• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Наурыз, 2024

Ең үлкен марапат иесі

114 рет
көрсетілді

«Ауылын көріп, азаматын таны» деген тәмсіл ертеден бері еш мәнін жоймай келеді. Нұра ауданындағы шалғайда жатқан Тікенекті аулының тіршілігіне қарап, сіз де сүйсінесіз. Өркениеттен алыс жатса да, ажары бөлек ауыл алдыңғы жылы «Үлгілі ауыл» атанған еді. Мұның бәрі – әрине, Рамазан Әбілдин секілді елге елеңдеп, ауылға алаңдап тұратын жанашыр жандардың қолдауы.

Ауыл жанашыры Рамазан Мұқатайұлы – ауыл өрісін ақбас сиырға, Қамбар ата түлігіне толтырған. 2001 жылы ашқан «Сарыөзен» шаруа қожалығы өркен жайған. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Шөп шабатын, мал төлдейтін, еңбектің қыз­ған шағында тағы да қосымша жұмыс береді. Еңбек­ақысын тіпті артығымен төлеп, алдарына мал да салып, шөппен де қамтамасыз етеді.

Кіндік қаны тамған жеріне маңдайының да терін ертеден тамызып, сіңіріп келеді. Бұрынырақта кеңшардың кеңсесін жекешелендіріп алады. Ешкімнің қолына өтіп кетпесін, кейін ел кәдесіне жарасын деп. Сөйтіп, ауыл әкімдігінің балансына тегін берді. Бұған қоса ғимараттың бір жақ бөлігінен өзінің қаражатына мәдениет үйі мен жастарға клуб ашты. Осылайша, бар жиғанын өз қалтасына басып емес, ауылы үшін шашып жүреді.

Ауыл балаларына арнап, ойын алаңын да тарту еткен. Ауыл халқына  жазғы демалыс аймағын да салып берген. Рамазан Мұқатайұлының мұндай игі істері өте көп.

Ауыл мектебіне де алаңдап, қарайласып тұрады. Былтыр мектеп жабылудың сәл-ақ алдында қалғанда ауылдағы шаруа қожалық басшыларын ұйымдастырып, он отбасыны көшіріп әкелді. Оларға фермерлермен бірлесіп, тегін үй беріп, көмірін, шөбін түсірді, алдарына мал салды. Көшпен келген азаматтарды ауыл іргесіндегі «Шұбаркөл» кен орнына жұмысқа тұрғызды. Осының бәрінің басында жомарт жүректі азамат Рамазан жүреді. Міне, ұйысқан тірліктің арқасында мектеп оқушылары алаңсыз білімін алып жүр. Рамазан Мұқатайұлының қолдауымен мектепте түрлі акциялар өтіп тұрады. Мұндағы мұражайды ашып берген де – өзі.

Ауылдағы аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себетін үлестіріп отырады. Жылда шөпті тегін таратады. Жер-Ананың бергенін ауылдастарынан аянып қалмайды. Былтыр құрғақшылық көп шаруаға қолбайлау болды. Малы барлар қыстан қысылды. Сонда шаруашылығындағы 120 тонна шөпті тегін үлестірді.

Зайыбы Райхан Нұркешқызы – мектеп дирек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте 43 жыл еңбек өтілі бар. Жұбайының да жүрегі ізгілікке толы. Қайырымдылық жасау керек болса, ер-азаматына жүгінеді. Отағасы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлдары Ерболсын мемлекеттік қызметте біраз жыл еңбек етіп, кейін жеке кәсіппен айналысады. Үш немересі бар. Ал қыздары Айданадан бес жиені бар. «Бар бақытым – балаларым. Еліңе жақсылық жасасаң, ол өзіңнің алдыңнан шықпаса да, ұрпағыңның алдынан шығады», дейді кейіпкеріміз.

Ауылдағы әр үйге таза ауызсу тартылған. Көше толық жарықтандырылған. Интернет желісі де бар. Мұның бәрінде Рамазан мырзаның еңбегі айқын. Бүгінде аудандық мәслихаттың депутаты. Халық өзі аттай қалап, ұсынған. Ертеректе түрлі қызметке шақырту түссе де, аулынан алыстағысы келмеген азамат осылайша елінің қалаулысына айналып отыр.

– Әкем ертеректе үйге сойылған соғымның бір бөлігін достарына таратып беретін. Сонда неге деп сұрағанымда: «Балам, біз ет жеп отырсақ, ол кісілер құр нан жей ме? Бұлай болмайды. Бір ауыл­да отырған соң, бөліп жеуіміз керек. Сонда берекелі болады, ел-жұрт батасын береді», деп жауап қайыратын. Міне, содан бері барымызбен бөлісу өмір салтымызға айналды. Ауылдан өсіп-өнеді екенбіз, ал ауыл басына қиындық орнағанда тастап кетсек, не боламыз? Топырағының қастерін сезінеді екенбіз, бір тал еге алмасақ, қайткеніміз? Жалпы, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Ауылдағы фермерлерге шексіз ризашылық білдіру керек. Қай уақытта болсын ұсынысымызды қолдап, көмек қолын созған, демеушілік көрсетіп жүретін оларға көптің алғысы жаусын! Біздің бір ғана ойымыз бар: ауыл дамыса, ел өркендейді, – дейді атымтай жомарт Рамазан Мұқатайұлы.

Тұтас ауылдың ажарын ашып отырған Рамазан Мұқатайұлының марапаты жоқ екен. «Марапатты сатып алудан аулақпын. Көңіліме де жаға қоймайды. Менің марапатым ол – ауылдағы ағайынның алғысы», дейді өзі. Рас, Тікенекті ауылы Рамазан мырзаны төбесіне көтереді, аса қадірлейді.

 

Қарағанды облысы.

Нұра ауданы,

Тікенекті ауылы