Елімізде осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 56,5 мың тонна құс еті өндіріліпті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Алдын ала мәліметтер бойынша, былтыр 329 мың тонна құс еті өндірілген.
AITAS холдингі талдау орталығының зерттеуіне сәйкес, қаңтар-ақпан айларында Ақмола облысында ең көп құс еті өндірілді – 14,3 мың тонна, оның 13,9 мың тоннасы – тауық еті Макинск құс фабрикасының өніміне тиесілі. Көшбасшылар үштігіне Алматы облысы (18,5 мың тонна) және Шығыс Қазақстан облысы (Өскемен құс фабрикасы өндіретін 10,3 мың тонна құс еті) кіреді.
Тауық етінің ең көп тұтынылуы Алматы қаласы мен Түркістан, Алматы облыстарында, ең азы Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Ең қымбат тауық еті Маңғыстау облысында және Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Ақтөбе, Алматы және Абай облысында тауық еті ең төменгі бағада сатылады. Сарапшылардың пікірінше, құс етінің максималды құны минимум құнынан 41%-ға асып түседі.
«2024 жылдың қаңтар және ақпан айларында Қазақстанда еттің көтерме сауда бағасы төмендеу үрдісін көрсетті. Негізгі факторлардың бірі – елдегі тауық еті өндірісінің ұлғаюы және жем компоненттері бағасының төмендеуі. Бағаларға қосымша қысым Ресейден импорттың өсуі болды, онда бройлер тауықтары етінің бағасы төмендеуі байқалды», деп атап өтті Ақпараттық-талдау бөлімінің маманы Айжан Толықбекова.
Бөлшек сауда бағасы қаңтар мен ақпанда шамалы өсуді көрсеткен. Сарапшылардың пікірінше, сауда желілері мен бөлшек сауда дүкендері етті көтерме сауда бағасымен сатып ала отырып, түпкілікті тұтынушыларға үстеме бағамен сатуды жалғастырып жатыр. Ал импорттық өнімдер елімізге негізінен Ресейден (4,7 мың тоннадан астам), Украинадан (9 мың тонна), Беларусь елінен (224 тонна) жеткізіледі. Ал отандық тауық еті Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. 2024 жылдың қаңтарында еліміз 3,7 мың тонна құс етін экспорттады. Сарапшылардың пікірінше, осы жылдың қаңтар айындағы экспорттық жеткізілімдер былтырғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 2,2 есе артық.
AITAS холдингінің талдау орталығы мамандарының айтуынша, саудадағы қиындықтар, соның ішінде Ресейдің АҚШ-тан құс етінің транзитіне ықтимал тыйым салуы және Ресейдегі азық-түлік бағасының күтілетін өсуі импорт шығындарын арттырады және біздегі бағаға қосымша қысым жасайды. Елімізде 2024-2025 жылдарға инфляцияның болжамды деңгейі өмір сүру құны мен өндірістік шығындардың жалпы өсуі аясында бағаның өсуін болжайды. Жиынтығында бұл факторлар жақын арада ішкі нарықта тауық етінің құнын арттыру үшін алғышарттар қалыптастырады.