Осы аптада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компаниялар тобы басшыларының қатысуымен төтенше жағдайда жедел әрекет ету штабының жиналысын өткізді. Жиын барысында су тасқынына қатысты ахуал мен табиғи апат салдарын жоюға бағытталған шаралар талқыланды.
Қор табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлерге – 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді, деп атап өтті Нұрлан Жақыпов. Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром», ҚТЖ, «QazaqGaz», «KEGOC», «Қазақтелеком», «Air Astana», «Самұрық-Энерго» көмек көрсетіп жатыр. Қаражат қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы бағытталады.
«Қазіргідей қиын жағдайда қызметкерлердің қауіпсіздігін, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – портфельдік компаниялардың алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Сын сағатта күшімізді біріктіріп, төтенше жағдайға қарсы күресу жұмыстарын жандандыруымыз керек. Осы бағыттағы тасқын судың алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ зардап шеккен өндірістік нысандардың жұмысын штаттық режімге келтіру шараларын жалғастыру қажет», деді Нұрлан Жақыпов.
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ҚМГ компаниялар тобынан су тасқынына қарсы шараларға 540 қызметкер жұмылдырылған, 160-тан аса техника мен құрал-жабдық, сондай-ақ 80 тонна дизель, 22 тонна бензин бөлінген.
«Қазақстан темір жолы» АҚ-да суға төтеп беретін 45 пойыз құрылды. Тасқын судан зардап шеккен барлық өңірде су айдайтын 47 өрт сөндіру пойызы кезекшілік етіп жатыр», дейді ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ теміржол транспорты азаматтарды эвакуациялауға тартылған. 9 cәуірдегі жағдай бойынша ҚТЖ қаражаты есебінен Атырау облысында 5,5 мыңға жуық азамат тасымалданды.
«QazaqGaz»-да апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 750 адам жұмылдырылған. Су тасқыны зардаптарын жою жұмыстарына 135 бірлік техника бөлініп, су басқан өңірлерде еріктілер тобы құрылды.
«KEGOC» АҚ электр жеткізу желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды ағын судан қорғау шараларын қабылдады, сондай-ақ су басуы ықтимал әуе желілері және электр желілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін бригадалар ұйымдастырылды», деп атап өтті Нәби Айтжанов.
«Қазақтелеком» АҚ-да телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін компанияның техникалық блогі жедел штабтар құрды. Бөлімшелер арасында байланыс орталықтары ұйымдастырылып, апаттық-қалпына келтіру командалары құрылды. Қызметкерлер су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтардың ақауларын тез арада жойып жатыр.
Қор тобының қызметкерлері зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар жинайды, басқа да көмек көрсетеді.
Нұрлан Жақыпов су тасқыны кезіндегі ахуалды тәулігіне бірнеше рет хабарлап отыруды және төтенше жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар апат зардаптарын жоюға қатысқан барлық топ қызметкеріне алғысын білдірді.