«Қазгидрометтің» соңғы мәліметіне қарағанда, 1-5 сәуір аралығында ауаның жылымық жағдайында қар аралас жаңбыр жауады. Бұл қалған қардың тез еруіне соқтырып, қарғын судың ағынын арттырып жібереді.
Қазір көп үйлердің аулаларында әлі де қар үйінділері, мұздақтар жатыр. Жылымық жаңбыр соның бәрін жылдам ерітеді, ал топырақтың бойында ылғалдың көп болуынан су жерге сіңе алмайды. Сондықтан жертөлелерге су толып, үйлерге су кіруі мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан аулаларын қар мен мұздақтардан жедел тазартуды талап етіп жатыр. Ауланың ішіндегі, сыртындағы суағарларды, арықтарды тазартып, судың жолын ашу керек. Қызылжар қаласының ылдидағы аудандарындағы жекеменшік үйлерге әлден су кіріп жатыр. Қалалық әкімдік пен ТЖ қызметкерлерінің техникалары шақырған үйлердің бәріне барып, қарғын суды помпалармен далаға айдап жатыр. Қаланың 109 бен 112 құтқару қызметі нөмірлерінде осы күндері тыным жоқ.
Облыстың оңтүстік аймақтарында да бұл күндері тыныш емес. Тайынша ауданының аумағынан өтетін Шағалалы өзенінің суы көтеріліп, Тайынша қаласының шеткергі аудандарына қауіп төндіріп тұр. Ең шеткі «Күншығыс» көшесінің шамамен 60 түтін болатын тұрғындары мен малдарын қаланың ортасына эвакуациялау шаралары ұйымдастырылып, №5 мектеп пен агробизнес колледжінің жатақханалары босатылып жатыр. Тұрғындарды тасуға 4 техника сапта тұр, ал малдарды орталыққа қарай айдау үшін жастар атқа қонған.
Жалпы, Шағалалы өзенінің осы маңдағы 6 шақырымдық жағалауына инертті материалдардан биіктігі бір метр су бөген тұрғызылған. Қосымша 600 қап инертті материалдар дайын тұр.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тікұшақпен Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау және Тимирязев аудандарының қауіпті аймақтарын аралап шықты. Бұл аймақтарда қардың еруі әлі күрт емес, тек күн қыздырған аймақтардың жұқа қарлары ғана кетіп жатыр. Алайда өзендердің қаупі зор.
«Бұл аудандарда шағын өзендердегі сеңнің тіресіп, тұрып қалуынан су тасуы мүмкін. Әсіресе Ақжар, Тайынша және Уәлиханов аудандарындағы қауіп зор. Астана мен Ақмола су қоймаларынан бұл аймақтарға тасқын су келеді. Қазір бұл аудандарда барлық құтқару күштері сапқа қойылды. Техникалар дайын. Ағысты тежемеу үшін өзендердегі қалың мұздар жарылды. Эвакуациялық бекеттер іске қосылды. Инертті материалдар толтырылған қаптар мен ЖЖМ және жүзетін құралдарды дайындап қойдық. Барлық жағдайды жеке өзімнің бақылауыма алдым», деп облыс әкімі Теlegram-дағы парақшасында жазды.
Дайындық қанша жақсы болғанымен автожолдардың үстіне су шығып кеткен аймақтар бар. Бұл жағдай, әсіресе, Уәлиханов ауданында көбірек болып тұр. Тайынша ауданында да республикалық жолдардың екі жерінен су өтіп кетті. «Көкшетау-Омбы» республикалық трассасының 85-213 шақырым аралығы су жүріп кеткендіктен жабылды. Уәлиханов және Ақжар аудандарында да екі облыстық маңыздағы жолдар су қаупінен уақытша жабылды.
ТЖД баспасөзбен байланыс қызметінің өкілі Евгений Журавлевтің айтуына қарағанда, қарғын суға қарсы шаралар күндіз-түні жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін барлық елді мекендерден 1,9 млн текше метр қар далаға тасылды. 2 460 суағар құбырлары мен 242 арықтар тазаланған. Су сіңу үшін 1 064 гектар жердің қары сырылып, жер қарайтылған. Жыл басынан бері инертті материалдар толтырылған 28 мың қап дайындалған. Бұл жұмыстар Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишим, Рузаев, Чистополь, Бірлік, Тахтаброд ауылдарында жіті жүргізілген, өйткені бұл жақтарда су басу қаупі зор.
Ақжар ауданындағы Қарасу өзенінің Қулыкөл ауылының түбінде кептеліс болмас үшін мұздар арнаулы жарылғыш заттармен жарылған. Жарылған мұздың жалпы көлемі – 800 шаршы метр. Бұған 100 кг жарылғыш заттар пайдаланылған. Осындай жұмыстар Шарық, Ақан Бұрлық және Есіл өзендерінде де жүргізілген еді. Сонымен қатар бүгінге дейін елді мекендердің аулаларынан 25 мың текше метр су айдалған.
Солтүстік Қазақстан облысы