Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылына төнген тасқын судың қаупі әлі толық сейілген жоқ. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ойыл өзеніндегі су деңгейі үш күнде 4 метр 80 см-ге жеткен. 1 сәуірде өзендегі су деңгейі 98 см-ге төмендеді. Бұған Ақтөбе өңіріндегі күннің жылынуы мен жауын-шашын әсер еткен.
Ал Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, 31 наурызда Ойыл өзені арнасынан асып, тасқын судың Миялы ауылына кіру қаупі төнген еді. Сол себептен ауданда төтенше жағдай жарияланды. Өйткені ауылдың іргесіне тірелген су деңгейі 1 метр 20 см-ге жетті. Жолындағының бәрін тып-типыл ететін топан судан құтқару қажет болды. Сөйтіп, Миялы ауылының тұрғындарын ішінара эвакуациялау басталды. Санаулы сағатта аналар мен балалар, науқастар мен мүгедектер санатындағы 600-ге жуық тұрғын екі мектеп пен бір балабақшаға орналастырылды.
Ойыл өзеніндегі судың арнасынан асуына байланысты округтерге қайықпен қатынау тоқтатылды. «Миялы-Сағыз» бағытындағы жолды су басып, көлік қатынасына шектеу қойылды.
«Миялы ауылының іргесіндегі бөгетті көтеру, бекіту, қапшыққа құм толтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған мекемелерден – 275, полиция бөлімінен – 48, төтенше жағдайлар бөлімінен – 35 қызметкер, 3 мыңнан аса ерікті жұмылдырылды», деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өңірдегі кәсіпорындардың техникасын Миялы ауылына көмекке жіберді. Нақтылай айтқанда, «Нұркапитал» ЖШМ-нан – 1 бульдозер, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» және «Темірстройсервис» ЖШС-дан – 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор, «Нұркапстройгаз» ЖШС-дан 1 жүк тиегіш техника тартылды.
Жергілікті 15 кәсіпкер ауылды тасқын судан қорғап жүрген жігіттерді ыстық тағаммен қамтуды қолға алды. Кәсіпкерлер бір күнде 1 500 адамдық ыстық тағам мен сусын дайындады.
«Тасқын судың қаупі төнгенде ауылдың үлкені мен жасы қолға күрек алып, мекенімізді қорғауға жұмыла кірісті. Біз оларды және барлық техникамен көмектескен «АИС» ЖШС-ның жұмысшыларын ыстық тағаммен қамтуды ұйғардық», дейді жергілікті кәсіпкерлер палатасының басшысы Алтынзер Баймұратова.
Ыстық және өзге де тағамдар «Бақыт» мейрамханасында әзірленді. Мұнда үздіксіз жұмыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.
«Халқымыздың бірлігі мен берекесі осындай сәтте көрінеді. Ер-азаматтар күні-түні ауылды судан қорғау үшін ауызбіршілік танытты. Мен де өзімнің киім сататын дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек табиғи апаттан аман шықсақ екен», дейді Гүлзира Елеуғалиқызы.
Миялы ауылының Бәйсеу бөлігінде тұратын Серік Ожаевтың отбасы да жанашырлық іске бел шеше кірісті. Бұл отбасының мүшелері бөгет тұрғызып, қапшыққа құм толтырып жатқандарды тамақтандырды.
Қызылқоға ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда 557 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 407 шаруашылық Ойыл өзенінің бойында орналасқан.
«Шаруа қожалықтарының иелеріне Ойыл өзеніндегі судың көтерілуінен төнер қауіп туралы алдын ала ескертілді. Өзендегі судың күнделікті деңгейі мен тасқынның екпіні ұдайы хабарланды. Осындай ескертудің нәтижесінде Жамбыл, Жангелдин, Ойыл, Тайсойған округтерінде тіркелген 7 шаруа қожалығының 14 адамы мен төрт түлігі қауіпсіз аумаққа көшірілді. Төрт түліктің ішінде 2 209 қой-ешкі, 448 мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе бар», деп мәлімдеді аудандық әкімдіктен.
Бір ауылды ғана емес, елді қиындықтан осындай ауызбіршілік құтқарары даусыз.
Атырау облысы