Солтүстіктегі ең үлкен өзен Есілдің суын бөгейтін – Сергеев және Петропавл су қоймалары. Сенбі күнгі хабарға қарағанда, Сергеев су қоймасы өзінің жобалық қуатынан 55 пайызға асып, үстінен су жүріп кетті. Судың ең жоғары биіктігі жоба бойынша 800 см болса, қазір ол 1 090 см-ге жеткен.
Бұған дейін 2017 жылы су қоймасынан өткен су 338 см биіктікке көтерілген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Оның тауқыметі зор болып еді. 4 мыңнан аса адам үйлерінен қашуға мәжбүр болған. 380-дей тұрғын үй мен 5 мыңдай саяжайлар судың астында қалған. Осы тасқыннан кейін облыс және республика басшылығы Астана мен Петропавлдың арасына Бұзылық су қоймасын салу керек, бұл 1,5 млрд текше метр суды бөгеп, Сергеев су қоймасының қатерін азайтады деген еді. Алайда сол сөз жүзінде қалды.
Биылғы биіктік әзірге 290 см-ге жетті. Бірақ су әлі де көбейіп жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл судың көтерілуі 2017 жылғы рекордтық көрсеткіштен де асып кетер деген қауіп бар. Жобалық су сақтау көлемі – 693 млн текше метрге Сергеев су қоймасы 4 сәуірде жеткен. Қазіргі судың бәрі артық, оның үстіне секунд сайын 15,8 текше метр су құйылып жатыр.
Тентек өзендердегі су да көтеріліп барады. Мысалы, сенбі күні Бабықбұрлық өзені Гусаковка аулының төңірегінде – 10 см, Ақанбұрлық Ковыльное аулының түбінде – 36 см, Шарық Рузаевка селосының түбінде – 18 см, Иманбұрлық Соколовка селосының түбінде 41 см-ге дейін көтерілген. Есілдің өзі Тоқсан би аулының түбінде 9 см-ге дейін көтеріліп, жалпы биіктігі 1 412 см-ге жетті. Сергеевка қаласының түбінде Есілдің деңгейі 116 см-ге дейін көтеріліп, жалпы деңгейі 1 027 см болды.
Тайынша ауданына жұмыс сапармен барғанында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынмен күрес жұмыстарын тексерді. Ол Тайынша қаласы, Теңдік, Донецкое, Летовочное ауылдарында болып, қалыптасқан жағдаймен жіті танысты. Құтқарушылармен, еріктілермен кездесіп, жауапты кезең кезіндегі жанқиярлық ауыр еңбегі үшін алғысын білдірді. «Адамдардың қауіпсіздігі мен олардың мүліктерін сақтау – барлық жауапты мемлекеттік органның басты міндеті», деп атап көрсетті өңір басшысы.
Мұның алдында су тасқынына қарсы уақтылы шаралар қабылдамағаны үшін Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановқа қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту жасалған.
Қазір ТЖД қызметкерлері ғана емес, солтүстіктің барлық әкім-қарасы да ат үстінде. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығы мен қала төңірегіндегі су жиналатын дамбалардың беріктігін тексерді. Аяққа етік, үстеріне жеңіл киімдер киген әкім-қаралар Ущев көшесі, Тері зауыты төңірегінде және Тепличный мен Прибрежное ауылдарының тұсындағы дамбалардың беріктігін өз көзімен көріп, су шайып кетуі мүмкін тұстарын инертті материалдар толтырылған қаптармен бекіткізіп, биіктетіп, күні бойы аралады. «Тасқынның тауқыметі әлі алда, сондықтан дамбалардың беріктігін арттыра беру керек. Тиісті қызметтер тұрғындармен байланысты үзбесін, қиыншылық жағдай туып кетсе, эвакуациялық пункттердің дайын екенін үнемі жеткізіп отырсын», деп жазды Ғауез Торсанұлы өзінің Телеграмда.
