Туризм – табысы тасқындап тұрған сала. Қазір әлемде кірісінің 90 пайыздан көбін осы саладан түскен қаражат қалыптастыратын елдер жетерлік. Біздің экономикамыз бұған қарап қалмаса да, артық ақша қалтамызды жарып шықпасы анық. Ондай қосымша кіріс көзі боларлық әлеует мол. Оны күні кеше әлем алдында тағы бір дәлелдеп бердік.
Шығыстағы масатыдай құлпырған Катонқарағай ұлттық саябағы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының басым экоөңірлерінің бірі. Талайды сұлулығымен тамсандырған саябақ 2024 жылғы Green destinations Story Awards байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Байқау ITB Berlin ірі әлемдік туристік көрмесінде өткен еді. Халықаралық ITB Berlin 2024 туристік көрмесі аясында Шығыс Қазақстан облысының «Катонқарағай аймағын тұрақты дамыту» қоғамдық қоры «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» аталымында 3-орын жеңіп алды. Қоғамдық қор бұған дейін «Өркендеуші қоғамдастықтар» категориясында жеңіске жеткен-тұғын.
«Катонқарағайдың тұмса табиғатын екінші Швейцария деп атайтындар көп. Алайда осы жолы Катонқарағай өзінің бірегейлігімен ерекшеленіп, Қазақстанда тұрақты туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Катонқарағай әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар арасында өте танымал орынға айналды. Ауданымызда көптеген туристік нысандар мен маршруттар бар. Табиғат өзінің байлығымен, әртүрлілігімен және әсемдігімен таңғалдырады. Мұнда қарлы таулардың, түрлі түсті жартастардың, мөлдір көлдер мен тау өзендерінің, балқарағай мен жидек алқаптарының керемет үйлесімін көре аласыз. Ұлттық саябақтың аумағында сирек кездесетін өсімдіктер, пион мен қызғалдақтардың сирек түрлері өседі. «Қызыл кітапқа» енген қар барысы, Алтай бұлғыны, тас сусары, қара лейлек сияқты жануарлар өздерін жайлы сезінеді», дейді аудан әкімі Ділдар Қалихан.
Internationale Tourismus-Börse Berlin жыл сайын 180 елден 10 мыңнан аса экспоненттерді және 160 мыңнан аса келушілерді қарсы алады. Соның ішінде 113 500 туризм саласының мамандары мен 10 мыңнан аса ірі әлеуетті сатып алушылардың басын қосты.
«Жергілікті кәсіпкерлер Серік Толықпаев пен Қайрат Ахмедтің бастамасымен арнайы қор құрылып, Катонқарағай тұрақты даму стратегиясы бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл жұмысқа әлемдік сарапшылар қауымдастығының баға бергені бізді жігерлендірді. Қазақстанның әрбір ауыл аймағының тұрақты даму жолына түсуге мүмкіндігі бар. Бұл үшін ауданды дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы мен оны жүзеге асыруда қоғамның, бизнестің және мемлекеттің бірлескен күш-жігері қажет», деді қордың атқарушы директоры Серік Жүнісов.
Әлемдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі ITB Berlin 2024-ке 5-7 наурыз күндері елімізден Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, туризм индустриясының және Алматы, Шымкент қалаларының, Түркістан және Жетісу облысы әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Биылғы стенд дизайны 2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналған. Туризм саласы өкілдерінің бұл іс-шараға қатысуы келісімшарттар жасасуға, бар серіктестіктерді нығайтуға және елімізге жаңа туристерді тартуға тамаша мүмкіндік береді.
2014 жылы ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын мұралар тізіміне Катонқарағай ұлттық саябағы мен Атыраудағы «Ақжайық» табиғи қорығы кірген еді. Аталған қорықтар халықаралық ұйымның өкілетті комиссиясының шешімімен жер бетіндегі хайуанаттар әлемі мен қоршаған ортаға жағымды әсер ететін биосфералық резервуарлар мәртебесіне ие болды.
Қазіргі уақытта жаһандық желінің қарамағына 119 мемлекеттің 631 ұлттық саябағы топтасқан, оның 14-і трансшекаралық аумақта орналасқан. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлттық саябағы. Қатын тауынан басталып солтүстігінде Оңтүстік Алтайға дейін көсіліп жатқан ұлттық саябақтың жалпы аумағы миллион гектардан асып жығылады. Ол жерде мыңнан аса түрлі өсімдіктер, көпжылдық шөптер мен гүлдер, саңырауқұлақтар өседі. Әлемде сирек кездесетін түз тағылары да сонда мекендейді.
Катонқарағай ұлттық саябағының ауданы 643 мың гектардан асады, ал аумағы түрлі флора мен фаунаға бай. Кейінгі жылдары елімізде ішкі туризмге деген қызығушылық арта түсті. Оның ішінде әсіресе ұлттық саябақтарға келуге құлшынатындар көп. Мұның экологиялық туризмді дамытуға зор септігін тигізетіні сөзсіз. Ел аумағында барлығы 14 ұлттық саябақ орналасқан. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, кейінгі бір жылда ұлттық саябақтарға 2 миллионға жуық турист келген.
«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы 2001 жылы құрылған. Мұнда Көккөл сарқырамасы, «Рахман қайнарлары» жылу көздері, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы және әсем табиғат аумағында шоғырланған басқа да көптеген көрікті жер бар. Құстардың 300-дей түрі, өсімдіктердің мың түрі, сүтқоректілердің 68 түрі, балықтың 17 түрі, омыртқасыздардың 10 мыңнан аса түрі мекендейді», дейді саябақ қызметкерлері.
Қазір ұлттық саябақта 350-ден аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға байланысты 120-ға жуық штаттан тыс жұмысшы тартылыпты.
Бұл салаға қыруар қаржы жұмсалған мемлекеттік жобалардың жемісі деуге келмес, дегенмен сала баяу да болса дамып келеді. Не десек те, тозған жолдар мен қолайсыздықтар отандастарымыздың өзіміздің көрікті жерлерді көруге деген құлшынысына кедергі болып отырған жоқ. Ал жағдай жасап, жолдарды жөндеп, инфрақұрылымды дамытар болсақ, елімізге келгісі, көргісі келетін туристердің саны еселеп артатыны анық. Тұмса табиғатымызды танытып, табысы мол саладан біздің де үлес алатынымыздан үмітіміз мол.