Қарғын су шайып, үй-жай, мал-мүлкінен қасқағым сәтте айырылған ағайындарға көмек қолын созуға өңір азаматтары белсене кірісіп кетті. «Amanat» партиясының мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда көш басынан көрініп, 1 мыңнан аса аяқкиім жөнелтті.
«Бірнеше өңірді су алып жатқаны баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Еліміз үшін, халқымыз үшін қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Зардап шеккен аймақтардағы әріптестерімізбен хабарласып, қандай қажетті құрал-жабдықтар керек екенін сұрап, білген едік. Олардың бірінші сұранысы – резеңке аяқкиім болды. Себебі азық-түлік, гигиеналық заттар жеткілікті болғанмен, лайға, суға киетін резеңке аяқкиімдер тапшы көрінеді. Осыны ескере отырып, «Күшіміз – бірлікте» акциясы аясында партияластар мен депутаттық фракция мүшелері 1 мыңнан аса резеңке етік сатып алып, алғашқы көмек легін жіберді. Бастамаға барлық аудан мен қаладағы партияластарымыз толықтай атсалысты. Бұл іс-шара одан әрі де жалғасын табады», дейді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.
Айта кету керек, табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлер мен облыс тұрғындары үшін «Алатау жастары» КММ облыстық волонтерлік штабы сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында өңір тұрғындары халыққа қажетті заттарды алып келіп, Қонаев қаласындағы Центральная көшесіндегі 19-үйде орналасқан қабылдау пунктіне өткізе алатыны да хабарланды.
Алматы облысы