Өңірдегі қарғын су қауіп тудырған аймақтарда 700-ге жуық полиция қызметкері тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр.
Облыс орталығын қақ жарып ағатын Қылшақты өзені алғаш тасығанда көргенбіз. Теміржол және автобекеттерден шығатын жолаушылар ағыны жалғыз көпір арқылы өтіп, қалаға кіреді. Сол күні көлік нөпірі көп екен. Көпір үстінде полиция қызметкерлері асыққан, ашулы жолаушыларды сабырға шақырып, тар жерден кідіріссіз өтуін қамтамасыз етіп жатты. Жан ұшырып жүріп істеген ісіне қарап разы болдық. Сөйтсек, полиция қызметкерлері жалғыз Көкшетау қаласында ғана емес өңірдегі су тасқыны болуы мүмкін қауіпті жерлерді де қадағалауға алыпты. Қадағалау ғана емес, қол ұшын беру, көмектесу, жанашырлық жасау. Қауіп төнгенде елгезектік танытып, уақытпен санаспай қызмет еткендеріне разы болыстық. Автобекет маңындағы тұрғын үйлер мен балабақша, аурухана қарғын су астында қалғанда алдымен жетіп, көмек көрсетті. Бұл істе патрульдік полиция батальонының жеке құрамы мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылды. Полицияның аға лейтенанты Әділхан Мұрат таңсәріден осында екен. Теміржол бекеті аумағында орналасқан стационарлық полиция қосынына ауыса отырып, әріптестерімен бірге қауіпті учаскедегі жол қозғалысын реттеуде. Жүргізушілер де уақытша қолайсыздықты түсініп, тәртіп сақшыларының заңды талаптарын мүлтіксіз орындап жатыр.
Облыста полиция қызметкерлері күшейтілген режімдегі жұмысқа көшкен. Департамент басшылығының тапсырмасына орай қауіпті жерлерге қосымша бекеттер мен патрульдік жасақтар орналастырылған. Жұмыс та жеңіл емес. Өңірдегі республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдардың бойында су орып кету қаупі бар жүзге жуық жер бар екен. Мұндай жерлердің барлығы – полиция бақылауында. Қазіргі таңда қауіпті учаскелерде 700-ге жуық полиция жұмыс істеп жатыр. Олар жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалап қана қоймай, көліктердің кідіріссіз өтуін қамтамасыз етуде. Егер жағдай күрделеніп кетсе, қосымша бекеттер мен тың күш тартылмақ. Жергілікті атқарушы органдарға да қолдан келгенінше көмек көрсетіп жатыр. Мұндайда ең бастысы – адам өміріне қауіп тудырмау. Қызыл су шайып кеткен жерлерде автопатрульдер тәулік бойы кірпік айқастырмай кезекшілік атқарып жатыр.
Көкшетаудағы полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, халық қалаулыларымен және еріктілермен бірлесе отырып, қызыл судың кесірінен ауылдан қарға адым жер аттап шыға алмай қалған адамдарға зәру заттары мен азық-түлік жеткізіп жатыр. Таяуда ғана Қызылжұлдыз ауылы табиғат тақсыретін тартып, байланыс үзіліп қалды. Міне, осы кезде Көкшетау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Жанат Шәріпов, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов бастаған топ ауыл тұрғындарына азық-түлік жеткізді. Медициналық көмекке мұқтаж адамдарға да көмек көрсетілді. Қысылған шақта қол ұшын берген жанашыр жандарға жалпақ жұрттың айтар алғысы мол.
Көкшетау