Әсел Сабыржанқызының қолынан туған портреттер желі қолданушылары арасында кеңінен танымал. Суретші қаламынан Бауыржан Момышұлы, Батырхан Шүкенов, Геннадий Головкин сынды ел жақсыларының бірталай суреті шыққан. Алдымен жеке блогын жүргізіп, кейін дүйім көпшілікке «кілемдегі суреттерімен» танымал болған қазақ қызы өнер әлеміне тың туындылар алып келмекші. Айтпақшы, кілем жайын өзінен сұрап білдік.
«Ұлы даланың көрнекті әйелдері»
- Кілемге сурет салу идеясы қалай туды? Қай кейіпкерлерден шабыт алдыңыз?
- Бейнелеу өнері - менің тағдырым деп есептеймін. Әр адам өз тағдыры мен өмірінің суретшісі, мен өз өміріме тек шабыт қостым. Идеям да осы деп айта аламын. Менің жұмысым шығармашылық эксперименттерге толы болды. Мәселен, карантин кезінде кілем бетіне алғаш рет сурет салып көрдім. Кілем бетіне салынған әйел бейнесін бұрын-соңды ешкім көрмеген, сондықтан бұл өнер сүйер қауымның көңілінен шығып, әлеуметтік желі қолданушыларының оң пікірін жинады. Кейін өзімді дәл осы бағытта дамыта алатынымды, қылқаламымды жетілдіре алатынымды түсіндім.
Шабыт туралы айтар болсақ, шабыт нәрін адам баласынан аламын, портретшімін ғой. Байқасаңыз, кілемдерде де тек адам бейнесі салынған. Бұл жағдайда түркі халықтары әйелдерінің бейнесінен шабыттандым. Ескеретін жайт, шабыт жоқ жерден туа салмайды. Кейіпкердің бет-әлпетіне қарап біраз дүниені білуге болады. Бойжеткеннің жалындаған от көздері, шиедей қызыл ерні, ұзын бұрымы немесе дана аналардың бетіне түскен әжімі... Жалпы, өмірлік тәжірибесі мол, жігері мықты, түр-сипаты ерекше адамдарды, сондай-ақ қарияларды жақсы көремін. Олардың энергиясынан, харизмасынан, сырт келбетінен, тіпті, терісінің түсінен де энергия аламын. Алайда, кейіпкердің сұлулығына ғана тамсанып қарау жеткіліксіз. Данагөй аналарымыз бен батыр апаларымыздың бейнесін салу үшін түркі халықтарының мифологиясын, тарихын, халық ертегілері мен дәстүрлерін зерттедім. Сондықтан кілем бетіне түскен әр бояу, әр сызық, әр кескін тарихқа негізделген. Бұл жай ғана кілемдегі суреттер емес, бұл – кешегі күннің мәнді мағлұматы, кейінгі ұрпақтың құнды жәдігері.
Қазір 15 кілемнен тұратын топтама дайын. Оларда Көк бөрі, Ұмай, Айбике батыр, Сақ патшайымы, Рәбия сұлтан, Бопай, Айғаным, Сүйімбике, Гауһар батыр, Құрманжан Датқа, Айтолқын батыр және басқа да Ұлы даланың көрнекті әйелдерінің образдары бейнеленген.
- Неге тек әйелдер бейнесі?
- Жоғары атап өткенімдей, жаным бейнелеу өнерінің портрет жанрын жақсы көреді. 5 жылдан бері гиперреализм жанрында шеберлігімді шыңдап келемін. Гиперреализм – нысанды фотореализацияға негізделген сурет салу мен мүсіндеудің стилі. Дәлірек айтқанда, бұл – шынайы бейнені қағазға түсіру.
Іске кіріспес бұрын түрлі қолжазбалар мен басқа да картиналарды зерттедім. Көне заманда фотоаппарат болмаған, ешкім суретке түспеген. Бабаларымыздан қалған асыл сөздер ғана бар, фантазияны 100 пайызға қосу керек болды. Кейіпкерлердің киімдерін, зергерлік бұйымдарын және стилін зерттеуге тура келді.
Неге тек әйелдер бейнесі? Себебі болашақ ұрпақ тарихта өз ізін қалдырған ұлы әйелдерді есте сақтап, білуі керек. Арғы ұрпаққа да мұра қалдыруымыз керек қой.
