Наурызнаманың Жаңару күнінде елордалық жастар шаһардағы аулаларды қардан тазартты. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері бастамасымен ұйымдастырылған науқанға өзге де ұйымдар қосылды.
Көктем келісімен елорда көшелеріне қар суы жайылды. Тіпті кей бөліктерінде қарғын су жолдарға жайылып, жаяу жүргіншілерді былай қойғанда, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр. Бұған алаңдаған белсенділер қолда бар құралымен әлі ери қоймаған қала бұрыштарын қардан тазалап әлек.
– Біз бүгін табиғатпен бірге қаламыз да жаңарсын деген ниетпен үлкен саябақтардың қарын аршып, тазартуға күш салып отырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қолдан келгенді істеп, бір-біріне қамқор, тілеулес болу тәрбиеде бар. Бұл бір жағынан жастардың бойындағы экомәдениетті қалыптастыруға сеп болады, – дейді «Қазақстан студенттер альянсы» төрағасының орынбасары Сағындық Сейіткәрім.
Дәл осындай экологиялық акция Батыс Қазақстан облысында да жалғасты. Орал қаласында өткен сенбілікке қала тұрғындары, қоғамдық бірлестіктер, студенттер, жастар және табиғат жанашырлары қатысты. Жиналғандардың жалпы саны 350-ден асты. Олар Шаған өзенінің жанын қураған ағаштардан тазартып, жол жиегіндегі қоқыстарды, ағаш сынықтарын жинады. Іс-шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те бой көрсетті. Өңір басшысы сенбілікке қатысушыларға алғысын білдіріп, қала әкімдігімен жауапты мекемелерге қаланы тазарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурызнама онкүндігіне орай өңірімізде көптеген іс-шара өтті. Жаңару күнінде сенбілікке шыққан жандарға алғысым шексіз. Шаған өзенінің екі жағында қураған, құлаған ағаштар көп. Тазарту жұмыстары ақпан айында басталып, құлауға жақын тұрған ағаштар кесілді. Қураған ағаштардан біз уақтылы құтылуымыз керек. Жалпы алғанда, тиісті мекемелер шаһарымызды тазарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берген жөн. Оларды тазалыққа үйрету керек. Сол бағытта ұйымдастырылған осы сенбіліктің пайдасы көп, – дейді Н.Төреғалиев.
Ал Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы мен барлық ауданда «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында 16 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы, облыстық сенбілікке 25 мыңнан астам адам қатысыпты. Қонаев қаласының жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері көл жағалауындағы демалушылар көп келетін орындар мен саябақтарды, көшелерді абаттандырып, «Барыс» монументінің маңайын қоқыстан тазартты.
– Қазіргі таңда экологиялық проблемалар – өте өзекті және күрделі мәселе. Сол тұрғыда «Бірге – таза Қазақстан!» акциясының негізгі мақсаты – табиғи ресурстарды үнемді, мақсатты, сапалы пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қоршаған ортаға байланысты экологиялық проблемаларды халық болып, қоғам болып шешу. Науқан 5 жылдан бері тұрақты түрде жылына екі рет ұйымдастырылып келеді, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Ескендірұлы.
Күн жылынып, қара жер көрінген соң, еліміздің әр өңірінде экоакциялардың қатары көбейетіні анық. Осы ретте «Астана жастарының» белсенділері жыл сайын саябақтарға көшеттер отырғызуға жәрдемдесіп, тарихи орындарды тазалау жұмыстарын жүргізетінін айтты.
– Біз «Жер сағаты» акциясын өткіздік. «Жер сағаты» – Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жыл сайынғы жаһандық халықаралық іс-шара. Науқан жыл сайын наурыздың соңғы сенбілерінің бірінде өтеді. Себебі бұл күні белгіленген уақытта әлемнің әртүрлі елдеріндегі адамдар бір сағатқа жарық пен басқа да электр құралдарын өшіреді. Мұндағы мақсат – жер шарындағы климаттың өзгеруі проблемасына әлемдік қауымдастықтардың назарын аудару, осы экологиялық мәселені шешуде бірігіп жұмыс істеу қажет екенін алға тарту. Алдағы уақытта қаладағы көшеттердің санын көбейту мақсатында 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында «Ұлттық ағаш отырғызу» науқаны басталады. Игі істі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында да қайта жалғастырамыз. Ал маусымда «Халықаралық орман еріктілері мектебі» жобасы іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді волонтер Алан Балтабайұлы.