Керекуде соңғы 10 жылда суретшілердің бірде-бір симпозиумы өтпепті. Қылқалам шеберлерінің республикалық және халықаралық деңгейге жетуі үшін мұндай іс-шаралар қажет-ақ. Алайда өңірде сурет өнерінің сүлейлерін қолдаудың аздығы байқалып отыр.
Наурыз мейрамына орай «Павлодар облысы суретшілер одағы» ҚБ мүшелері мен жергілікті суретшілердің есептік көрмесінің ашылуы қатысып, сиқырлы саусақтарымен кенепке жан бітірген өнер иелерінің базынасына құлақ түріп қайттық.
Жергілікті қылқалам шеберлері соңғы уақытта тәжірибе алмасудың азайып бара жатқанына шағымданды. Шығармашылық іс-шаралар өте сирек өтеді, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тапсырыс жоқтың қасы. Ал Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген әйгілі тұлғаларды кенепке түсіру, мүсіндерін бейнелеу мәселесін мемлекеттік саясат пен мәдениетімізге жауап беретін мекемелер тіпті ұмыт қалдырғандай. Бүгінде суретшілер одағының филиалында небәрі 22 мүшесі ғана бар. Одақ мүшелерінің жасы қартайып барады. Жас дегендерінің өзі 40-ты орталап қалған. Осының барлығы жергілікті деңгейде қолдаудың аздығынан, суретшілердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерінің төмендеп кетуінен деп есептейді шығармашылық иелері.
«Жасырып керегі не, кейбір мықты суретшілеріміздің ізденуге мұршасы жоқ. Қазір үнемі сурет салумен айналысып, өмір сүру мүлде мүмкін емес. Біздің қатарымыздағы азаматтардың бірі мектепте еңбек етсе, енді бірі күзетші болып жұмыс істеп жүр. Отбасыларын асырауы керек қой. Соңғы 10 жылда облыста суретшілердің симпозиумы бірде-бір рет өтіп көрген жоқ. 2003 жылы Баянауылға 20 суретші, Павлодар қаласына 20 мүсінші жиналып, керемет тәжірибе алаңы болған еді. Сол симпозиум нәтижесінде облыс орталығында қаншама мүсіндер пайда болды. Одан соң 2013 жылғы симпозиумды сұрап жүріп ұйымдастырдық. Содан бері суретшілердің әлгіндей республикалық, халықаралық жиындарын өткізу біз үшін арманға айналып қалды. Суретшілердің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу дегенді ұмыттық. Жыл сайын жергілікті мәдениет басқармасына, облыс басшылығына өтінішпен шығамыз, алайда тауымыз шағылып қала береміз. Анау Алматы қаласында, Атырау, Түркістан, Талдықорған өңірлерінде жылына 2 реттен симпозиум өтеді. Біздің басшылар ақша жоқ деп құтылады. Қаланың айналасы толған ірі зауыттар, демеуші табылмайды дегенге кім сенеді?..» – деп қынжылады «Павлодар облыстық суретшілер одағы» ҚБ төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көркемсурет академиясының академигі Өсербай Шұранов.
Биыл – Павлодар облысында дүниеге келген тарихи тұлғалар мен әйгілі жерлестеріміздің мерейтойлық жылдары. Бұған қоса Павлодар облыстық көркемсурет музейінің құрылғанына – 60, ал заманында танымал суретші болған Нағымбек Нұрмұхаммедовтің туғанына – 100 жыл. Былтыр Нұрмұхаммедовтің есімі музейге берілді. Ендігі кезекте оның мерейтойын әйгілі жерлестеріміздің қатарында атап өту көзделген.
Өкінішке қарай, керекулік музейде Нұрмұхаммедовтің өзі тұрмақ, өзге тарихи тұлғаларға арналған портреттер жоқтың қасы. Қазақстан ғылымының негізін салған Қ.Сәтбаевтың, археология ғылымының атасы Ә.Марғұланның, ғұлама Мәшһүр Жүсіптің, Алаш қайраткері Ж.Аймауытұлының суреттері жоқ. Себебі тапсырыс жоқ.
«Біздің суретшілер тарихи адамдардың портреттерін салып беруге әрдайым дайын. Алайда олардың еңбегі үшін төленуі керек қой. Қазір барлығы мемлекеттік сатып алуларға көшіп кеткен. Біз сияқты қарапайым шығармашылық адамдары конкурс дегенді түсінбейміз. Кейбір жағдайда суреттер салу, безендіру үшін мемлекеттік сатып алулар ойнатылып жатыр дегенді естиміз. Бірақ оны сырттан өзге адамдар ұтып алады. Соңғы жылдары облыста бірнеше қазақ мектебі ашылды. Біз мектептерге есімі берілген тұлғалардың суреттерін салайық, мүсіндерін жасап берейік деп ұсыныс тастағанбыз. Алайда бізді тағы ешкім естімеді. Мысал үшін биыл халық геологы Қосым Пішенбаевтің 180 және балалар ақыны, қаламгер Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығына орай әріптесіміз Рыспек Стыбаев қос тұлғаның портретін тамаша етіп салды. Олар көрмеге де қойылды. Суретші қаншама еңбегін жұмсаған бұл екі кескіндемені әлі күнге ешкім сатып алмай отыр. Қ.Пішенбаев Екібастұз көмірі мен Майқайың алтынын алғаш болып ашқан әйгілі кентанушы емес пе? Жергілікті билік пен көмір кеніштерінің қожайындары ол картинаны көрсе де, байқамаған болып отыр. Өнерге деген осындай селқостық біздің шығармашылығымызға қаяу түсіреді. Бұдан бөлек, суретшілеріміз үшін ыңғайлы әрі кең шеберхана да жоқ. Салынып жатқан көпқабатты үйлердің шатыры астынан шеберхана жасақтауды сұрап келеміз. Оны біздің мүшелеріміз жалға алуға дайын», деп әңгімесін жалғастырды Ө.Шұранов.
Одақтың филиалы мәдениет басқармасына биыл облыста қайтсек те симпозиум өткізейік деп ұсыныс жасаған екен. Бірақ оған қатысты нақты шешім қабылданбапты. Суретшілердің пікірінше, жиын күзде ұйымдастырылуы керек. Әрі оған шақырылатын суретшілердің тізімі алдын ала жасалып, олар салатын суреттер алдын ала бөлініп берілуі тиіс. Симпозиум қорытындысы бойынша каталог шығару да жауапкершілікті қажет ететін іс. Суретшілеріміздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай іс-шаралар көп болуы керек деп есептейді қылқалам шеберлері.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев жалпы шығармашылық тұрғысынан суретшілердің жоспарлары орындалмай отырғанын жеткізді. Бұрындары осы уақытта бірнеше плэнерлер өтетін. Қазіргі суретшілердің көбі салондық картиналар салуға құмар. Соған орай одақтың қатарын толықтыруға ниетті адамдар аз екенін атап өтті ол.
Павлодар облысы