Қазақ әйелдері мемлекетті басқарды, саясатпен айналысты, ағаларымен, күйеулерімен және әкелерімен тең дәрежеде шайқасты. Кілемге түскен кез келген кейіпкер туралы тың дерек бар. Сол деректерді барынша сақтауымыз керек. Қазақ әйелдерінің ерендігі мен үлесі еленіп, ұмыт болмауы қажет.
- Жақында алты қарындашпен бір уақытта алты адамның портретін салып, жұртты таңғалдырған едіңіз. Әсел ханым, осы орайда өзіңіз жайлы ақпарат бере кетсеңіз. Бейнелеу өнеріне қалай келдіңіз, біліміңіз бар ма?
- Мен кәсіби портрет суретшісімін. Жалпы, шығармашылығым блогерліктен басталған. Лақап атым - Ассоль. Instagram және TikTok желілерінде белсендімін, үлкен аудиториям бар. Туындыларымды алғаш рет әлеужеліге жүктегенімде халықтың сүйіспеншілігіне ие болдым. Өзім сияқты азаматтардан қолдау көрмесем, бәлкім қазір осылай сұхбат бермес пе едім..
Қағаз бен қарындашқа кішкентай кезімнен бастап жақын едім. Балабақшадағы тәрбиешілер, мектептегі ұстаздар бейнелеуге деген құмарлығымды жиі байқап отыратын.
Осылайша, Астанадағы көркемсурет мектебін бітірдім. Содан кейін колледжге «станоктық кескіндеме» мамандығына түстім. Магистр дәрежесін де алдым. Диссертацияны «Қазақстанның қазіргі заманғы портретіндегі тарихи тұлғаның бейнесі» тақырыбында қорғадым. Өзім ұйымдастырған көрмелерде ұсынылған жұмыстар академиялық біліммен өрілген.
Шығармашылық жолында өзімді әртүрлі бағыттар мен стильдерде сынап көрдім. Бұл натюрморт, пейзаждар, портреттер және эксперименттік жобалар сияқты классикалық форматтар болды, тіпті көліктер мен, киімге де сурет салдым. Өз блогымда қолыммен, аяқтарыммен де сурет салдым, сонымен қатар 3 және 6 портретті бір уақытта салып, түрлі тәжірибе жасадым. Осылайша, аудиториям күннен күнге көбейіп, өнерге қызығатын жандардың саны артты. Мұндағы мақсатым шығармашылықты насихаттау, өнерге деген қызығушылықты жастар арасында «трендке» айналдыру болды. Ақыры, тәжірибе барысында өзімді кілемде сурет салу ісінен таптым. Бұл идеямды Forte Kulanshi Art Space галереясының директоры Лейла Махат қолдады. Ол тәлімгерім, колледжде сабақ берген. Осылайша, Лейла Махаттың ұсынысымен Астанада көрме өткізген жайымыз бар. Кілемдерді елордалықтардың назарына ұсындық.
«Ұлттық бояуы қанық қазақ мәдениеті»
- Сіздің өнеріңіз бен қазақтың салт-дәстүрі бір-бірімен қаншалықты ұштасады? Туындыларыңызда «ұлттық рухтың» сипаты бар ма?
- Әрине! Шығармашылығым ұлттық құндылыққа толы деп айта аламын. Сурет салу ісінде заманауи техника мен стильді қолданамын және әлеуметтік желілер арқылы ұлттық рухымызды насихаттаймын. Желіге жүктеген контент 5-тен 13 миллионға дейін қаралым жинайды. Бұл қазақ өнері бүкіл әлемде бағаланатынын білдіреді.
Кілемнің өзі түркі халқы үшін қасиетті мәнге ие: бұл жай ғана кенеп емес, ұлттық бірегейліктің бір бөлігі, елдің мәдени кодын сканерлеуге болатын элемент. Біздің ата-бабаларымыз киіз үйлерді безендіру үшін кілемнің сан түрін тоқып, тұрмыста пайдаланған. Бірнеше ғасыр бұрын кілем құнды сыйлық ретінде дәулетті тұлғаларға тарту етілген. Қазір киіз үйде тұрмасақ та әрқайсымыз кілем сатып аламыз, әлі де тұрмыста пайдаланамыз, бөлмелерді безендіреміз. Бұл бірнеше ғасырлар бойы біздің күнделікті өміріміздің бөлігі болып қала беретін атрибутика. Түркі символизмі мен өткен шақпен, тарихпен байланыс мені кілемдерге сурет салуға одан әрі итермеледі. Қазақ мәдениеті әлемге танылуы үшін ұлттық бояуы қанық дүниелерді шығару қажет, бұл менің ұстанымым.
