Жақында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек аулында 180 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, тұрғындар қуанышын еселеді. Бұл күнді шелектік тұрғындардың асыға күткені анық.
Алыстан менмұндалайтын жаңа кешен грек-рим күресінен әлем чемпионы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімімен аталады. Екі жыл бұрын құрылысы басталған нысанға 2 534,8 млрд теңге жұмсалған.
Еңселі етіп салынған ғимараттың ойын, жаттығу залдарында бокс, еркін күрес, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, футзал, гандбол секілді спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Нысанның жалпы аумағы – 5 477,4 шаршы метр. Мұнда Шелек аулының тұрғындары ғана емес, көршілес ауылдардан спортқа қызығушылық танытқан балалардың да жаттығуына мүмкіндік бар. Күніне жүздеген жасөспірім мен жастар жоғарыда аталған үйірмелерге қатысып, шеберліктерін шыңдайды.
Айтулы мерекеде кешен облыс тарихындағы аса маңызды оқиға екені аталды. Бұл қадам ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді.
– Сіздерді бірнеше залы мен футбол алаңы бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ғимарат тек осы Шелек аулында ғана емес, ауданда спорттың дамуына жаңа серпін береді. Себебі оның негізінде Еңбекшіқазақ ауданының №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылып отыр. Мұндай қадам ауданның ішінде спорттық бәсекені арттырумен қатар, шын мықтылардың іріктелуіне мүмкіндік туғызады деп ойлаймын, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар өңір басшысы кешенге Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің есімінің берілуі ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
– Жаңа спорт ғимаратын қолданысқа беру арқылы жас буынның, әсіресе ауыл жастарының спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасалып жатыр. Бұл бағытта басты көңіл ауылдық жерлерге бөлінеді, – деді М.Сұлтанғазиев.
Осы орайда өңірде бой көтеріп, пайдалануға берілген 1 800-ден аса спорттық ғимараттың жартысынан көбі ауылдарға тиесілі екенін атап өткен жөн. Еліміздің даңқын аспандатар жас жеткіншектерге есігін айқара ашқан спорт кешенінде әлі талай республикалық, облыстық байрақты бәсекелердің жалауы желбірейді.
Сондай-ақ осы күні өңір басшысы ауданның «Тұлпар» ЖШС-ның жүргізушілеріне 10 жаңа автобустың кілтін салтанатты түрде табыстады. Ендігі кезекте Шелек аулы мен маңайдағы елді мекендерге су жаңа қоғамдық көліктер қатынайды. Автобустарда жолаушылармен бірге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Әкімнің айтуынша, бұл қоғамдық көліктердегі жолаушылар мен тасымалдаушылардың мәдениеттін қалыптастыруға ықпал етпек. Салоны кең әрі жайлы автобустар бір мезетте 30 адамды тасымалдай алады. Жаңа автобустар жылдамдық шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталады.
Алматы облысы