Мәдениет және спорт министрлігі халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша құрама командаларының мүшелеріне берілетін ақшалай сыйақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, ең көп ақшалай сыйлықты олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері алады. Алтын жүлдегер атанған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына әрқайсысына 250 000 доллардан беріледі, күміс жүлде үшін 150 000 доллардан, қола үшін 75 000 доллардан беріледі.
Әлемдік рекорд орнатқан кез келген қазақстандық спортшыға мемлекеттен ақшалай сыйақы беріледі. Рекорд орнатқан спортшы мен оның жаттықтырушысы 5000 доллар көлемінде сыйақы алады.
Айта кетейік, халықаралық олимпиада комитеті спортшыларға ақшалай сыйлық төлемейді. Қатысушы елдер ғана өз спортшыларын марапаттайды. Ал Қазақстан спортшыларына ең көп сыйақы (алтынға 250 000 доллар) беретін елдер тізімінде.
Сыйақы бойынша рейтингтің көшбасшысы - Сингапур, бұл елде чемпионға миллион долларлық чек беріледі. Алайда, бұл ақшаға салық салынады, қаржының бір бөлігі спортты дамытуға және кейінгі жаттығу шығындарын жабуға жұмсалады.
Ұлыбританияда, Швецияда, Хорватияда, Норвегияда және әлемнің басқа да бірқатар елдерінде олимпиада жеңімпаздарына ештеңе төленбейді. АҚШ-та олимпиада чемпионы 37,5 мың доллар алса, Ресейде 54,5 мың доллар алады. Ал Нигерия мен Сенегал үкіметтері жүлделі спортшыларына сиыр сыйға тартады.