- Осы күнге дейін қандай көрмелерді өткіздіңіз? Еңбегіңіздің жемісін қалай бағалайсыз?
- Кілемдегі суреттерім Астана, Берлин, Баку және Париж қалаларында ұйымдастырылған көрмелерде қойылды. Авторлық картиналарымды, мына кілемдерді де сататынымды жасырмаймын, әрине. Тапсырыс түссе кісінің көңілін қалдырмай жазып беремін. Одан бөлек, блогымда брендтерді жарнамалаймын, өнер туындыларын жасаймын, кейде сурет салу курстарын өткіземін.
Шыны керек, өнер адамдары ешқашан ақша туралы ойламайды, материалды дүниеге құнықпайды. Өзім де сондаймын. Мен үшін тек өнер маңызды. Ал коммерциялық сұрақтарға, ұйымдастыру мәселелеріне, келіссөздерге күйеуім жауап береді. Ол менің продюсерім - Нұрдәулет.
Қазір кілемдегі суреттерге үлкен сұраныс бар, қолымда тек 6 сурет қалды, алдыңғы жарты жылға тапсырыс кезегі бар. Картиналардың құны 3 000 доллардан басталады.
- Әр істің өз қиындықтары болатынын хақ. Кілем - кәдімгі ақ қағаз емес, қиынға соққан болар?
- Мен демалыссыз жұмыс істеймін, себебі жаңа идеялар мен оларды жүзеге асыру жолдарын ойлаймын. Шабыт келе қалса, қағаз бен қарындашым дайын тұрады. Тіпті 2-3 күн қатарынан ұйқысыз сурет салған сәттер де болған. Жоспарымды жүзеге асырғаннан кейін ғана сапалы демалуға тырысамын. Оның үстіне біреуге жар, біреуге анамын, отбасылық міндеттерді де қатар алып жүруге тырысамын. Жұбайым екеуміз әрқашан біргеміз, барлық маңызды аспектілерді теңестіріп, бірге жұмыс істейміз.
Дәл қазір ең қиын суретті салып жатырмын, кілемнің ені - 7 метр, ұзындығы - 3 метр, өте үлкен. Оны Шымкенттегі текстиль зауытынан арнайы алдырттым. Отандық өнімді пайдаланып, ұлттық өрнектермен безендірілген сурет салғым келді. Қазақстанды әлемге танытып жүрген азаматтар баршылық, мен де солардың қатарынан көрінгім келеді. Сол үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген кілемдегі ең үлкен суреттің авторы атану жоспарланып отыр. Бірақ қаржыландыру мәселесі істің қарқынын баяулатып отыр. Демеушілерді іздеп жатырмыз. Менің ойымша, бұл керемет жоба болады.
«Қазақ мәдениетін заманауи тәсілмен насихаттау»
- Болашақта тағы қандай идеяларды жүзеге асырғыңыз келеді? Кілем бетінде тағы кімдерді көреміз?
- Қазір Алматыда өтетін көрмеге дайындалып жатырмыз. Көрмеге батырлар, хандар бейнесін, қазақи отбасы бейнесін және абстракцияны қойғым келеді. Болашақта әлі талай көрмелер мен байқауларда бақ сынаймын деп үміттенемін. Берлинде, Лондонда, Нью-Йоркте көрме өткізіп, мәдениетімізді танытып, тарихымызда қандай тұлғалар болғанын неге көрсетпеске?
Соңғы уақытта қоршаған ортаны қорғау жобалары туралы көп ойлаймын. Экологияны өнермен ұштастырып, заманауи идея ұсынғым келеді. Ол үшін әлеуметтік жобаларды іске қосуымыз қажет. Мәселен, алыс өңірлерде тұратын балаларға арналған сурет салу үйірмелерін ашу жоспарда бар. Сондай-ақ экологияны қорғау жөніндегі жобаларды да іске асырамыз деген ойдамын.
Ал кілем бетіне тағы кімдердің бейнесін салатыным, әзірге, құпия болып қалсын. Мен жастарға қазақтың ұмыт болған батыр қыздарын, тарихымыздағы мықты әйел образдарын көрсеткім келді. Себебі батыр аналарымыздың рухы ешқашан өшпеген, олар Отан үшін күрескен.
- Жұбайыңызбен бірге суретшілерге арналған «Boyau House» қауымдастығын құрғаныңыз белгілі болды. Жоба қазақтың жас суретшілеріне қандай мүмкіндік береді?
- Қазақстанда бейнелеу өнерін дамыту мақсатында сабақ беруді ұйғардым. Өзім сияқты түрлі түсті бояуларды жақсы көретін адамдар өте көп. Әсіресе, елімізде дарынды жастардың саны күн сайын артып баратыны барша аян. Басқалармен де неге тәжірибе бөліспеске? Биыл 3 офлайн курс өткіздім, нәтижесінде 38 адамды гиперреализм жанрында портрет салуға үйреттім. Оларға өз қабілеттеріне сенімділік ұялата алдым деген үміттемін. Оған қоса онлайн курстарды да жиі өткізіп тұрамын, қазір оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен 90-нан астам оқушы аяқтады, сондай-ақ ТМД-дан, тіпті Еуропа мен Америкадан да оқушылар бар.
Осы істі ілгеріту мақсатында жуырда жұбайым екеуміз суретшілер қауымдастығын құрдық, оны «Boyau House» деп атадық, суретшілердің дамуына көмектескіміз келеді. Сондықтан біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп есептеймін. Қазір ұлттық бірегейлікке тренд жүріп жатыр. Менің айналам да бұған ықпал етуге тырысады. Ең бастысы - жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілер туралы ұмытпау қажет. Өнер адамы қашанда трендте болып, қазақ мәдениетін, ұлттық құндылықтарды заманауи тәсілдермен насихаттау керек.
Ең бастысы, мен қоғамға пайда әкелуге, өнерді насихаттауға, жас буынға суретші қыздың да табысты бола алатындығын көрсетуге тырысамын.
- Сіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапатына ие болдыңыз. Бұл марапат шығармашылығыңызға жаңа серпін берді ме?
- Иә, Мемлекет басшысынан «Ерен еңбегі үшін» медаль алу мәртебесі бұйырды. Бұған дейін де Президенттен қазақ өнерін әлемге танымал етуге қосқан үлесі үшін алғыс хат пен жеке хат алған едім. Бұл мен үшін үлкен жетістік әрі күшті мотивация.
Мемлекет өнермен ұштасқан жобаларды қолдағанын қалаймын. Мәселен, мемлекет тарапы ұлттық өнерді қолдау мақсатында мен үшін Алматы қаласынан шеберхана ашуды ұсынды, сондай-ақ қаржыландыру мәселесіне де қол ұшын тигізуге уәде берді.
- БАҚ өкілдеріне берген сұхбатыңыздың бірінде: «Жас суретшілерге үлгі болғым келеді» деген едіңіз. Осы тұста қазақтың жас суретшілеріне қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
- Жас буынға жергілікті және халықаралық конкурстарға қатысуға кеңес беремін. Бұл қылқаламыңызды шыңдауға мүмкіндік береді. Дәлірек айтқанда, көп сурет салу керек. Жеке тәжірибемде мыңнан аса сурет салған екенмін, бұл қолымды жаттықтырды. Қолыңыздан туған барлық туындыларды камераға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеңіз.
Тағы бір маңызды кеңес - ағылшын тілін үйреніңіз. Себебі, әлем суретшілерінің коллекциясы өте бай, Alec Monopoly немесе Greg Mike сияқты заманауи америкалық суретшілердің жұмыстарымен танысып көруге болады.
«Қазақстанда суретшінің еңбегі бағаланбайды» деп айта бергеннен түк шықпайды. Әрбір суретші жеке брендін өзі дамытуы керек. Суреттердің құндылығын көрсету арқылы еңбегіңізді насихаттайсыз. Барлығы өз қолыңызда.
- Шығармашылығыңызға шабыт пен табыс тілейміз! Әңгімеңізге рахмет.