• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 03 Сәуір, 2024

Халықаралық терроризмнен төнетін қауіп күшейіп келеді – Президент

150 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитіне дайындық жүріп жатқанын айтып, аталған шараның еліміз үшін мәні зор екеніне назар аударды.

Президент ШЫҰ кеңістігіндегі ұжымдық қауіпсіздіктің рөлі артып келе жатқанын ескере отырып, ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесулері айрықша өзекті екенін атап өтті.

– Өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс орын алды. Жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқан. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттерінің жаһандық циклы белең алып келе жатыр деп санайды. Осы ретте халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, таяуда көптеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеу облысындағы қайғылы оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетті.

– Қазақстан лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын бірден мәлімдеді және Ресеймен бірге екенін білдірді. Екі елдің арнаулы қызметтері терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұдайы байланыста. Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті бүкіл әлем, соның ішінде бүгін өздеріңіз өкілі ретінде келіп отырған елдер де қатаң айыптады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кінәлілердің бәрін жауапқа тарту қажет екенін, сондай-ақ терроризммен күрес мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы кезінде өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылғанын еске салды.

– Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Өз кезегінде, біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. «Үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек. Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы 2024-2029 жылдарға арналған стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды.

– ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің Ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, Ауғанстан аумағы халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауы үшін бұл елдегі ахуалға ерекше назар аударған жөн. Қазақстан Президенті аталған елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыру маңызды деп санайды.

– Таяу Шығыстағы қақтығыс та қауіпсіздікке нұқсан келтіретін елеулі факторға айналып отыр. Оның қайғылы салдары бейбіт халыққа ауыр тиді. Аймақтағы тұрақтылыққа орасан зор зиян келді. Қақтығыс одан әрі ушығып кетпеуі үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жалпы, халықаралық жағдай шиеленісіп тұр деп айтуға болады. Дүниежүзі халқының тең жартысының атынан әрекет ететін біздің Ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ашық саяси-дипломатиялық диалогті, өзінің жаһандық және өңірлік серіктестерімен конструктивті қарым-қатынас жасауды қолдайтынын мәлімдеді.

– Біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатын ұстанамыз. Ол өзара түсіністік пен сенім шараларына негізделген. Мұндай тәсіл ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттің негізі болуға тиіс. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық. Қазақстан тарапы осы аса маңызды құжаттың жобасын талқылау барысында аталған мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстармен және лаңкестік әрекеттердің белең алуымен қатар, климат дағдарысы, азық-түлік, су, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында сын-қатерлер байқалатынына назар аударды.

– ШЫҰ заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет. Бұл бағытта белсенді әрі мейлінше нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бастапқы кезеңде Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру процесі басталды. Ұйымның әлеуетін өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде пайдалану керек. Бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады. Сіздер ұлттық қауіпсіздіктің әртүрлі бағытына жетекшілік етесіздер. Қазір сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресу үшін біртұтас әрі біріккен жұмыс тәсілі өте маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне бұрын да, қазір де баса назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ұйымның күн тәртібі бірегей саналады. Онда экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық саясат, мәдениет, гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастық және басқа да көптеген мәселе қамтылған.

– Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, кездесуге қатысушылардың ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «шанхай рухын» күшейту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Жиында Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Сяохун Ван, Үндістан Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довал, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметінің Ұлттық қауіпсіздік бөлімшесінің хатшысы Вакар Ахмад, Иран Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Али Акбар Ахмадиан Бабаки; бақылаушы мемлекеттердің өкілдері: Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Бямбажаргал Алтангэрэл, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович сөз сөйледі.