• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2024

Жан жылуы

83 рет
көрсетілді

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағындағы айтып келген апаттың алапат ызғары бет қаратпай тұр. Осындай шақта жанашыр жандардың қамқорлығын көріп, сезіне білу де ертеңге деген сенімді еселей түседі екен.

Қыс бойы мол жауған қар күрт еріп, өңірдегі өзен-көл арнасынан асардай болып қар суына мелтектеп тұр. Етек-жеңін жинамаған елді мекендерге қызыл су кіріп, қарбалас шақ туды. Ел елегізіген шақта қайырымды жандардың қамқорлығы қысылған жандардың қолтығынан демейтін періште пейіл іспетті. Облыс орталығындағы Достық үйінде жанашырлық көмекті жинайтын орын ашылды. Жер-жердегі жайсыз хабардан құлақтанып жатқан қала тұрғындары жылы киімдер мен таза төсек орындарын, қажетті азық-түліктерін әкеліп, тапсырып жатыр.

– Ешкім қолқалап сұраған жоқ. Шыдап отыра алмадық. Қолы­мыздан көп нәрсе келмесе де, қара өртке су шашқан қарлы­ғаштай демеу болайық дегеніміз ғой. Бірлігі бекем елдің ертеңі нұрлы, – дейді қала тұрғыны Есенбай Ахметов.

Жүрек жылуының хош иісі аңқып тұрған жиналған заттар табиғат апатынан зардап шеккендерге пышақ үстінде үлестіріліп жатыр. Алдымен облыс орталығындағы Элеватор ауданының тұрғындарына қалалық бейімдеу орталығында орналасқан ел көмегі жиналған жерден жылы киімдер, азық-түлік таратылып жатыр. Алғашқы екі күннің ішінде 1,6 млн теңге қаражат, әрқилы заттар жиналып, қарғын судың кесірінен зардап шеккен 33 отбасына көмек көрсетілді. Шаруашылық тауарлары мен күнделікті өте қажетті керек-жарақтар жаңа иелерін тапты. Зардап шеккендер мен күні-түні бел шешпей жұмыс істеп жатқан құтқару қызметінің адамдарына арнап тігілген шатырлы қалашықта ұзын-ырғасы 800 мың теңге болатын азық-түлік пен ыстық тамақ берілді. Қайырымды жүректердің лүпілін сездіретін қыруар іс әлі де жалғаса бермек.

 

Көкшетау