Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған палата депутаттары елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастар мәселесі әңгіме өзегіне айналды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы бұл сапардың маңыздылығын, Қазақстан-Қытай әріптестігіндегі басымдықтарды жүзеге асыруда екіжақты және көпжақты парламенттік үнқатысудың ерекшеліктерін атап көрсетті. “Сенат біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға жан-жақты жәрдемдесуге әзір”, – деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы екіжақты қарым-қатынастардың өрістеу сипатын атай келіп, оның табысты дамуы екі мемлекет басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның күш-жігері арқасында мүмкін болғанын тілге тиек етті. Қазір әлемде Қытайдың рөлі жоғары бағалануда және Қазақстан мен ҚХР-дың халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастығы “жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуде зор маңызға ие”.
ҚХР Төрағасы өз кезегінде екіжақты қатынастардың барысына терең қанағаттанатындығын білдіре келіп, Қазақстан мен Қытайдың тату көршілік қарым-қатынастар орнатып, жақсы дос және сенімді әріптестер болып табылатындығын ерекше атады. Қазіргі уақыттың көкейкесті мәселелері бойынша өзара қолдаудың маңыздылығына тоқталып өткен Қытай басшысы екі ел арасындағы саяси сенімнің күшейе түсуі қажеттігіне назар аудартты.
“Әріптестік қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік көп, деді осы орайда Ху Цзиньтао. Көп жылдар бойы Қазақстан Парламенті мен Қытайдың Халық Өкілдерінің Бүкілқытай Жиналысы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететін және екі ел халықтары арасындағы достықты нығайтуға қызмет ететін тығыз байланыстарды қолдап келеді”.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған парламентшілер мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао арасындағы кездесу достық рәуіште өтті. Жоғары мәртебелі мейман өзі тарапынан Сенат Төрағасы мен палата депутаттарын қолайлы уақытта ҚХР-ға сапарлап келуге шақырды.
БАЙЛАНЫСТАРДЫ ТЕРЕҢДЕТУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан парламентшілерімен кездесу үшін сенбі күні Парламент Мәжілісіне арнайы келді. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесті.
Қытай мемлекетінің басшысын қарсы алған Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманның Қазақстанға келген осы сапарында уақыт тауып, депутаттармен арнайы кездесуге келгені үшін ризашылығын білдірді. Ху Цзиньтао өз кезегінде Қазақстан мен Қытай өте жақын көршілер екенін, тарихи және мәдени байланыстары тереңде жатқанын тілге тиек етті. Дипломатиялық байланыс орнатылған он сегіз жылдан бергі кезеңде екі ел арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстар өркендеу үстінде. Мәртебелі мейман Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесу барысында екі елді дамытуға байланысты пікір алмасылғанын жеткізді. Алдағы уақытта ынтымақтастық байланыстың жаңа мүмкіндіктері ашылатынына сенім білдірді. Мәжіліс Төрағасына Қытай парламентшілерінің сәлемін жеткізе келіп, өз еліне сапарлап келуге шақырды.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы көрші елмен қарым-қатынасты тереңдету мемлекеттің басым бағыттарының бірі екендігін ерекше атады. “Осы орайда парламентаралық байланыстың мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Қос мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулері екі елдің қарым-қатынасына жаңа серпіліс береді деп сенемін”, – деді Орал Байғонысұлы.
Кездесуге Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары Жәнібек Кәрібжанов пен Владимир Бобров, палатаның салалық комитеттерінің төрағалары Әмзебек Жолшыбеков, Гүлжан Қарағұсова, Ромин Мәдинов және басқа да адамдар қатысты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙЛІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Маусымның 12-сі күні Астанада Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бастаған делегацияның арасында кездесу өтті. “Меніңше, бүгін Сіздің Елбасымен, Парламент палаталары басшыларымен, сондай-ақ қазіргі Қазақстан Үкіметімен өтіп жатқан кездесуіңіз екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға өзіндік үлес қосатыны сөзсіз”, деді Кәрім Мәсімов.
Үкімет басшысы Шанхай жерінде өткен бүкіләлемдік “Экспо-2010” көрмесінде Қазақстан делегациясына көрсетілген қошеметі үшін алғысын білдірді.
“Менің ойымша, шанхайлық бүкіләлемдік “Экспо-2010” көрмесі барша әлемге бүгінде қол жеткізген Қытай Халық Республикасының дамуы деңгейін тағы бір көрсетіп өтті”,–деді Премьер-Министр.
Өз сөзінде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында жоғары деңгейлі қарым-қатынас қалыптасып отырғандығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанға сапарының табысты өткеніне ризашылығын білдірді, деп хабарлады “ҚазАқпарат”.