Шорт-тректен Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 28 жастағы қостанайлық спортшы Денис Никиша күміс медальды олжалады.
Жерлесіміз 500 метрлік қашықтықты 41.676 секундта жүгіріп өтті. Ол тек Қытайдың атақты спортшысы Сяоцзюнь Линнен қалып қойды. Қола медальды канадалық Джордан Пьер-Жиль иеленді. Осылайша, Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихында тұңғыш рет ересектердің дүниежүзілік додасында жүлде алды.
Жалпы, Денис Никишаның жанкүйелерін қуантып жүргеніне бірер жылдың жүзі болды. Атап айтсақ, 2014 және 2015 жылдары ол Түркияның Эрзурумы мен Жапонияның Осакасында ұйымдастырылған жастардың әлем біріншілігінде қола медальды мойнында жарқыратты. 2017 жылы Алматы мен 2019 жылы Красноярскіде алауы тұтанған Дүниежүзілік Универсиадада төрт рет үшінші орынға табан тіреді. Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында 2 алтын, 4 күміс және 4 қоланы еншіледі.
Сонымен қатар отандасымыз үш бірдей Олимпия ойындарына қатысты. 2014 жылы Сочидегі эстафеталық сайыста Денис бесінші орын алса, 2018 жылы Пхенчханда алтыншы сатыға жайғасты. Ал 2020 жылы Бейжің Олимпиадасының 500 метрлік бәсекесінде сегізінші орынға тұрақтаса, 2000 метрлік сайыста үздік бестікті түйіндеді.