• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мереке 14 Наурыз, 2024

Бірлік оты – тарихы терең рәміз

130 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Наурыз мейрамы он күн тойланатын бол­са, ол баста­уын Амал күнінен ал­мақ.

Маң­ғыстаулықтар «Кө­рісу күні» деп айрықша күтіп, таң аты­­сымен қол алы­сып, құшақ ай­­қас­­тыра көрісетін мереке жыл­­дағы қалыпқа сай биыл да Маң­­ғыстаудағы ең биік нүкте – Отпан тауда аталып өтті. Тау­дың шыңында 37 метрлік Адай ата және оның екі ұлы Құдайке мен Келімбердінің құрметіне қойыл­ған екі мұнара стеласы бар. 2007 жылы ашылған «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде әр жыл сайын Көрісу күні мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, «Бірлік оты» жағылды.

Биыл Көрісу күні «Амал – Алашқа ортақ мереке» атауы­мен кең көлемде тойланды. Маң­ғыстаулықтар Мемлекет басшысы Қ.То­қаевтың «Әз-Нау­рыз­дың бастауы – Амал күні құтты бол­сын! Бұл – хал­қы­мыздың ежелгі әдет-ғұр­­­пын жаңғыртып, төл мә­­­де­ниетіміздің ажырамас бө­лігіне айналған біре­гей дәс­түріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсы­лы­ғымен келсін!» деген құттық­тауын қуана қабылдады.

Мерекеде Өзбекстан Рес­пуб­­ли­ка­сының еңбек сіңір­­ген мәде­ниет саласы­ның қыз­меткері, жыр­шы, өнер са­ласының ма­гистрі Махам­мад Эшбоев, Түр­кия Республи­касының Біш­кектегі «Қырғыз, Түрік, Манас» универ­сите­тінің оқы­тушысы, профессор Ирфан Гөрдал бас­таған қонақтар өз өнерлерін ор­таға салып, ағайынға ақ тіле­гін арнады. Тек Отпан тауда емес, Көрісу күнінің ізгі іс-шара­лары Ақтау қа­ласында, аудан­дарда жал­ғасын тауып жатты. Шың басындағы той 13 нау­рыз күні «Бірлік отын» жағу рәсімімен басталды.

– Маңғыстаудың ең биік шыңында от жағу дәс­түрі та­рих­­тың тереңінен бас­тау алады. От жағу бір­лікті білдіреді және ұйым­шылдықтың бел­гісі. Ру­ларға, жүздерге, ұлт­тарға бө­лінбестен, біз бәрі­міз ортақ Отанымызға адал қыз­мет етеміз. Ғасырлар бойы бұл күн терең ру­хани мағынаға ие болды. Біз­дің ата-бабалары­мыз өткен қыс­та отбасы мен қыстан аман шық­қанына қуан­ды, бүгін біз бір-бірімізді көктемнің басталуымен құт­тықтаймыз, реніштерімізді кешіреміз және күнделікті қар­баласта жақындарымызға уа­қыт табамыз деген ниетпен. Ұрпақтар сабақтастығы орнайды, бірақ «Көрісу күні» көк­темнің жақындап келе жатқа­нын және жаңа үміттер мен мүм­кіндік­тердің пайда болуын ес­­ке са­лып қала береді.  Бұл ме­реке баршаңыздың жүре­гіңіз­ді жылу­лық пен қуа­нышқа толтырсын! Сіздер­ге бақыт, жақсылық және амандық тілеймін!

– Бүгін Ақтау қала­сын­­дағы «Достық үйін­де» халқымыз­дың жасампаз­дығы мен ілгері жыл­жуына кедергі келтіретін жағ­дай­ларды қалай жоямыз деген ой-талқыға құрылған рес­­публикалық деңгейдегі ауқым­ды конференция өтті. Соның жалғасы ретінде «Бір­лік оты» жағылды. Бәріміздің бірлікте болуымыз маңызды екені бел­гілі. Мемлекет басшысы Жол­дау­ларында елдің дамуы үшін бірлік, тұрақ­тылық керек еке­нін айтудан жа­лыққан емес. Ол үшін ын­тымағымызды жоғалт­пауы­мыз қажет. Амал – бар­шамызды біріктіретін мереке болсын. Мереке құт­ты болсын, керегеміз кең, шаңырағымыз биік бол­сын, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Н.Ноғаев айтқандай, Амал тойы аясында Мә­дениет және ақпарат ми­нистрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту коми­тетінің төрағасы Ғалым Шой­кин, жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңір­ген спорт шебері Әмин Тұя­қов, жазушы Камал Әлпейі­сова мен Мажарстандағы «Абай» мәдени орталығының төр­ағасы, танымал түркіта­нушы ғалым Ишт­ван Қоңыр Мандокидің зайы­бы Оңайша Мандоки сынды руханият өкілдері, Ас­тана, Алматы, Шым­кент қалалары мен басқа облыстан келген өңірлік ақ­сақалдар кеңесінің мүшелері жиылып, халқымызды отбасы құн­ды­лықтарын дә­ріптеуге, еліміз­дегі бірлікті сақтауға шақырған үндеу жолдады.

Амал таңы алдындағы кеш­те Отпан сахнасында Қа­зақстанның халық әртісі Роза Рымбаева өңір тұрғындары мен қонақ­­тарын мерекемен құт­тық­тап, әннен шашу шашты. Шетелдік қонақ жыр­шы­­лар­дың, жергілікті өнер­паздар­дың қатысуымен жыршылар байқауы өткі­зіліп, жазба ақын­дар өзара бәсекеге түсті.

Той «Сә­лем – сөздің атасы» атты театр­­лан­дырылған қойылым, аудан­дық және қа­лалық шы­ғар­­­машылық ұжым­дардың кон­церттік бағ­дар­­ла­масы, ат, құмай тазылар жарысы, өзге де спорттық іс-шар­а­лар­мен жалғасты.

Биылғы іс-шараны ұйым­­дас­­тырған Мұңал ата ұрпақ­тары келесі жыл­ы Амалды тойлауды ұйым­дас­тыру эстафетасын Қо­сай ата ұрпақтарына табыс­тады.

 

Маңғыстау облысы