С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстан-Чех халықаралық аквамәдениет орталығы ашылды. Ол жерде жаңа әдістерді қолдана отырып, балық пен суда өсетін басқа да тұқымдар зерттеледі, оларды көбейту жұмыстары жүргізіледі. Қазір мұндағы балық өсіру цехында африкалық жайын, тиляпия, көксерке, бекіре өсіріліп жатыр. Австралиялық көк шаян мен теңіз шаяны да бар.
Мамандардың пікірінше, африкалық жайын суыққа төзімсіз. Шабақтарды +22-28 градус аралығындағы температурада ұстаған дұрыс. Одан да көктем мен жаз соңына дейін арнайы тоғанда бағып, сырт елдерге экспорттауға әбден болады.
Ветеринария ғылымдарының докторы Қуаныш Сыздықовтың айтуынша, орталықтағы зерттеу жұмыстары елдегі балық ісімен айналысатын кәсіпкерлерге де көп кеңес бере алады.
Жиынға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ректоры Қанат Тіреуов, Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павол Шепеляк және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты. ҚазАТЗУ мен Оңтүстік Богемия (Чех Будеевице) университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында осындай игі бастама іске асып отыр.
– Біздің университет үшін даму басымдықтарының бірі – білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, бірлескен ғылыми жобалар мен орталықтарды дамыту мәселесіне үлкен көңіл бөлу. Университеттің стратегиялық дамуының басты мақсаты – түлектеріміздің ішкі және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі мен сұранысын арттыру. Бүгінде білім және ғылым саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатыса отырып, әлемнің 40-тан аса еліндегі серіктестермен халықаралық ынтымақтастық орнаттық. Бүгінде Чехияның 3 университетімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Қанат Тіреуов.
Орталықтың маңызды бағыты – ғылыми-зерттеу жұмыстары мен мақалаларды бірлесіп жариялау, сондай-ақ халықаралық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысу.
– Қазақстан-Чех халықаралық акваөсіру ғылыми орталығы – ғылым мен техника дамуының тарихи маңызды нысаны әрі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың тамаша үлгісі. Бұған дейін осы мәселе екі ел арасында талықалаудан өтті. Расымен, жобаның қағазда бетінде қалмай, іске асқаны үлкен қуаныш. Жалпы, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтық негізінде орталық жұмысы балық өсіру және аулау ісін жандандыруға күш береді деп сенемін. Чехияда балық өндірісі ішкі тұтынуда да, экспорттау жағынан да жақсы дамыған. Чех балық өсірушілерінің ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі және заманауи ғылыми жетістіктері қазақстандық әріптестерге үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Осы салада ғылыми зерттеу жүргізілетін Оңтүстік Чехия университетінің балық шаруашылығы және суды қорғау факультеті оқу және практикалық қызметті біріктіріп, жаңа акваөсіру нысандарын енгізумен, жаңа балық азықтарын тәжірибеден өткізу және басқа зерттеулермен айналысып келеді, – деді елші Павол Шепеляк.
Елшінің сөзінше, 2022 жылы көктемде Чехияның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астанадағы Чехия елшілігінің қолдауымен өздеріндегі балық өсіруші ұйымдардың ғылыми бағыттағы қызметімен таныстыру үшін қазақстандық балық өсірушілерге арнайы сапар ұйымдастырған. Ал былтыр күзде Чехияның Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборныйдың Қазақстанға сапарында ғылыми ынтымақтастық тақырыбында сөз қозғалып, орталықтың ашылуына қолдау көрсетілген.
Айта кетейік, Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Іле-шала Премьер-министрдің тапсырмасымен барлық өңірде осы жылдарға қатысты өңірлік бағдарлама әзірленіп, арнайы қаулымен бекітілді. Жоғарыда айтылғандай, балық шаруашылығындағы үлкенді-кішілі жобаларға аталған орталықтың көмегі көп болады деген сенім бар.