Алматы облысы Қарасай ауданында өткен жылы ғана қолданысқа берілген заманауи Олимпиадалық даярлау орталығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты салтанатты түрде ашылды.
Онда еліміздің барлық өңірінен, яғни 17 облыс, 3 қаладан келген 20 команда спортшылары сап түзеді. Чемпионаттың ашылуына Қазақстанның Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Бас хатшысы Димаш Сұлтанов, федерацияның вице-президенттері Билалдин Ушуров, Асқар Қулов, Дәурен Жаппасов және өңірдің спорт жанашырлары қатысты.
Байрақты бәсекеде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жауырыны жерге тимейтін 1500-ден астам жас спортшылар күрестің әр түрінен 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесуді бастап кетті.
«Елімізде грек-рим күресі өткен ғасырдың екінші жартысынан дами бастады. Оның алғашқы жемісі – 1980 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының нәтижесі. Жерлестеріміз Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпиондары атанып, кейінгі буынға сара жол салды. «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Бұл Қазақстан спортының әлемдік деңгейде дамығанын көрсетеді», деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға зор сенім артты. Сондықтан араларыңыздан Отанымыздың даңқын асыратын спортшылар шығарынан үміттіміз», деген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде 5 салмақ дәрежесі бойынша тартысты белдесулер басталды. Он күнге жуықтайтын жарыс күнделігінде жеңімпаздар есімдері анықталатын болады.
Алматы облысы