Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұжымы Ұлттық киім күніне орай өткізген байқауда жергілікті мектептерде оқитын 9 ісмер қыз өз туындыларын таныстырды.
Сайыстың «Тақиялы қыз – трендте» деген атауының өзі ұлттық бас киімді жас ұрпақ арасында насихаттауды меңзейді.
«Біздің музейіміз әрдайым мектеп оқушыларының ұлттық киімге қызығушылығын арттыруға ден қойып келеді. Биылғы Наурыз мейрамына орай қыз балалар арасында тақия тігуден ауқымды сайыс өткізіліп жатыр. Тақия тігу өнерін насихаттау арқылы қыз балаларды ұлттық қолөнерді күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету, шығармашылыққа жетелеу, ізденісін дамыту, қазақтың ұлттық киіміне деген жастардың зейін қоюшылығын арттыру көзделді», – дейді Бұқар жырау музейі бұқаралық ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жанар Оспанова.
Сайысқа қатысқан тоғыз үміткер өздерінің тігіп әкелген тақияларын қазылар алқасының назарына ұсынып, жұмыстарын қорғап шықты. Жасалу жолдары мен тігіс әдістерін, тақияның қазіргі замандағы маңыздылығын баяндады.
Жас дарын мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрай Өмірәлі байқауға тігіп әкелген үкілі тақиясын күміс әшекейлермен, түрлі-түсті моншақтармен безендіргенін жеткізді. «Әртүрлі таспалармен өрнектеп, үкінің қауырсынын тақтым. Бас киімнің дизайнын ұстазыммен ақылдасып, ал қажет материалдар мен әшекей заттарды анам алып берді. Үйде бірнеше тақиям бар, мерекелік іс-шараларда үнемі киіп шығамын. Маған ұлттық бас киім ұнайды. Анамның айтуынша, ертеде қыз балалар басынан тақиясын тастамаған», деп өз ойымен бөлісті жасөспірім қыз.
Қазылар алқасының құрамында оқушылардың өнерін бағалаған Ғалия Сұңғатова жас ісмерлердің талабы көңілден шығатынын жеткізді. Ғалия Балтабайқызының өзі жастарды қолөнерге баулып, қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жүр. Ісмер жанның қолынан шыққан ерекше бұйымдары Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бүгінде ол – «Кәусар бұлақ» ата-әжелер мектебінің төрағасы.
«Тақия – қыз баланың талғамын оятып, сенімін қалыптастырып, бойының сұңғақ болып өсуіне әсер етеді. Ертеде халқымыз қыздарына 3 жасынан бастап тақия кигізген, бас жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Бойжете бастағанда кәмшат бөрік кигізген. Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт матадан тігіліп, моншақ-маржандармен әшекейленген. Соған орай оның зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе және т.б. түрлері бар», – дейді әжей.
Байқаудың екінші кезеңіне іріктелген 5 қатысушы тақияны дайын сұлбаларымен әшекейледі.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Қ.Бекқожин мектебінің 9-сынып оқушысы Даяна Қайрула иеленсе, екінші орынды Айару Бәкен (Қ.Бекқожин мектебінің 7-сынып оқушысы), бірінші орынды Жас дарын мектебінің өкілі Жәния Әуезова жеңіп алды. Ал бас жүлдеге Нұрай Өмірәлі ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ПАВЛОДАР