Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласы мен Ақмола облысындағы білім ошақтарын аралап, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты.
Министр ат басын бұрған елді мекеннің бірі – Қорғалжын ауданы. Онда механизатор, аспаз, дәнекерлеуші және компьютерлік-аппараттық қамтамасыз ету операторын дайындайтын агробизнес және сервис колледжі бар. Аудан орталығында орналасқан білім мекемесінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 100-ге жуық студент оқиды. Колледж жұмысымен танысқаннан кейін министр оқу орнын трансформациялау және дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.
– Өткен жылы бизнесті тікелей қолдаудың нәтижесінде еліміздегі 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл тәжірибе жалғасады. Өңір халқы ауыл шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Сондықтан дәл осы салаға сұранысқа ие кадрларды даярлауға назар аударып, жергілікті кәсіпорындарды тарту қажет. «Talap» КеАҚ басшылығы Ақмола облысының білім басқармасымен бірлесіп осы колледжді трансформациялау бойынша бірлескен жоба әзірлеуі керек, – деді министр.
Сонымен қатар сапар барысында Ғ.Бейсембаев 640-тан астам оқушы оқитын Қорғалжын ауданы орталығындағы мектеп-гимназияға барды. Тексеріс нәтижесі бойынша мектеп ішінде барлық техникалық қауіпсіздік шарасы сақталған. Асхана, спортзал, шеберхана, логопед және психолог кабинеті де жоспардағыдай.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Астана қаласындағы №59 және №92 жалпы білім беретін мектептердің жұмысымен де танысты. Мұнда педагогикалық қоғамдастықпен кездесіп, орта білім беру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады.