Ымырт үйіріліп, көз байланып бара жатқан шақ еді. Аға лейтенант Руслан Кравцуновтың телефоны шыр ете түсті. Беймезгіл уақытта соғылған телефоннан жеткен ақпаратқа қарағанда әлдебір қала тұрғыны етжақын туысы, жасы жер ортасынан асқан ағайынының хабарсыз кеткенінен күдіктеніп, пәтеріне барғанымен, есігінен ене алмай тұр екен. Дірілдеп шыққан дауысы ішкі жан сезімін ұқтырып тұрғандай.
Бәзбіреулер болса «бәлкім ұйықтап жатқан шығар» деп ұзын арқан, кең тұсауға салар еді. Адамдардың тағдырына ешқашан бейжай қарамайтын аға лейтенант көмек қолын созуға асықты. Іле жеткен. Бірінші қабатта жалғызбасты зейнеткер тұрады екен. Шамалы уақыт мықтап жабылған есігін қағып көрді. Тырс еткен дыбыс жоқ. Мазасызданған туыстары жедел жәрдем шақырып жатыр. Әйтсе де, істің байыбына көз жеткізбей тағы болмайды. Мұндайда уақыттың жылдам жүретіні бар. Аға лейтенант көп ойланып тұрмастан бірінші қабаттағы пәтердің терезені жұлып алып, ішке енді. Қаусап тұрған терезеден адам өмірі қымбат емес пе?! Бас аман болса, кейін жөнделе жатар. Дәл осы уақытта суыт хабар түскен жедел жәрдем бригадасы да жетіп үлгерді. Руслан Кравцунов үйге енген соң үй иесін бірден тапқан. Ес-түссіз, сұлық жатыр екен. Әйтсе де жүрегі соғады.
Іле сырқат ауруханаға жеткізілді. Алғашқы диагноз – инсульт. Дәрігерлік көмек уақытында көрсетілгеннен кейін көрер жарығы бар қария анық ажалдан аман қалды. Онда да, өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын полиция қызметкерінің арқасында. Айтпақшы, бұл Русланның жанашырлық жасаған жалғыз оқиғасы емес, осыдан бірнеше ай бұрын тағы осындай бір оқиға болды. Ол жолы полиция қызметкеріне пәтерге үшінші қабаттағы балкон арқылы кіруге тура келген. Сөйтсе, әжей ауыр халде, ес-түссіз жатыр екен. Жанашыр жанның әбжіл қимылының арқасында татар дәмі таусылмай аман қалды. Басына күн түскенде нақ бір періштедей таза көңілмен қасынан табылатын жанашыр жандардың көмегі қандай керемет.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы