Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Одақтық шартқа өзгеріс енеді
Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы құқығында кездесетін техникалық реттеу, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тарифтік емес реттеу және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты олқылықтарды жоюға арналған. Заңда қарастырылған түзетулер мүше мемлекеттердің ЕАЭО-ның карантинге жатқызылған нысандарының бірыңғай тізбесіне қосылмаған зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шаралар қабылдауды, электрондық форматта өткізілетін сатып алуға қатысуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тануды, сондай-ақ тауарларды әкелу және әкету кезінде рұқсат құжаттарын ресімдеу үдерісін оңайлатуды көздейді.
Палата отырысында сенаторлар «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады.
Сенат төрағасы атап өткендей, бұл құжат екі ел азаматтарының көші-қоны саласында қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар қарастырады. Хаттамада егер тараптар азаматтарының екі елде болу кезеңі шекараны кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын болса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңайлатылған тәртібі қарастырылған. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында болуының өзара мерзімін уақытша тіркеусіз 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.
«Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Елдеріміз қол қойған Мәңгілік достық туралы және Одақтастық туралы шарттар – соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған хаттама екі ел азаматтарына өзара сапар кезінде қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар орнатуды көздейді. Жалпы, мақұлданған заң тату көршiлiк қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының бір-бірінің аумағында кедергісіз болуына жағдай жасаудың маңызы зор. Өйткені бұл – бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. «Экономикалық, әлеуметтік, басқа да саладағы байланыстарды арттырудың бірден-бір кепілі – адамдардың өзара сапарына қолайлы мүмкіндік жасау. Екі ел азаматтары бір-бірінің аумағында кедергісіз 30 күн болса, мұндай қадам сауда-экономикалық және басқа да қарым-қатынастарды дамытуға тікелей әсер ететіні анық», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат спикері бұл келісім толығымен Қазақстанның саясатымен сәйкес келетінін айтты. Сондықтан құжат нормаларына дұрыс көзқарас қалыптастырған жөн. М.Әшімбаев келісімнің екі мемлекетке не беретініне көбірек көңіл бөлудің және қазіргідей күрделі кезеңде сыртқы қарым-қатынастарды жан-жақты дамытудың маңызы зор екеніне назар аударды.
Өтілалым мен алғашқы тіркеу
Палата отырысы кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Бекбол Орынбасаров өтілалым мен кедендік төлемдер мөлшерін және импорттық автокөліктерді тіркегені үшін төленетін соманы төмендетуді ұсынды. Сенатор шетелдік көліктердің қазіргі бағасы отандастарымыздың көпшілігі үшін тым жоғары екенін айтты.
Сенатордың сөзінше, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автокөліктерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады. Депутаттар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жіберген болатын, алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылған жоқ. Салдарынан қарапайым азаматтарға «автокөлік сатып алу» деңгейіне қол жеткізу төмендеп барады.
Сенатор жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы халықты жаңа автокөліктермен қамтамасыз ету мақсатына жете алмағанын, ал жаңа және сапалы автокөліктерге қол жеткізудің қиындығы көлікті есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне себеп болғанын атап өтті. Сенатор азаматтардан түскен шағымдарды талдау негізінде Үкімет басшысына кәдеге жарату алымын төмендетуді, кедендік баж бен автокөлікті тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.
«Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына үш жылдан аспаған автокөліктер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазіргі уақытта автокөліктердің көпшілігі, әсіресе Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар, өйткені автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынамын. Аталған ұсыныстар Қазақстан азаматтарына сапалы және қолжетімді автокөліктер алуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Б.Орынбасаров.
Жастар ел тарихын білмейді
Сенатор Сәкен Арубаев жастардың ел тарихын жақсы білмейтініне, қазақ тілі өзінің бірегейлігінен айырылып бара жатқанына және қасиетті домбыра харам дейтін үгіттің бар екеніне наразы болды. Сондықтан депутат ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
Сенатордың пікірінше, қазіргі отандастарымыз тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан батырлар мен тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар. Себебі тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта нәтижелі мемлекеттік бағдарлама мен кешенді даму жоспары қабылданбаған.
«Біздің ата-бабадан қалған, мұра мен мирас болған ұлттық құндылықтарымыз білім, намыс, таным, тәрбиемен ұрпаққа дарыған. Өкінішке қарай, қоғамдық санаға тірек болар осындай қастерлі қасиеттер Батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету ашық көрініске ие болып бара жатыр. Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ ұлттық тарихымыздың діңгегіне айналған батырлар мен арыстарының есімдерін мақтанышпен айтудан, өмір жолдарын білуден тыс қалғандай. Жастар «Абай кім?», «Қабанбай кім?», «Ақан кім?», «Қаныш кім?» деген сауалға «әкім, министр, атақты спортшы» деп жауап берді», деді сенатор.
Ол осы саладағы жағдайды жақсартуға, ұлттық сананы бекемдеуге және отандастарымыздың рухани құндылықтарды сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныс айтты. «Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысы жанынан ұлттық құндылықтар бойынша жұмысты жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет. Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар, ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен азаматтық қоғам белсенділерін тарту керек. Шетелдерден келетін туристерге қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілдегі түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек», деді сенатор.
Балалар үйіндегі педагогтердің жалақысы төмен
Сенатор Нурия Ниязова депутаттық сауалында балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. Депутаттың айтуынша, жетім балаларға арналған мамандандырылған үйлерде жұмыс істейтін педагогтер түрлі сырқаты бар балалар тәрбиесімен және білім берумен айналысады. Мамандандырылған педагогикалық білімі бар олар өздерінің кәсіби дағдыларын сақтау және дамыту үшін тиісті біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Алайда олар білім саласы мұғалімдерінің жалақысын көтеруді реттейтін қазіргі кездегі Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ ерте жастағы балалар тәрбиесі және дамыту функциясын орындайтын денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтер туралы да ештеңе жазылмаған.
Сенатор осыдан бір жыл бұрын осы тақырыпқа ұқсас депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Ол онда мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімі кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған болатын. Олар – логопедтер, психологтер, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, Монтессори мұғалімдері, музыка жетекшілері сияқты еңбеккерлер. Үкімет ол кезде осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген еді. Алайда бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы көтерілген жоқ.
«Ол тақырып бойынша біздің бұрынғы депутаттық сауалға 2023 жылғы 25 мамырда жауап келді. Алайда балаларымыздың дамуында әлеуметтену үшін қосымша білім беруде шешуші рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалып отыр.
Сондай-ақ ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру мәселесін «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат керек», деді Н.Ниязова.
Сонымен бірге отырыста Жанболат Жөргенбаев сенаторлардың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бұған дейін жолдаған депутаттық сауалдарына Үкімет тиісті деңгейде жауап бермегенін алға тартты. Ол агробизнестің қалыптасуы мен дамуының барлық аспектісін қамтитын кешенді бағдарлама дайындау қажет екеніне тоқталды.
Ал Андрей Лукин Үкіметтің назарын заңсыз алтын өндіру және сату мәселесіне аударды. Депутат қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды, шахталарды талшықты-оптикалық арналармен жабдықтауды және басқа да қауіпсіздік шараларын қолға алып, нысандарды бақылауды күшейту керектігін айтты.