• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2024

Қоянды: су қаупі сейілді

147 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылындағы үйлерін су алған тұрғындар төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылығын білдірді. Себебі жағдай ушығып, біраз тұрғын үй мен аулаларды су басып қалған. Жағдайды көзбен көріп, жауапты мекемелердің уәжін тыңдап көрдік.

Ауыл тұрғындарының қай-қайсы­сынан сұрасаң да: «қыста қарға, көктем мен жазда лай-батпаққа батамыз», дейді. Сөйтіп, кеше жергілікті тұрғындар су басуға қарсы іс-шара қол­дануға жергілікті биліктің назарын аудару мақсатында жолға жиналған. Наразы тұрғындармен Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков және Ақмола облыстық ТЖД басшысы Қанат Доспаев кездесіп, жағдайды тұрақтандыруға кіріскен.

«Сағат 22.00-де барлық жол ашылып, тұрғындар үйлеріне тарады. Қазіргі уақытта Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Шамамен 150 мың текше метр қар тасымалданды. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арық пен канал, 46 су өткізу құбыры тазартылды, 35 мың текше метрден астам қар суы шығарылды», дейді аудан әкімі.

Ал ауыл тұрғындары Қоянды ауылын су алғаны тек биыл ғана емес екенін айтады. Олардың айтуына қарағанда, мұндай келеңсіздікті түбегейлі жоймаса, жылда осылай зар қақсап отыратын көрінеді.

«Жалпы ауылдың құрылыс жоспары ғылыми жобаланбаған. Бейберекет салынған үйлерден қарғын су ағып өте алмай, үйлерді су басып жатыр. Бұрынғы суағарларға да үй салынып, арықтардың жолы бөгелген. Бұған қоса ауыл арасына асфальт жол салғанда суағар қалдырмаған, яғни көтеріңкі салынған жолдың көбінде көпір жоқ. Ал қыста қар шығару жұмысы да дұрыс болмады. Жолды ашып қойғаннан басқа өнімді жұмыс атқарылған жоқ. Еріген қар суының қайдан келіп, қайда кететіні жөнінде тексеру жүргізіліп, дайындық жасалу керек қой», дейді ауыл тұрғыны Құрметбек Бергенов.

Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай да бұл уәжді жоққа шығар­майды. Оның айтуынша, қар суының басуына ең бірінші қаржының жетіс­пеушілігі болса, екінші ауыл құрылысы дұрыс жоспарланбаған.

«2004 жылы Қоянды ауылында 58 үй болса, 2024 жылға дейін 5 мыңға жақындады. Ауылдың ішкі жолы – 180 шақырым. Оның 30 шақырымы – асфальт. 108 көше бар. Ауылда су жина­латын тоған бар. Ол жеке кәсіп­керге тиесілі. Біраз су соған жиналады. Бұған қоса су тасқынының алдын алуға арналған арықтар қазылған. Алайда ауыл әу баста инфрақұрылымсыз салынған. Мысалы, бірінші үй салынған (тағаны талапқа сай емес), одан кейін жол түскен. Жол үйлерден биік тұр. Мәселенің ушығуына осындай нәрселер себеп болып отыр. Қыста қар шығаруға 55 млн теңге бөлінді. Бірақ ауылдың бүкіл қарын қыс бойы шығарып оты­ру­ға бұл қаражат жеткіліксіз. Бұған ең кемі жарты млрд қаржы керек. Мұ­ны­мен мәселені түбегейлі шешуге бола­ды. 55 млн қаржының күшімен жұ­мыс­тар жүргізілді. 38 мың текше метр қар шығарылды. Атқарылған жұ­мыс­­тарды аудан басшылығына баян­дап отырдық. Қысқаша айтқанда, Қояндының мәртебесі – ауыл, оған бөлінетін қаржы да ауылдық деңгейде. Ал шын мәнінде бұл ауыл – кейбір аудандардан да ірі елді мекен», дейді ауыл әкімі.

Қоянды ауылында су сору жұмыстары жалғасып жатқаны байқалады. Қазіргі кезде жағдай біршама тұрақтанған. Ақмола облысы ТЖД баспасөз қыз­метінің мәліметінше, су тасқынына қарсы жұмыстарға Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен техникасы тартылған.

«27 наурыз күнгі сағат 06.00 жағдай бойынша Қоянды ауылында 80 мың текше метр еріген қар суы сорғызылды. Бұған Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардан 76 адам, 17 техника және 18 мотопомпа тартылды. Қазіргі кезде жағдай қалыпты», деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Қ.Доспаев.