• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Сәуір, 2024

Астанада жүкті әйелге күрделі операция жасалды

192 рет
көрсетілді

Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері жүкті әйелді жарылу қаупі бар аневризмадан құтқарды. Бұл туралы Egemen.kz «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жүктіліктің 20-аптасында нейрохирургиялық ота жасау бойынша шұғыл түрде шешім қабылдау қажет болды. Қуаныштысы, ота сәтті өтті, кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтер жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екенін айтты», деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана филиалы.

24 жастағы Алматы қаласының тұрғынын осы жылдың ақпан айынан бас ауруы мазалай бастаған. Бір айдан кейін тіпті көру қабілеті нашарлап, оң қабағының төмен түскенін байқайды. Сөйтіп, ол медициналық көмек алу үшін офтальмолог пен неврологқа жүгінген.

Бас ауруы күшейе бастаған соң мидың МРТ өту ұсынылды. МРТ-да мидың оң жағындағы артқы артериясының үлкен аневризмасы анықталды, көлемі ұлғайғандықтан жанындағы жүйке құрылымдарын қысып, кез келген уақытта жарылып кету қаупін тудырды. Бұл реттегі жағдайдың күрделілігі, жүктіліктің 20-аптасында нейрохирургиялық ота жасау бойынша шұғыл түрде шешім қабылдау қажет болды.

Алматы және Астана қалалары нейрохирургтерінің бірлескен талқылауынан кейін санитариялық авиация желісі бойынша пациент одан әрі жедел емдеу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді.

Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызған кезде науқасты Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының анестезиологтері мен акушер-гинекологтері де тексеруге дайын болды. Хирургиялық араласу мен аталған аурудың қауіптілігіне қарамастан ота жасау және жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылданды.

Қуаныштысы, ота сәтті өтті, кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтер жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екендігін айтуда. Науқасты емдеуге анестезиолог-реаниматологтер мен акушер-гинекологтер де белсенді қатысты.                   

Отадан кейін, науқасқа қосымша зерттеулер жүргізген акушер-гинекологтер қайта қарап, тексеруден өткізді. Жатырдағы шарана мен жүктілік барысында ешқандай патологиялар анықталған жоқ. Қазір болашақ ананың денсаулығы жақсы және үйіне шығуға дайындалып жатыр.

Ми тамырларының аневризмасына ота жасау мамандардың жоғары біліктілігін және заманауи медициналық жабдықты қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі болып саналады. Отаны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов пен нейрохирург дәрігер Нұртай Нұрақай жүргізді.

Ота науқасқа тегін, яғни МӘМС аясында квота арқылы жасалды. Ал мұндай отаның құны шетел азаматтары үшін ақылы негізде шамамен 5 млн теңге болар еді.

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері мұндай күрделі жағдайлар кезінде, қазіргі таңда ананы немесе баланы, қайсысының өмірін сақтап қалу керек деген сұрақ туындамайтынын атап өтті. Нейрохирургия мен анестезиологиядағы заманауи мүмкіндіктер ана мен баланың екеуінің өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Атап өтейік, бұл Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері ота жасап, жүктілік кезінде пациенттердің өмірін сақтап қалған бірінші жағдай емес.