• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Наурыз, 2024

Көктемгі қарбалас

70 рет
көрсетілді

Күннің көзі жадырағалы екі-үш тәулік болды. Ақ қар, көк мұз құрсанған дала дидары екінді ауа сәл жіп­сігенімен, бесінде қайта қатып, сіресіп жатыр.

Көктемнің хабаршысындай оқыс оқиға облыс орталығын­да болды. Әдетте қаланың қа­ры ерте ериді. Жүргіншінің көп­тігінен бе, жылу жүйесінің әсе­рі ме, әйтеуір қасат қардың кө­бесі тез сөгіледі. Бұл жолы да солай болды. Ырық бермес қызыл су облыс орталығында­ғы №22 мектепке лап берді. Әп-сәтте ғимараттың жертөлесін су басып қалды. Бірлік шағын ауда­нындағы жаңа салынған мектеп­те 360 оқушы оқып, білім ала­тын. Бір жақсысы, қызыл асық­тан келетін қызыл су қаптағанда оқушылар демалыста жүр еді. Ба­ла­ларға тамақ әзірлейтін асүй, кір жуу бөлмесіндегі арнайы жаб­дықтар, бірнеше тоңазытқыш, ас сақтайтын қойма, түгел су ас­тында қалды. Арнайы қызмет күні-түні кірпік ілмей, жертөлені судан тазартты. Жыраға құм са­лынған қаптар үйілді.

– Биыл қар көп түсті ғой. Суды сорғытып, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді мектеп директоры Манаргүл Тоқан.

Зеренді ауданында су басу қаупі төніп тұрған Шағалалы, Троицк, Айдабол, Алексеевка, Ивановка ауылдары қызыл судан қорғануға қарекет етіп жатыр. Бұл ауылдарды Шағалалы, Қылшақты өзендері жиектей жанап өтеді.

– Резервтен 22,8 млн теңге бөлінді. Аудан аумағында төрт гид­ротехникалық ғимарат бар. Мамандардың сараптауы­на қарағанда, Айдабол, Алек­сеевка, Ивановка, Подлесный бөгеттерінің жағдайы қанағат­танарлық, – дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Асхат Ахмедьянов.

Ауданда су тасқынының ал­дын алуға бағытталған іс-шара­лар ақпан айының алғашқы күн­дері басталған екен. Күні бү­гінге дейін ауданның елді мекен­дерінен 10 мың текше метр қар шығарылыпты. Жалпы ұзын­дығы 4,8 шақырым 18 арна, 10 арық, автокөлік жолдарының 85 же­ріндегі су өткізу құбырлары тазаланған. 1400 дана қапшық, 1 000 тонна инертті материал, 20 мың литр дизель отыны жи­нақталған. Төтенше жағдай­­лар туындай қалса, адамдарды та­мақ­тандыру мәселесі шешілген. 22 уақытша паналату пункттері дайындалған.

Жыл сайын тасқын судың зардабын тартатын Целиноград ауданында да тыңғылықты да­йындық жүргізілгенге ұқсайды. Аудандағы Қоянды, Шұбар, Арай­лы, Нұресіл, Өтеміс, Со­фиевка тәрізді елді мекендерден қар шығарылып, су өткізетін құ­бырлар тазартылып жатыр.

– Инженерлік қорғау жоспарынан тыс ауыл тұрғындарының өтініштерін зерделей зерттеп, 92 су өткізгіш қондырғы орнатылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Оспанов.

Өңір аудандарында дайын­дық жұмыстары ширатылып, жергілікті атқарушы органдар­дың барлық деңгейінде штаб құрылып, дайындық жұмыс­тары пысықталды. Коммунал­дық қызмет күшейтілген режімде жұ­мыс істеп жатыр. Жоғарыда айтылған ақпараттардың ау-жа­йы­на қарағанда, сынаққа төтеп беруге тиіспіз.

 

Ақмола облысы