің ашық көрінетін бөліктеріне, соның ішінде беттеріне де инемен суреттер салғызып (татуировка) алады екен. Медкомиссиядағы дәрігерлер осындай қолдан жасалған «кемістіктерге» де назар аударуға мәжбүр.

Қазір Қорғаныс министрлігі тарапынан әскердің тартымды­лығын арттыру жолында бір­ша­ма экономикалық шара жасал­ған. Мәселен, Қорғаныс ми­нис­трлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту жө­нін­дегі агент­тік бірлесіп әс­кер­ге ша­қы­рыл­ғандардың алған банкілік займ­дары мен микро­несиелерін төлеуді шегеретіні туралы шешім қабылдады. Оны «Несиелік каникул» деп атайды. Осы «каникул» уақытында мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендер несие мен оның өсім пайызын төлеуден толық босатылады. Бұл екі ортада несиенің көлемін инфляция да азайтады. Сондықтан бұл – әс­керге барғандарды әлеуметтік қор­ғау мәселесінде өте тиімді шара.

Сондай-ақ Қорғаныс минис­трлігі 2022 жылдың 22 қазанында еліміздің 70 ЖОО-ларымен әскери борышын жақсы атқарып келген азаматтарды оқу орнының есебінен тегін оқыту жөніндегі келісімшартқа қол жеткізген. Әскерден келген азамат өзінің бұл мүмкіншілігін екі жылдың ішінде қолдана алады. Былтыр әскерден келген жастарға ЖОО-лар 3 мың орын берді, соның ішінде 350 орын әскери ЖОО-лардың үлесінде.

Жастарды шақырту бекетте­ріне келтіру үшін Қорғаныс істері басқармасы және оның бөлімдері шақырту қағаз жібереді. Олар әскерге шақырылатындардың өз қолына беріледі. Алайда кейінгі 4 жылда SMS хабарлама да жіберілетін болған. Осынау электрондық шақыртулар әскер­ге баруға тиісті жастың ұялы байланыс құралына түседі.

Шақырту алған жас заң бо­йынша көрсетілген күні және сағатта өзі тіркелген Қорғаныс істері басқармасының жергілікті органына келуге міндетті. Осында келген соң ол денсаулығының әскерге жарамдылығын анықтай­тын медициналық комиссиядан өтеді. Денсаулығы жарамды, әскерден қалуға басқа себебі жоқ жас жігіт әскери құрамаға белгіленіп, облыстық жинақ бекетіне жеткізіледі.

Өкінішке қарай, қазіргі жас­­тар­­дың денсаулығы ауыр жүк­темеге жарамсыз. М.Кари­мовтің айтуына қарағанда, меди­циналық комиссиядан өткен жастардың тек 15 пайызы жүз пайыз жарамды. 45 пайызы түрлі шектеулерді қажет етеді, ал 40 пайызы мүлде жарамсыз болып шығады.

Әскерге баратындардың жос­парын орындау облыстық қор­ғаныс істері департаментінің маңызды міндеті болып тұр. Де­пар­тамент қызметкерлері қазір полицияның көмегімен әскерге барудан бас тартқандарды құ­рық­таумен айналысып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы