• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2024

Мәулен Әшімбаев: Өмірбек Байгелдіұлы – ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен тұлға

206 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өмірбек Байгелдінің өмірден өтуіне байланысты әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелді өмірден өтті. Осыған орай ағамыздың отбасына арнайы барып, жары Мәнсия апайға және жақындарына көңіл айтып шықтық.

Өмірбек Байгелдіұлы – егемен еліміздің еңсе тіктеп, ірге бекітуіне зор еңбек сіңірген тұлға. Азаттық алған кезеңде өзі туған Жамбыл облысының алғашқы әкімі болып, өңірдің дамуы жолында айқын қолтаңбасын қалдырды.

1995 жылы Сенат депутаты ретінде сайланып, тәуелсіз Қазақстан тарихында Парламент Сенатының алғашқы төрағасы болды. Осылайша, ұлттық парламентаризмнің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Өмірбек Байгелдіұлы бұдан бөлек тағы үш шақырылымда сенатор болып, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Қызметтен кейін де Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде Палата жұмысына, жалпы ел өміріне белсенді араласып келді. Ағамыздың ғибратты ғұмыры қашанда көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болып қала береді. Оның жарқын бейнесі әрдайым біздің жадымызда сақталады», делінген жазбада.

Еске салайық, бұған дейін біз Сенаттың алғашқы төрағасы өмірден өткенін хабарлаған едік. Президент аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдіұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.