ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 12 маусымда Қырғыз Республикасының уақытша үкіметінің басшысы Р.Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесті.
Қ.Саудабаев Ош қаласындағы тәртіп бұзушылық кезінде қаза болған және жарақат алған көптеген адамдардың қайғысына байланысты терең көңілін білдіріп, жалғасып отырған зорлық-зомбылыққа қатты алаңдаушылығын жеткізді.
Сол күні Қ.Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, ЕО-ның халықаралық қатынастар жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен, ЕО-ға төрағалық етуші Испанияның Сыртқы істер министрі М.Моратиноспен, Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавровпен, Түркия Сыртқы істер министрі А.Дәуітоғлымен телефон арқылы сөйлесті.
Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған жағдай туралы кең пікір алмасты. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы әңгімелесуші тараптарға өзінің арнайы өкілдері – ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов пен Венадағы ЕҚЫҰ Хатшылығының қақты-ғыстардың алдын алу жөніндегі орталығының жетекшісін Қырғызстанға жіберу туралы шешім қабылдағанын айтты. Өз кезектерінде БҰҰ мен ЕО жетекшілері жақын арада өздерінің арнайы өкілдерін Қырғызстанға жіберуге дайын екендіктерін білдірді. Ж.Кәрібжановтың үйлестіру мен Қырғызстандағы жағдайды оңалтудағы ынтымақтастықта тәжірибе жинап үлгергендіктерін атай отырып, тараптар алдағы уақытта да күштерін бірігіп жұмылдыруда тығыз байланыс ұстап отыруға келісті.
Қазақстан және оның Президенті Н.Назарбаев көршілес елдегі саяси дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап жағдайды реттеуге көмек көрсетуде және қазіргі туындаған қиын жағдайда да барлық қажетті шараларды екі жақты негізде де, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ретінде де қабылдайтынын мәлімдеді, деді Қ.Саудабаев.