150-ден аса волонтер іші инертті материалдармен толтырылған қаптарды Тепличное аулындағы бөгетке тасып, үйіп жатыр. Жастар ресурстық орталығының басшысы Дәмир Әбдин де осы жерде жұмыс істеп жатқан жастардың уақтылы тынығуын бақылауда. Жалпы, облыс бойынша мыңнан аса жас пен егде жастағы адамдар еріктілер қатарында тасқынға қарсы күресіп жатыр.
Сонымен қатар облыс басшысы тұрақтандыру қорының запасын анықтағанын жеткізді. Қазір онда әлеуметтік маңызы бар 9 мың тонна азық-түлік сақталған. Бұл облыс тұрғындарына 5 айға жетеді деп шақталған. «Су басқан өңірлерге тапшы болып қалса, азық-түлік көліктермен жеткізіледі. Бұған қоса бағаның шұғыл өсіп кетпеуін бақылауға аламыз», деді әкім.
Қазір үстінен су өтіп кеткен тасжолдар да жабылып жатыр. 5 сәуірде облыстық маңызы бар «Рощинское – Корнеевка – Волошинка» тасжолының 20-39 шақырым аралығында 5 жерін су шайып кеткендіктен жабылды. Соның ішінде 21-22 шақырым аралығында 500 шаршы метрді, 26 шақырымда 150 шаршы метрді, 34 шақырымда 300 шаршы метрді, 35 шақырымда 200 шаршы метрді, 39 шақырымда 200 шаршы метрді су шайып, жолды шұқыр тесік қылып кетті. Қазір жолды жөндеуге 10 ТЖД және жергілікті қызметкерлер 8 бірлік техникамен кіріскен.
Төтенше жағдайлар да жоқ емес. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл аулының құтқарушыларына 35 шақырым жердегі Шанғал аулының түбінде үстінен су жүріп кеткен жолда келе жатқан машинаның моторы өшіп қалып, жолаушылар қиын жағдайда қалғаны туралы суыт хабар түсті. Құтқарушылар дереу жетіп, қатты толқынмен жол шетіндегі жыраға түсіп кеткен азаматтарды құтқарып, көліктерді де жолдың жиегіне алып шықты.
Сенбі күні облыс әкімі Аққайың, Тайынша аудандарының су басу қаупі жоғары ауылдарын аралады. Соның ішінде Аққайың ауданындағы Рублевка аулында қорғаныс бөгеттерінің берік екенін көріп, үйлерге су жетпейтініне көз жеткізді. Тайынша ауданындағы Доброжановка аулындағы жағдай да осындай екен.
Қазір ТЖД мен жергілікті атқару органдарының құтқарушылар қызметіне бизнес өкілдері де өз көмектерін көрсетіп жатыр. Уәлиханов ауданындағы Қаратал аулына баратын су шайған жолды қалпына келтіруде жергілікті бизнес өкілдерінің көмегі көп болды. Олар адам күшімен қатар техникаларды да іске қосты. Елді мекендердің су кірген үйлерінен 57 мың текше метр су сорғызылды. 13 мың шақырымның арықтары аршылып, судың жолы ашылды. 5 мыңнан аса инертті материалдар толтырылған қаптар бөгеттерге үйілді, тағы 3 мыңдайы запаста тұр.
Бірақ тасқын да толастар емес. Кеше автожолдарды тесіп, 28 жерден су өтіп кеткені белгілі болды. Тайынша ауданындағы Красная поляна аулында 6 үйге су кіріп кетті. Суда қалған адамдар мен қолдағы мал құтқарылды. Қазір аса қауіпті деген Тайынша, Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарында жергілікті ТЖД мен атқару органдарының адамдарынан басқа Түркістан облысынан келген 114 құтқарушы жұмыс істеп жатыр.
Іркіліп қалған қарғын судың ағысын ашу үшін кейбір жолдарды құтқарушылардың өздері де тесіп жатыр. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосына іркілген су бармас үшін республикалық маңызы бар «Петропавл-Жезқазған» тасжолы тесіліп, суға ағыс жасалды. Қазір жол уақытша Новоишимка кентінің ішімен өтетін болды.
Солтүстік Қазақстан облысы