21-22 наурыз аралығында «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы елорда тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнін EXPO кешенінің аумағында тойлауға шақырады. Әз-Наурыз мерекесіне орай аумақта түрлі-түсті декорациямен безендірілген қазақ ауылы ұйымдастырылады. Онда шеберлер өз бұйымдарын ұсынады, алаңда алтыбақан құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Болашақ энергиясы мұражайында да мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы жоспарланған. Мұнда «Арт Домбыра» триосы, «Қосалқа» квинтеті, «Тарлан» домбырашылар ансамблі, «Қорқыт» этно-ансамблі, айтыскерлер, әншілер, би ұжымдары өнер көрсетеді. Ал театр труппасы «Әз-Наурыз – жыл басы» мюзиклін қояды. Сонымен қатар мұражай алаңында қазақтың палуаны Сергей Цырульников күш изометриясын көрсетеді. Сондай-ақ мұражайда киізден сурет жасау және қолдан кілем тоқу бойынша шеберлік кластары өткізіледі, ал қолөнершілер кәдесыйлар, киім-кешектер, қолдан жасалған ыдыс-аяқтарын және тағы басқа да бұйымдарын сатылымға қояды. Бұл күні қонақтар дәстүрлі мерекелік тағам – Наурыз көже мен бауырсақтан дәм тата алады. 21-23 наурыз аралығында мұражайға билеттерді 50% жеңілдікпен сатып алуға болатынын атап өткен жөн.
21-23 наурыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі өтеді. Мұнда Қазақстан өндірушілері азық-түліктен бастап, тоқыма бұйымдарына дейінгі тауарларын арнайы мерекелік бағамен саудалайды. Жәрмеңкеге Қазақстан, Түркия, Иран, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да шет елдердің үздік шеберлері мен қолөнершілері қатысады.