Күн жылына басталғалы бір апта болды. Даладағы қар күрт ерімей, бір қатып, бір жібіген күйде. Дегенмен қарғын судан қауіп жоқ емес. Әзірге аймағымыздағы ахуал қалыпты. Жергілікті биліктің қатаң бақылауында.
Космомониторинг деректері бойынша бүгінде облыс аумағының 61 пайызын қар алып жатыр. Өңірдегі өзендерден де төніп тұрған қауіп әзірге жоқ. Өз арналарында. Яғни су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Елді мекендерді, қаладағы үй-жайларды су басу тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауында ұстап отыр. Қамданыс бар. 3 765 тонна жанар-жағармай, 171 тонна азық-түлік, 64 мың тонна инертті материал, 145 мың сөмке әзірленді. Бұған қоса 2 млн 600 мың текше метрден аса қар шығарылды. 45 шақырымдық су бұру траншеялары кесілді, 137 шақырымдық каналдар мен арықтар, 4 635 су өткізу құбыры, 441 көпір толығымен тазартылды.
«Самарқанд су қоймасынан секундына 20 текше метр, Ынтымақ су қоймасынан 6,4 текше метр көлемінде санитариялық төгінділер жүргізіліп жатыр. Азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілген. Саны 4 125 адам, 1 754 техника, оның ішінде ТЖД бөлімшелерінен 360 адам, 70 техника әзір. Азаматтық қорғау қызметтерін, ұйымдарды, әскери қолбасшылық органдары мен полиция департаментінен 3 675 қызметкер, 1 631 техника дайын», дейді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.
Жалпы ауданы 3 800 текше метр болатын 2 учаскеде мұзды кесу және бұрғылау жүргізілді. Департамент қызметкерлері жағдайды мониторингтеу мақсатында су тасқыны қаупі бар елді мекендерді тәулік бойы аралап жүр. Мұндай кезеңде халықты ақпараттандыру мәселесі аса маңызды. Бұл бағыт бойынша департамент қызметкерлері жұмысын күшейткен. Мәселен, 28 мыңнан аса адамды қамтыған халықпен 286 жиын өткізілді. Халыққа 25 мыңнан аса жадынама парағы табысталды.
«Облыстың телеарналары бойынша су тасқыны кезеңінде ТЖ алдын алу мәселелері бойынша 42 хабар эфирге шықты, радио тораптары арқылы 1 300-ден аса ескерту хабары тарады, басылымдарға 32 материал шықты. Әлеуметтік желілерде 257 материал жарияланды. Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде және ерекше бақылауда», дейді Мұрат Қасенұлы.
Жақында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің басшысы Мұрат Қатпанов Қарқаралы ауданындағы жұмыс сапарында бірқатар ауылдық округтерді аралап, көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарымен танысқан еді. Облыс басшысы су тасқыны болу ықтималдылығы басым саналатын Ынталы, Угар, Қаршығалы, Тегісшілдік және Н.Әбдіров ауылдық округтеріндегі су өткізгіш құбырлардың, көпірлер мен су бөгеттерінің жағдайын көрді. Мұның алдында аймақ басшысы Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентіне, Садовое мен Чкалово ауылына, Ақтау кентіндегі Мырза стансасына барып, ахуалды көзімен көріп қайтқан еді.
Қарағанды облысы