Астана қаласындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде 1 сәуірден бастап иппотерапиямен емдеуге кезек алу онлайн платформада жүзеге асырыла бастады. Бұдан былай ата-аналар балаларын иппотерапия еміне әкелуде уақытын үнемдеп, цифрландыру бағдарламасының игілігін көрмек.
Иппотерапия емін алушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бас қаланың өзінде 7 мыңнан аса ерекше бала тіркеуде тұр. Олардың ішінде мыңға жуық баланың диагнозына сай иппотерапиямен емдеу қажет. Цифрландыру бағдарламасын іске қосу арқылы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мамандары иппотерапия емін алатын жандарға көрсетілер қызметті нығайтпақ. Азаматтар алдымен арнайы платформаға ерекше баланың жеке дерегін енгізіп, өтінішін жолдайды. Орталық қызметкерлері үш күн ішінде жауап қайтарады.
Кешенде жуас, мініске бейімделген 20-ға жуық ат бар. Әр келген баланы 20 минут сейілге шығарып иппотерапевт-реабилитолог мамандар тікелей қадағалап, жаттығу жүргізеді. Иппотерапиялық ем ат үстінде жүзеге асатындықтан алдымен сақтық талаптары қатаң сақталады. Церебралды сал ауруы, аутизм, тірек-қимыл аппараты зақымданған, бас-ми жарақатын алған жандарға арналған ем-домды жүргізуде иппотерапевт-реабилитолог мамандардың еңбегі ерен. Әр баланың айналасында екі-үштен бақылау жасап бірге жүреді.
Елімізде 2019 жылы ерекше жандарға лайықталып ат спортынан иппотерапия бірыңғай жүйесі әзірленді. Неврологиялық, өзге де ақаулығы бар балалар мен ересектердің еміне шипа дарыту бағытында жүзеге асырылып келеді.
Иппотерапия емін алушылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніне аптасына екі мәрте қатынайды. Астана қаласының тұрғыны Кәмила Райымқұлова ұлының басына жасалған операциядан кейін аяғы жансызданып сал болып қалғанын, ем-дом алуда иппотерапияның көп пайдасы тигенін айтты.
«Біз Астана қаласындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан естіп білдік. Әмірге бірден ұнады. Шипасы да дарып жатыр. Ат үстінде баланың құрысқан дене мүшесі түгел қозғалады, тартылып жансызданған бұлшық еттері де икемге келеді. Алғашында аттан қорқып жуымай қоя ма деп күмәнданып едім, керісінше, иппотерапевт-реабилитолог дәрігерлердің бағыттауымен тез бейімделіп алды. Жол-көлік апатынан кейін баламыздың жансызданған аяғы да икемге келіп, жер басып жүретін болды. Тұрақты келіп ем алып жүргенімізге алты айдан асты, нәтижесі көңіл қуантарлық. Ат үстіндегі серуен науқастың физикалық әлеуетін арттырып қана қоймайды, моральдық тұрғыдан да қанаттандырады. Миына жасалған операциядан соң аяғы жансызданып жүре алмай қалған ұлымды иппотерапия емі қадам баса алатын дәрежеге жеткізді. Әрине, басқа да кешенді ем алудың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Мұнда көбінесе тірек-қимыл аппараты зақымданған, тумысынан сал аурумен сырқаттанатын балалар келеді. Оларды реабилитолог мамандар атқа мінгізіп серуендетіп, түрлі жаттығу жасату арқылы ширатады. Әмір арнайы тіркеуде тұрғандықтан дәрігерлердің де үнемі бақылауында. Иппотерапия емін алғалы оң нәтиже болғанына ақ желеңділер де таңданып отыр. Мұнда да бас реабилитолог Айгүл Хайроллақызы өзі де үнемі тексеріп, қадағалайды. Балам жиі келгенді, атқа ұзақ уақыт мінгенді қалайды. Тіпті кейде тізгінді де өз қолына алғысы келетінін айтады, бірақ мамандардың қатаң бақылауында болғандықтан, еркімен жүруіне әзірге рұқсат жоқ. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің мамандары келешекте жаттығудың уақытын ұлғайтса, тамаша болар еді», дейді К.Райымқұлова.
Орталықтағы мамандар иппотерапияға мінілетін аттарды арнайы әзірлеп, алдымен жуасытып, мінез-құлқын бақылайды. Ерекше балалар мінетіндіктен үрікпейтін, ерсі мінез танытпайтын жуас болуы қатаң талап етіледі. Жемшөбін береді, күнделікті жаттығуға дайындайды.
«Иппотерапия емін алуға келген ерекше балаларды бірден атқа мінгізбейміз. Білікті реабилитолог дәрігер маман арнайы тексеруден өткізеді, медициналық диагнозын да саралайды», деді орталықтың иппотерапия емі бойынша нұсқаушысы Әмина Есина.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніндегі мініс аттарының өзіндік стандарты болады. Тым шоқтықты, есік пен төрдей аса ірі болмауы керек, арқалы арғымақ та иппотерапияға қолайлы емес. Ерекше балалардың тірек-қимыл аппаратын нығайтуға септесетін иппотерапия емін алушыларға арналған мініс аттары жаттығуға үйренген.
Анималотерапияның игілікті арнасы саналатын иппотерапия – жылқы жануарынан бөлінетін биоөрісті науқастың еміне дарытуға бағыттайтын дәнекер сала. Ежелгі Эллада елінде Гиппократ меланхолия ауруын атқа мініп емдеуден асқан дауасы жоқ деп байлам салғанын тәпсірлейді ғалымдар. Туғанына биыл 103 жыл толған даниялық спортшы Лис Хартельдің сал ауруын иппотерапиямен еңсеріп, кәсіби спортта екі Олимпиаданың күміс медалін жеңген ерлігі аңыздай айтылады. 23 жасында полиомиелит (жұлынның сал ауруы) кеселіне шалдығып, төсекке таңылған Хартельді аяққа тұрғызған да ат үстінде алған емі еді. 1952 жылы Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен жазғы Олимпия ойындарында дат қызы Лис Хартель ат спортынан күміс медаль иеленді. Осы ерлігін араға төрт жыл салып тағы қайталап, 1956 жылы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Демек ерекше балалардың алдында да ешқандай кедергі жоқ. Тағдырдың талқысында пешенесіне жазылған сынаққа сынбайтын рухы биік жандар атқа мініп емделіп жүр. Олар үшін жансыз аяғын иппотерапия арқасында апыл-табыл басып, құрысқан қолын жазып, астындағы атын өзі тізгіндеуі де ерлікке пара-пар іс.