Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Қаратөбе ауданында су тасқынынан зардап шеккен Аққозы аулы тұрғындарымен арнайы кездескен еді. Сол тарихи кездесудің келесі күні аққозылықтарға алыстағы Алматы мен Тараз қалаларынан үш «ГАЗел» жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Қайырымдылық керуенін бір аптадан бері өңірде жүрген Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бастап барып, тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға табыс етті.
Байқағанымыз, Президентпен кездесуден кейін ауыл тұрғындарының көңіліндегі алаң сейіліп, қуанышты күйде жүр екен. «Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қолұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады», деген еді Мемлекет басшысы.
– Қадірлі ағайын, ел басына туған осынау қиын күндері бүкіл халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла әрекет жасап жатыр. Мен бүгін сіздерге Алматы және Тараз қалаларында тұратын Мәлік Масанов, Харсан Хиймамов, Айша Люширқызы, Нұржан Өтепов, Рүстем Машанло сынды кәсіпкерлер жіберген қайырымдылық көмекті табыс еткелі тұрмын. Осының өзі біздің бірлігімізді айқындап, ауызбірлігімізді көрсетіп тұр. Бұл көрген қиындық та ұмытылады. Мемлекет басшысының өзі келіп, барлық көмек көрсетілетінін айтты. Біздің қазіргі міндетіміз – тас-түйін жұмылып, Президенттің жанынан табылу, қиындықты бірге еңсеру, – деді А.Құспан.
Бір қызығы, осы гуманитарлық көмек әуелі Ақтөбе қаласына әкелінген екен. Жүктің бір бөлігін Ақтөбеден Қаратөбеге жеткізу қажет болған кезде ақтөбелік газелшілердің уатсап тобына хабарландыру жарияланған.
– «Қаратөбеге дейін үш көлік жүк жеткізу керек, ақысы төленеді», деген хабар келді. Сұрастырсақ, тасқыннан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек екен. Бірден ақысыз-пұлсыз өзіміз жеткізіп береміз деген шешімге келдік. Сөйтіп, әріптестерім Сәтбек Романұлы, Азамат Темірәлин үшеуміз өз көлігімізбен, жанармайын өзіміз құйып, алып келіп отырмыз, – дейді Аралбек Сейпілұлы.
Аралбек өзі осы Қаратөбе ауданының Үшана аулында туып-өскен, 2002 жылдан бері Ақтөбеде тұрады екен.
– Президент дәл біздің ауылға келіп, бізбен жолыққанына ерекше қуандық. Мемлекет басшысы барлық уайымымызды сейілтіп, жұбатып кетті. Сонымен қатар осы күндері Қаратөбе ауданы басшылары, жерлестеріміз ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен көп көмек жетіп жатыр. Соның бәріне алғысымыз шексіз. Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңызға Алла мың сауап жазсын, халық атынан ризашылығымызды білдіреміз, – дейді аққозылық Айдана Садридинова.
Дәл сол күні Аққозы аулы тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсеткен тағы бір топ азаматтардың игі ісіне куә болдық. «Туған аулымыз суға кетті», деген суық хабарды естіген кезде, Аққозы аулында туып-өскен, бірақ тағдырдың жазуымен әр тарапта жүрген ауылдастар уатсап желісінде бас қосып, ортақ есепшот ашқан екен. Осылайша, бір аптаның ішінде мыңнан аса адамнан 22 млн теңге қаражат жиналған.
– Біз ауылдастарымызбен күнде хабарласып, күнделікті керек-жарағын Оралдан жеткізіп отырдық. Бүгін ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, осы табиғат апатынан ең көп зардап шеккен 70 отбасына 310 мың теңгеден табыс еттік, – дейді осы акцияны ұйымдастырушы, оралдық кәсіпкер Жандос Айталиев.
Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллиннің айтуынша, аудан орталығындағы эвакуациялық бекетте жатқан аққозылықтарға арналған гуманитарлық көмек еліміздің әр түкпірінен де келіп жатыр екен. Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ақтөре Мейіржанұлы бастаған еріктілер арнайы келіп, тіпті ауыл тұрғындарына арнап екі қазан палау басып беріпті.
Айта кетейік, тасқын судан қазір Батыс Қазақстан облысының 6 ауданы қатты зардап шегіп жатыр. Олардың бәріне де жоғарыдағыдай көмек көрсетілді. Облыстық орталық мешіт жанынан «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылды. Мешіт жамағатынан жиналған қаржыға аудандарға азық-түлік, киім-кешек жіберіліп жатыр. Ал этномәдени бірлестіктердің күшімен су басқан ауылдарға 29 млн теңгенің жәрдемі жөнелтілген. «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры және «Ұлттық волонтерлік желі ұйымының» қолдауымен «БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» жастары және еріктілер судан зардап шеккен Ақжайық ауданына да гуманитарлық көмек жолдады.
– Біздің жастардың, еріктілердің күшімен осы кезге дейін 250 тоннадан аса қайырымдылық көмек жиналып, зардап шеккендерге жөнелтілді. Еріктілер келген заттарды іріктеп, қораптау ісіне де атсалысып жатыр. «Biz birgemiz» қорынан 100 қайық, 50 мотосорғы жетті. Жергілікті кәсіпкерлер де барынша көмектесіп, ең алдымен не керек екенін сұрап, қолдау көрсетіп жатыр. Қазір Орал қаласында халықтан қайырымдылық көмек қабылдайтын 4 бекет ашылды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянсының президенті Аслан Тапишев.
Батыс Қазақстан облысы