• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Сәуір, 2024

БҚО: сібір жарасынан қауіп жоқ

95 рет
көрсетілді

«Батыс Қазақстан облысында сібір жарасына шалдыққан жануарлар көмілген жерлер тасқын су астында қалып, айналаға қатерлі дерт таралу қаупі туды» деген ақпарат тараған еді. Осы оқиғаға орай тиісті мекеме басшылары түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысындағы су басқан өңірлерде 13 емес, 3 көмінді су астында қалғаны рас. Бірақ сібір жарасының ауру қоздырғыштары еріген сумен таралады деген сөз шындыққа жанаспайды. Өйткені көмінділердің барлығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай: бетондалған және қоршалған. Қоршаған ортаға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Абзал Бірәлиев.

Осы мекеменің бөлім басшысы Нұрқайыр Құсайыновтың айтуынша, су басқан мұндай орындарды арнайы мамандар барып тексереді, жабынды бүлінгені байқалса, қайта қалпына келтіріледі. Бұл орындардың айналасындағы елді мекендердің малы қазірдің өзінде сібір жарасына қарсы егіліп жатыр.

Биылғы су тасқыны кезінде де мыңдаған мал шығынға ұшырады. Облыста алдын-ала мәлімет бойынша су тасқыны салдарынан 219 бас ірі қара, 1 552 қой-ешкі, 54 жылқы, 97 шошқа және 119 үй құсы өлген. Аудандарда құрылған арнайы комиссиялар мал шығынын әлі есептеп жатыр. Себебі кейбір елді мекендер әлі суда тұр, кейбіріне жол қатынасы үзілген.

Қазір мамандар су тасқынынан өлген малды ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша жоюға кірісті. Жағдай бақылауда.

Облыс аумағында бірқатар елді мекенді су басуы салдарынан 2 351 бас ірі қара, 2 482 қой-ешкі, 52 бас жылқы және 1 түйе қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Батыс Қазақстан облысы