Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем кубогінде көкшетаулық мерген Еркін Ғаббасов екінші орынға ие болды. Әлемнің 49 мемлекетінің 268 спортшысы қатысқан дүбірлі додада жинаған ұпай санының нәтижесінде Парижде өтетін ХVІІ Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысу лицензиясына ие болды.
Елде үнемі атып жүрген мылтығы да, көздейтін нысанасы да қарапайым, қарабайыр дүниелер екен-ау. Әлем кубогінде жағдай өзгеше. Мылтықтары – соңғы үлгідегі мінсіз құралдар. Нысаналары да біздегідей үлбіреген қағаз емес. Жаңа мылтыққа машықтанып үйрену үшін де уақыт керек. Ал жарыс күтіп тұрмайды ғой. Нар тәуекел деген іштей. Еркін Тілеуқабылұлы ер мінезді қазақтың осы бір сөзін іштей жақсы көреді. Өзі де тәуекел етіп тас жұтуға әманда дайын. Ал қиындық атаулыны кезіктіріп тұрғаны бүгін ғана емес қой. Еменнің иір бұтағындай жаратылысынан мығым жігіт тағдырдың тәлкегін көптен бері көтеріп келеді емес пе?
Қырсық дейміз бе, жоқ әлде жазмыш па екен, кәтепті қара нар ғана көтеретін зілмауыр салмақ сонау 2006 жылы кезіккен. Кезіккенде де енді қайтып айырылмастай, қадам басып жүргізбестей, алдағы бар үмітін көктей солдырардай болды емес пе?! Облыс орталығындағы құрылыс жұмысында жазым болып, тоғызыншы қабаттан құлдилап құлап кеткен. Көрер жарығы бар екен, әйтпесе екінші, не үшінші қабат емес, ту сонау тоғызыншы қабат. Облыстық ауруханада операция жасалды. Енді қайтып аяғын баса алмайтыны белгілі болды. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, тағдырдың салған ісіне көндіккен. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығына орналасқан. Алматы экономика және статистика институтының Көкшетау филиалын бітіріп мамандық алғаны кәдеге асты.
Қоларбаға таңылып қалғаннан кейін бір-ақ білді. Құрылыс фирмасы ойда жоқ жерде мүмкіндігі шектеліп қалған адамға заң бойынша төленетін жәрдемақы бергісі келмеген. Дес бергенде тоғызыншы қабаттан құлағанда қалта телефоны сынбай аман қалыпты. Жұмыс басталардың алдында Еркін құрылыс алаңының тастай қараңғы, қоршаудың түбі босап, шайқалып тұрғанын түсіріп алған. Кейін сотта қаралған кезде дәлел болып шықты. Ауылдастарына айтар алғысы да аз емес. Әділдікке жету үшін олар да атсалысты. Әсіресе шоқ жұлдыздай Қараөзек ауылының тумасы, сол кездегі облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген Нартай Ысқақов ағасы шындыққа жету үшін жанын салып кіріскен.
Баспананың зары өткен соң «Аmanat» партиясы Ақмола облыстық филиалының сол кездегі төрағасы Ғалым Бекмағамбетовке жолығып, өтініш айтқан. Ғалым Мәдешұлы облыстық мәслихаттың депутаттар корпусына жағдайды түсіндіріп, көмек қолын созуын сұрады. Жанашыр жандардың арқасында үш бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл жай да Еркінді қанаттандыра түсті. Бірде өзі тәрізді тағдырдың тәлкегіне түскен Көкшетаудағы «Ақниет» мүгедектер қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Қымбат Досмағанбетова спортпен айналысу туралы кеңес берген. Міне, содан бері мылтық атумен шұғылданып келеді. Облыс орталығындағы №4 орта мектеп ғимаратында «Мерген» спорт клубы бар. Осы клубта жаттығады. 2022 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарды. 2023 жылы паралимпиадалық ойындарда бірінші орынға ие болды. Бұл жолы Үндістанда қазақ елінің атын шығарды. 619 ұпай жинапты, ал әлемдік рекорд – 631 ұпай.
– Спорттық керек-жарағымыз түгел болса, намысты қолдан бермес едік, – дейді спортшының өзі. – Бағзы заманда Алаштың құралайды көзге атқан мергендері жаққа жебені салып тұрып «тарта алмасам – маған серт, тимей кетсең – саған серт» дейді екен ғой. Бізде де солай. Осы жолы өркениетті елдердің спортшыларын көріп қызыққанымызды несін жасырайық. Стандартқа сай спорттық киімі, ататын мылтығы мен тапаншасы, оғына дейін өзгеше.
Аттыға еріп жарысса да кеудесінде намыс оты жанған көкшетаулық спортшы бәйге соңында шаң қауып қалмай, алдыңғы лектен көрінген. Жалауы желбіреп келген спортшыны көкшетаулық тілектес қауым күре жолдың бойындағы Құлагер ескерткішінің жанындағы ат арқасындай алаңқайда қарсы алды. Жаттықтырушысы Мүсілім Сәрсембеков қияндағы жарыстың қалай өткенін таратып айтып берді. Туған ауылы Қараөзектен жеткен қауым астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Жазғы паралимпиада ойындарында жеңіске жетуді тіледі. Көздегені мүлт кетпейтін сұрмерген нысанасына дөп тигізеріне біз де сендік. Еркіннің нысанасы мылтықтың қарауылына ілінетін кәдімгі нысана ғана емес, өз бойындағы қажыр мен қайраттың, ерлік пен өрліктің жас толқынның бойына дарытсам деген адал ниеті. Біз сұрмергеннің бұл жолда да мүлт кетпейтініне кәміл сендік.
Көкшетау