Бір жұтым ауызсуға зар болып отырған Үлгі аулының тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Үміт отын тұтатқан жоба аяқсыз қалып, қыруар қаржы құмға сіңген судай зым-зия.
2022 жылы ауыл тұрғындары шелектеп су тасудан пышақ кескендей құтылатын шығармыз деп ойлаған еді. Ауыл ақсақалы Амангелді Тілеубаевтың айтуына қарағанда, су құбырын тапжылмай тосқалы аттай отыз жыл өткен. Сонау 90-жылдары ауылға су құбырын тартпақшы болып алғашқы ұмтылыс жасалған. Әйтсе де, сол кезеңдегі белгілі себептерге байланысты ауыл тұрғындары үшін баға жетпес бастама аяқсыз қалған. Бір қарағанда, шет жайлап, шалғайда күн көріп жатқан шағын елді мекен емес, аудан орталығынан небәрі жеті шақырым жердегі, етек-жеңі кең пішілген іргелі ауыл. Әрі сулы-нулы жерде орналасқан. Су құбырынан күдер үзген көпшілік ұңғыма қазып ала бастаған. Бұл мал сүмесімен ғана күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін қолжетімді қарекет емес. Өте қымбатқа түседі. Сусыз отыру тағы да мүмкін емес. Әбден қысылғаннан кейін қарызданып, қауғаланып, кей тұста бірлесіп ұңғыма қазып, тығырықтан жарым-жартылай шығып отырған жайлары бар. Ішуге жарамды тұщы су тым тереңде де емес, сәтін салса 20-30 метр тереңдіктен мөлт-мөлт етіп шығары бар. Қаражаты жоқтар «басқа салды, біз көндік» дегендей, басқа лажы таусылғандықтан, табылған жерден су тасып, әупірімдеп күнелтіп жатыр. Онда да қайрат қылар адамы болса. Қарға адым жер мұң болып отырған, қолғанаты жоқ қарияларға тіпті қиын. Несие алып, несібесін сыздықтатып жұтып отырғандар да бар.
«Айтуға ұят тіпті. Өзге елді мекендердің шекесі шылқып, таза суға қарық болып отырғанда Үлгі аулының тұрғындары ат жегіп, атан жалдап, шелекпен су тасып жүрміз. Қыста желді, дауылды күндері электр қуаты үзіліп қалса, ол да жоқ. Тіршілік нәрі ас-суға ғана қажет емес, күнделікті тұрмысқа да керек қой. Отбасында су таситын адам болса, жақсы. Адам да, мал да қаталап, тілін тістеп тұрғанда қынжыласың-ай. Біздің бұл мәселемізді аудан басшылары жақсы біледі. Ілуде бір есеп беру жиналысында мәселенің мәнісін түсіндіріп, бөлінген қаржы, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс туралы майын тамызып айтып бергенде, сусының қанып қалғандай болады. Ал біз ауыл тұрғындары сол жақсылықты көре алмай отырмыз», дейді ауыл тұрғыны Айымхан Біржан.
2022 жылдың жазында су құбыры тартыла бастаған. Алғашқы бетте бұл тараптағы жұмыс біршама қарқынды жүргізілгенге ұқсайды. Су құбырын тартуға байланысты тендер өткізілген. Жобаның құны – 547 млн теңге. Ашық конкурста жұмысты астаналық «Дәнекер» ЖШС ұтқан. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінің басшысы Бахтияр Мұстафинның айтуына қарағанда, мердігер ұйым тереңдігі 70 метрлік екі ұңғыма қазып, құбыр орнатқан. Көшенің жартысын орлап, кей тұсына құбыр төсеген. Әйтсе де тамыз айында бар жұмыс кілт тоқтап қалған. Арада біраз уақыт өткен соң құбыр тартушылар біржола кеткен. Күзге дейін тыныштық орнаған. Ал қазылған ор сол қалпында қалыпты. Қотандағы мал абайсызда орға құлап, мертігу оқиғалары да орын ала бастаған. Ауыл тұрғындары мәселенің мәнісіне көз жеткізе алмай дал. Өз беттерінше құбыр төселетін орды жауып тастауға тағы болмайды. Мал тұрмақ екі автокөлік те иесіз қалған орға құлаған. Ақыр аяғында көпшіліктің өкпе-назына құлақ асқан селолық округтің әкімі Рысжан Әбжанова трактор жалдап, қазылған орды жауып тастаған. Елдің амандығы үшін. Тілсіз мал аяқ астындағы орға түспей қоя ма?
