• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Наурыз, 2024

Бағдаршамның сары түсіне өтсеңіз айыппұл салына ма?

565 рет
көрсетілді

Алматы қаласы Полиция департаменті бағдаршамның сары түсінен өткен көліктерді «Сергек» бақылау камералары тіркеп, сол арқылы жүргізушіге айыппұл салына ма деген сауалға жауап берді, деп жазады Egemen.kz kaz.tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция «Сергек» бақылау камералары, әзірге, көліктің сары түсінен өту фактілерін тіркемейтінін айтты. Алайда жол-патрульдік полициясы мұндай әрекетті байқаса, айыппұл салуға құқылы. Алдағы уақытта бағдаршамның сары түсінен өту жағдайларын тіркейтін пилоттық жоба енгізілуі мүмкін.  

«Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің 5-тарауы 24-тармағы 3) тармақшасына сәйкес бағдаршамның сары түсі жанғанда қозғалысқа тыйым салатынын естеріңізге саламыз. Сондықтан бұл құқық бұзушылық полицейлердің назарына іліксе, жүргізуші бағдаршамның тыйым салатын түсіне өткені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін», деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта «Сергек» бақылау камералары мынадай заңбұзушылықтарды тіркеуге қауқарлы: 

жылдамдықты асыру; тұтас сызықты кесіп өту; қосарланған тұтас сызықты кесіп, кері айналу; белгіленбеген жерде тұру/тоқтау; бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту.

Алматы қалалық департаменті пилоттық жоба негізінде қауіпсіздік белдіктерін тақпау және жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерді өткізбеу деректерін «Сергек» бақылау камералары тіркеп, айыппұл жазылатынын еске салды.