Гуманоид робот
Жақында Figure AI адамдармен толыққанды байланыс орната алатын гуманоидты робот шығарды. Таң қаларлығы – ол адамдармен терең әңгімелесіп, әрекетіне түсініктеме бере алады. Жады да мықты. Тіпті келесі қадамды жоспарлауды, естеліктерді сақтауды және дәлелмен сөйлеуді біледі.
Робот OpenAI жүйелерімен біріктірілген. Адами сезім мен ақылды роботты жасаған компания өзіне «жалпы мақсаттағы гуманоидты өмірге әкелетін AI роботтехникасының бірінші түрі» деген баға берген. Бұл құлтемірлер өнімділікті арттырып, жұмыс күші тапшылығын жойып, қауіпті жұмыстағы адамдардың санын азайтуға көмектеспек.
Figure AI – тұтынушылық және коммерциялық мақсатта гуманоидты роботтарды құрастыратын роботтехника компаниясы. Компания ақылды роботтарды жасау үшін OpenAI-мен серіктес болып, 675 миллион долларлық инвестиция тартқан еді. Қаржыландыру раундына инвесторлар Джефф Безос, Microsoft, Nvidia, Intel, тағы басқалары бар. Технология саласындағы көптеген алпауыт құрылымдар осы компанияның бір бөлігін алғысы келетіні де белгілі.
Ажалдан арашалаған ара
АҚШ-та тұратын Элли Лобель өмірмен қоштасуға дайындалып жүр еді. Кенет оны ара шағып алады. Содан бастап бәрі өзгереді.
27 жастағы Элли лайма ауруын жұқтырып, мән бермегенінің кесірінен ушықтырып алады. Күндердің күнінде дәрігерлерден «аз ғана уақытыңыз қалды» дегенді де естиді. Оған небір диагноз қойылады: склероз, лупус, ревматоидты артрит, фибромиалгия. Күресуден шаршаған әйел бәрінен бас тартып, күдерін үзеді.
Калифорнияға барған кезінде оған аралар шабуыл жасайды. Түгін қалдырмай шағып, Эллидің сау-тамтығы қалмайды. Бірақ ең ғажабы – осы шабуылдан кейін ол алдыңғы дертінен құлантаза айығады. Медицина көзімен қарасақ, аралар Эллиді шаққан кезде, оның жасушалары нейрондарында «TRPV1» деп аталатын арнайы белсендіретін қабыну қосылысын шығарған. Яғни мелитин – ағзадағы басқа ферменттерге әсер етіп, өзге де реакциялар жүрген.
Бұл ғажайып оқиға ғылыми түрде әлі зерттелмеген. Бірақ жануарлардан алынатын уларды адамдарға зиян келтіретін токсиндерді емдеу үшін де қолдануға болатындығы бұрыннан белгілі. Мысалы, Азияда аралар ғасырлар бойы дәрілік мақсатта қолданылған. Рим империясының қуатты жауы Понтус патшасы Митридат та дала жыланының уымен қан кетуді тоқтатып, поле даласында ауыр жарақаттан, өлімнен құтылды деген де сөз бар.