Су құбырының жұмысы неге тоқтап қалды? Індете іздесек, мәселенің өрістеуі былайша өрбігенге саяды. 2022 жылы «Дәнекер» серіктестігі жосықсыз мердігер ретінде танылған. Өңірде бірнеше нысанды салуға және жөндеуге жарияланған тендерлерді ұтқан компанияның жұмысы нәтижесіз аяқталған. Осы арада қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, берекесіз компанияның тендерлерді қалай ұтты екен деген сауал туындайды. Демек заңға өзгеріс енгізу қажет шығар. Тығырықтан шығар жалғыз жол – сотқа жүгіну. Ол қаншама уақыт алады? Бөлінген қаржы игерілмейді, құрылыс материалдары қымбаттап кетеді. Ең бастысы, жарылқар деген жақсылықтан дәметіп отырған ауыл тұрғындарының қисапсыз өкпе-назы туындайды.
«Дәнекер» серіктестігінің жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізілгенін 2022 жылдың соңында ғана білдік. Құрылыс жұмысы басталғанда облыстық бюджеттен қаражат бөлінген еді. Оған қарамастан, жұмысшылар іске кірісіп кетті. Республикалық бюджеттен қаражат түскеннен кейін 100 млн теңге көлемінде қаржы аудардық. Бұл қаражат ешбір жұмысқа жұмсалған жоқ. Міне, сол кезде аудандық әкімдік тиісті органдарға қызметтік жазба жолдады», дейді Бахтияр Мұстафин.
2023 жылдың тамыз айында иесіз қалған құрылыс алаңына аудит жүргізілген. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қыруар кемшіліктің беті ашылған. Олқылықтың құны – 75 млн теңге. Белгіленген тәртіп бойынша мердігер бар кемшілікті өздері түзетуге тиісті. Селолық округтің әкімі Рысжан Әбжанованың айтуына қарағанда, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жосықсыз шаруадан зәрезап болған ауыл тұрғындары, оның ішінде белсенді қауым құрылыс жұмысының барысын қадағалауға көшкен. Әдетте, бар жұмысқа техникалық бақылау мамандары қадағалау жүргізеді емес пе? Атқарылған шаруаның мінсіз болуы сол мамандардың қырағылығына байланысты.
2023 жылдың қаңтар айында «Дәнекер» серіктестігімен келісімшарт бұзылған. Ендігі жұмысты астаналық «Байсын-А» құрылыс компаниясы ұтқан. Келісім жасалып, облыстық бюджеттен 56 млн теңге қаражат аударылған. Қалған 296,7 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінбек. Әрине, алдыңғы серіктестіктің сапасыз атқарған шаруасы түзетілуге тиісті. Ең өкініштісі, қаншама қымбат уақыт зая кетті, қыруар қаржы жұмсалды. Екінші мердігер жұмысына кірісуі үшін алдыңғысының атқарған бар шаруасы екшеліп, жіпке тізгендей анықталуы керек. Үш жылдың ішінде құбыр тартуға қажетті материалдар біршама қымбаттап кетті. Жоба басталғанда межеленген қаражат жетпейтіні белгілі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуына қарағанда, «Дәнекер» серіктестігімен екі арада сот үдерісі өткен жылы аяқталған. Ендігі үміт – жаңа мердігерде.
Ауыл тұрғындарын мұндай мәселелер қызықтыра қоймайды. Оларға күнделікті ішетін таза су керек. Сол ақжарылқап күн қашан туар екен?
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы