Бүгінде тұрмыста қолданатын заттар, соның ішінде балаларға арналған ойыншықтар да негізінен пластиктен жасалады. Айта кетейік, пластик пен пластмасса – бір материал. Кеңес заманында пластик сөзі (ағылшынша – plastic) аз қолданғандықтан пластмасса сөзі жиі пайдаланылды.
Бұл материалдан жасалған ойыншықтар беріктігі мен әдемілігінен басқа, балалар денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс. Әсіресе мамандар ойыншық сатып алған кезде оның өткір иісі болу-болмауына назар аударуға кеңес береді. Егер өткір иіс болса, бұл материал құрамында фталат, формальдегид немесе барий, кадмий, хром, қорғасын, сынап және селен сияқты ауыр металдардың көп екенін білдіруі мүмкін. Ал бұлардың шамадан тыс болуы бала денсаулығы үшін өте қауіпті.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының маманы Ермек Тоқбергеновтің айтуынша, полимер өндіруде сапасы төмен шикізат қолданылса немесе өндіріс технологиясы бұзылса, пластмассалар деструкцияға ұшырап, сыртқы ортаға қаупі бар химиялық заттарды бөледі.
«Пластмасса – поливинилхлорид, полистирол, полиэтилен, полипропилен сияқты синтетикалық немесе табиғи жоғары молекулалық қосылыстар арқылы жасалатын полимерлер тобының жалпы атауы. Ішінара немесе толығымен поливинилхлоридтен (ПВХ) жасалған ойыншықтар денсаулыққа қауіп төндіреді. ПВХ пластификаторы ретінде фталаттар қолданылады, олар пластикалық өнімдерден шығарылады. Қыздырған кезде мұндай ойыншықтар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін», дейді ол.
Сондықтан мамандар суға салып ойнайтын ойыншықтарға, қыздыруды немесе қайнатуды қажет ететін емізік пен тістеуге арналған резеңке секілді заттарды мұқият тексеріп алуға кеңес береді. Олардың айтуынша, пластификатордан басқа пластмасса құрамына оксиданттар кіріп, олардың бірі ретінде фенол қолданылады.
«Фенол уытты, тері және шырышты қабаттар арқылы қанға сіңеді, содан кейін тіндер мен ағзаға енеді. Фенолдан уланған кезде әлсіздік, қатты шаршау, ұйқының бұзылуы, бас ауруы, бас айналу, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, терінің қышуы, дерматит байқалады. Сондықтан балаларыңызға мұндай ойыншықтарды таңдағанда абай болыңыздар», дейді Е.Тоқбергенов.
Пластик ойыншықтарды аларда «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 008/2011) талаптарына сәйкестік сертификаты бар екеніне көз жеткізу қажет. Сонымен бірге денсаулыққа зиянды болуының басты белгілерінің бірі – иісі қатты шығуы. Оған да көңіл аударуды ұмытпаған жөн. Мамандар ойыншықтардың да жарамдылық мерзімі өтетінін айтады. Сондықтан ұзақ уақыт қолданыста болған ойыншықтардан арылып отырған дұрыс.